Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер еңбегімен сыйлы

Ер еңбегімен сыйлы

Халқымызда «Елу ердің жасы» деген тәмсіл бар. Шындығында, бір ғұмырдың орта жасына келген әрбір саналы азаматты «мен осы жасқа дейін не бітірдім, не істедім, халқымның бір кәдесіне жарай алдым ба?» деген ойлар мазалары хақ. Бұл жағынан келгенде, кәсіпкерлік саласының көшін бастап, жомарттықтың жалауын жоғары ұстап жүрген «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері, «Жыл меценаты» атағының лауреаты, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» Мұрат Абайұлы Сәрсенбаевтың абыройы асқақ, мерей-мәртебесі биік.
Былтыр аудандық газетке редактор болып тағайындалғанымда Мұрат Сәрсенбаевтың «ауданның жаңалығын біздің шаруашылықтың қызметкерлері де оқысын» деген бастамасымен «Абай-Дәулет» серіктестігінің 30 қызметкері аудандық газеттің тұрақты оқырманына айналған болатын. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық болды. Бұрын-соңды аудандық басылымға мүлдем жазылмайтын серіктестік ұжымымен әріптестік байланысымыз осылай басталған...
«Абай-Дәулет» серіктестігінің атқарып жатқан жұмысы халықтың көз алдында. Сондықтан біз де хәл-қадірімізше серіктестік жұмысын насихаттап, еселі еңбекті кеңінен жария етуді жолға қойдық. Мұрат Абайұлының облыстың аудандарында атқарып жатқан жұмысын бүгінгі күнге дейін тұрақты түрде ақпараттандырып келеміз. Жыл қорытындысында еңбегі еленіп, кеудесінде орден, медаль жарқыраған тұста да оқырман қауымнан басылым арқылы сүйінші сұраған болатынбыз. «Мерей» айдарымен ел-халықтың қамы үшін атқарған айшықты істерін жазып, қаламгер ретінде бағаладық. Бұл үшінші жақтан бағамдасақ, дұрыс та еді. Өйткені, уақытылы бағаланбаған еңбек – жаза емес пе?!..
Ауыл – алтын бесік. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті ауылдардан чемпион бұрында шыққан, қазір де шығып жатыр. Спорт саңлақтарының жеңіс туын желбіретуінің астарында мемлекеттік қолдаудың жатқаны белгілі. Мұнан бөлек ауылдағы спортқа бейім жастарды ынталандырмаса, құр жаттыға бергеннің пайдасы шамалы. Бұл ретте Бесарық ауылының жастары бақытты. Оларда барлық мүмкіндік бар. Ауылдағы жаттығу залын Абай атамыздың үш ұлы – Мұрат, Марат, Дәулет ағаларымыз заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен. Соның негізінде көп ауылда жоқ бокс, дзю-до, таэкван-до үйірмелері Бесарықта жыл он екі ай жұмыс жасауда. Елді мекенде серіктестіктің демеушілігімен дзюдодан жыл сайын халықаралық турнир де өтуде. Мақсат – ауыл жастары алаңсыз шынықса, сол арқылы бос уақытын игі іске жұмсаса, сөйтіп ауылдың, ауданның, облыстың, елдің мерейін тасытса деген ізгі ойдан туындағаны анық. Қалайша, сүйсініп, алғыс айтпайсыз...
Жазушылардың дарынын ел-халық әспеттегенде «суреткер жазушы» деп бағалап жатады. Суретке жазушылар оқиғаны көз алдыңызға елестетіп қана қоймайды, сиқырлы сөзбен суреттеп, сол оқиғаның ішінде жүргеніңіздей сезім сыйлайды. Сондықтан жазушылар үшін «суреткер жазушы» дегеннен асқан теңеу жоқ. Сол секілді әр адам өз өмірінің суреткері. Мұрат, Марат Сәрсенбаевтар кәнігі суретші болмаса да, ауыл-аймақтың гүлденіп, әдемі болып тұрғанын қалайтын суреткер. «Қанттай қылып» істеген істеріне көз тойып, көңіл семіреді. Қолтаңбаларын қаладан да, ауданнан да, ауылдан да аңғаруға болады. Сырдария ауданындағы Бесарық ауылының аркасының үйлесімді түстермен әрленгенінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Қармақшыдағы істерге да қарап, қызыға қараймыз... Осы ретте сөзіміз дәлелдірек болу үшін сандарды сөйлетейік.
– Серіктестік Бесарық ауылындағы аялдаманың құрылысына 5 млн 500 мың теңге жұмсады. Ауылдық мәдениет үйін жөндеуге 2 млн 290 мың теңге бағыттаса, ауылдағы балабақшаны жөндеу мен бүлдіршіндерге ұлттық нақыштағы киім алу үшін 2 млн 100 мың теңге бөлді. Ауылдық әкімдік ғимаратының ауласын көгалдандыру мен абаттандыруға және ауылдағы 3 билбордқа көтергіш орнатуға серіктестік тарапынан 6 млн теңге жұмсалыпты. Бұл ауылдың сырт көзге көрікті болып көрінуіне керек. Сондай-ақ «Абай-Дәулет» серіктестігі білім беру саласына, оның ішінде мектеп оқушыларына да тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, ауыл мектебін жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 2 млн 500 мың теңге, ауыл балаларына ағылшын тілі курсын ұйымдастыруға 2 млн 570 мың теңге  бөлінді, – дейді Мұрат Сәрсенбаев.
Айта кету керек, Бесарықтағы берекелі істер ауданның С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылдарында да жүргізілуде. Аталған екі ауылда ағылшын тілі және математика курстарын ұйымдастыруға «Абай-Дәулет» серіктестігі демеушілік көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ С.Сейфуллин ауылындағы шаруашылыққа инвестиция құюының арқасында «С.Сейфуллин-Жер» серіктестігінің техникалық әлеуеті артып, жаңадан «Claas», «John Deere», «Magdon» комбайндары алынған. Техника қоятын жаңа ангар салынып, гаражға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен іс жүзінде қыруар жұмыстар. Атқарылған істің астарында қаншама еңбек, маңдай тер жатыр.
Қайырымдылықты қайырымды жандар ғана жасайды. Қоғамдағы қайырымды азаматтардың көшін де Сәрсенбаевтар бастап тұр. Арыстағы апаттан жұртшылық қиналғанда алып-ұшып көмек қолын созды. Төтенше жағдай кезеңінде ұйымдастырылған қайырымдылық шараларына да белсене атсалысты. Мұның бәрін халық көріп, біліп отыр. Кейде азаматтың азаматтығын да айтуымыз керек. Риза болатынымыз, серіктестік өз қызметкерлеріне де әлеуметтік қолдау жасауды жақсы жолға қойған. Осыдан бірер ай бұрын адал еңбекті ту еткен қарапайым жұмысшы маманның жаңа үйін жиһазға толтырып бергенін көріп, қатты қуандым. Бұл түптеп келгенде, мұсылмандықтың белгісі ғой. Біз білмейтін, біз көрмеген жақсы амалдары қаншама.
– Әлемді алаңдатқан коронавирус індетіне байланысты «Абай-Дәулет» ЖШС мемлекет мүддесі мен ел азаматтарының денсаулығын қорғау үшін және індеттің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды қамтуға мүмкіндігінше үлесін қосуда. Мал шаруашылығы, күріш өсіру мен өңдеу, бағбандық және ара шаруашылығымен айналысатын серіктестік коронавирус инфекциясының залалын азайту және ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында Елбасының бастамасымен құрылған республикалық қорға 1 млн теңге аударды. Сонымен қатар, Сыр өңірінде азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін және індетінің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндірме жадынамаларын әзірлеуге, өңірдегі әлеуметтік мұқтаж жандарға көмектесуге 400 мың теңге қаржылай көмек бердік. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Аталған індетке байланысты Елбасы – Қазақстан Республикасының ТұңғышПрезиденті Нұрсұлтан Назарбаев өз Үндеуінде: «Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адам­дар­дың қаражаты жинақта­латын республикалық қор құ­руды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрын­ғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді» деп сенім білдірген болатын. Міне, осы сенім біздің жұмысымызға серпін берді, – дейді серіктестік басшысы Мұрат Абайұлы.
Кәсіпкерліктен пайда табу қиын әрі күрделі болса, сол пайданы ел-халықтың қажетіне жарату да маңызды. Мұны кәсіптен нәсіп терген адам ғана түсінеді. Сырт көзге есепке жүйрік келетін кәсіп иелері кейде атымай-жомарттығымен де дараланып жатады. Өзіміз ақындыққа, өлең өлкесіне жақын болған соң ақынын ардақтайтын азаматтардың бір ауыз жылы сөзі үшін де өмірбойы сыйлап өтеміз. Айтыстың ақтаңгері, «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов кейінгі жастарға жанашыр, жақсы ағамыз. Бізді өнер деген ұлы ұғым туған аға-іні қылып жіберген. Алдынан кесе өтпейміз, қай сөзіне де тоқтаймыз. Айтыскер-ақын былтыр республикалық ақындар айтысынан І орын иеленіп, Сыр еліне жарқын жетістік сыйлаған тұста ақынды ардақтаған Мұрат, Марат Сәрсенбаев ағаларымыз жеңіл көлік мінгізді. Бұл Мұхтар Ниязовқа ғана емес, өңірдегі барлық ақынға көлік мінгізгендей құрмет еді. Басқасын қайдам, біз солай қабылдадық. Сондай-ақ аймақтағы айтыс ақындарының ғана емес, жазба ақындарының да жанашыр ұстазы Мамыр Байдәулетов ердің жасы елуге толғанда арнайы ат мінгізіп, шапан жапқанда да қуанышымыз қойынға сыймады. Бұл ел азаматтарының руханиятқа жанышырлығы, өнерге құрметі, талантқа тартуы екені анық.
Халқымызда «Ер еңбегімен сыйлы» деген тәмсіл бар. Еңбек ерді төрге оздырады, биікке жетелейді. Еңсесін адал еңбекпен тіктеген жанның абыройы да асқақ болады. Бүгін еңбегімен елге танылған Мұрат, Марат Сәрсенбаевтардың бірқатар игі істері жөнінде жаздық. Лайым, үлкен-кішіге үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан азаматтардың еңбегі жемісті болып, ел-халықтың алғысын арқалап, абырой биігінен көріне берсін.
18 мамыр 2020 ж. 612 0