Абырой биігіндегі азамат
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан сүйінші жаңалықтар жетіп отыр. Қызылордалық Мұрат Сәрсенбаев екі бірдей ерекше марапаттың иесі атанып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен: Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін қызылордалық «Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Абайұлы Сәрсенбаев «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасымен наградталды.
Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мен «Атамекен» ҰКП-ның Мұрат Абайұлын аталмыш наградамен марапаттау туралы ұсынысы Президент Әкімшілігі тарапынан қолдау тапқан болатын.
Мұнан өзге, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырған «Жомарт жүрек» сыйлығының "ЖЫЛ МЕЦЕНАТЫ" номинациясы бойынша Мұрат Абайұлы Сәрсенбаев лауреат атанды.
Мұрат Сәрсенбаев – жасампаз басқарушы, кәсіпқой, өз ісінің мықты маманы. Әрдайым мәселелерді шешуде ерекше амалдарды пайдалана отырып, басшылық және оперативтік құрам күшін шебер бағыттайды. Іскерлік, табандылық, принципшілдік қабілеттерімен ерекшеленеді.
Өзінің ұйымдастыру қабілетімен және осы саланы жақсы меңгерген қарапайым, кішіпейіл, заман талабына сәйкес білікті, білгір басшы ретінде өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Қайырымдылық демеу көрсету аясында «АбайДәулет» ЖШС компаниясымен жыл сайын жетім балаларға, көп балалы отбасыларға, зейнеткерлерге, басқа да мұқтаж жандарға қомақты қаржылық көмек көрсетілуде.
Жалпы, «АбайДәулет» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік пен әлеуметтік саясатты қалыпты жүргізуді бизнесті дамытудың ұзақ перспективадағы негізгі талабы деп қарастырады. Әлеуметті сала мен күріш өңдейтін ауылдарды дамыту компанияның басым бағыттарының бірі болып табылады.
Басшы өз қызметінде ауылдарды, мәдени және әлеуметтік жобаларды, қоғамдық және демеушілік шараларды қолдауға аса мән береді. Әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейіне жету компанияның корпоративтік мәдениетінің бөлігі.
Серіктестіктің негізгі міндеттері – әлеуметтік инфрақұрылымды қайта салу және дамыту, абаттандыру және көркейту, кадрларды дайындау, денсаулық сақтау мен спорт салалары, шағын және орта бизнесті дамыту.
2018 жылы «Абай Даулет» ЖШС-нің негізін қалаушы құрылтайшылардың шешімі бойынша түрлі бағыттардағы жобалар іске асырылған.
Атап айтқанда, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылына абаттандыру, көгалдандыру, аялдама салу шаралары қабылданып, ауылдағы мәдениет үйіне, балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалар үшін ұлттық киімдер, жаңа оқу жылына мектепке құрал-жабдықтар алынды. Мұнан өзге, Сырдария ауданына қарасты Бесарық, Тоқмағанбетов, Сейфуллин ауылдарының балалары үшін ағылшын тілі орталықтары ұйымдастырылып, Ульсана Ұлттық Университетінде студенттер оқытылуда.
Спорт компанияның қайырымдылық бағыттарының бірі болып табылады. Компания тұрақты түрде Қызылорда қаласындағы және Бесарық ауылдық округіндегі спорт үйірмелеріне қаржылай қолдау көрсетіп келеді, және де жыл сайын жаңадан қосымша спорт орталықтарын ашуда. Сырдария ауданы Бесарық ауылында – «Бокс», «Таэквондо», «Дзюдо» секциялары, Қызылорда қаласында – Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясында және №253 орта мектепте «Таэквондо» секциялары ашылды.
Сонымен қатар, компания Қармақшы ауданына қарасты ІІІ-Интернационал ауылына қомақты қаржы салып, ауылды абаттандырды, көгалдандырды, қырман мен көлікжайды жөндеп, жарықтандыру орнатты, балаларға арналған ойын алаңын салып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті.
М.Сәрсенбаевтың басшылығымен және тікелей қатысуымен «Абай Дәулет» ЖШС-гі қалдықсыз өнім өндіру жүйесіне көшті. Бұрын күріш қауызын арнайы құрал болмағандықтан тастауға мәжбүр болған мекеме бүгінде бұл мәселенің де шешімін тапты.
«Абай Дәулет» ЖШС-і Қызылорда қаласындағы 10 жыл бойы қараусыз қалған зауытты күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосқан. Алғашында 7-8 адам жұмыс жасайтын зауыттың жұмысшыларының саны бүгінде 100-ге жеткен.