Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады

Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады

"Балалы үй – базар" дейді халық даналығы. Бала – өмірдің мәні, өмірдің жалғасы. Дүние есігін ашқан сәбидің әрбір қылығы адамға шаттық сыйлап, көңіліңе жылылық ұялатады. "Отбасының қызығы – бала" деп бекер айтылмаса керек.

Тереңөзектік жас жұбайлар отбасын құрғанда Айнұр ері Жәнібектің отбасында алтыншы келін болып жаңа босағаны аттады. Он сегізінде өмірлік қосағына қосылып, отбасылық бақытқа кенелген жұп әу бастан-ақ бала санын шектемеуге сөз байласады. Алланың бергенін көріп, көп балалы болуды армандайды. Екінші анасындай болған енесі Ашухан апа да жас келінді тәрбиелеп, өзі секілді батыр ана болуын тілейді. Ана тілегі қабыл болып, Айнұр өмірге алғашқы перзентін әкеледі.

– Енем он бала туған ана. Жұбайым отбасында жетінші бала. Ол өте балажан, денсаушылығы болмай жатса да балалардың у-шуына қарамайды. Қайта көңілі сергіп, шаршағанымды басамын дейді. Мені туысқандар енеңнің топырағыңнан жаралғансың деп айтады. Алланың берген перзенттерін көп көрмейміз. Әрқайсысының орны бар. Үйде біреуі болмай қалса, іздеп, қашан келеді деп елеңдеп отырамыз. Әр баланың өз несібесі болады. "Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады" деген сөз бар емес пе, – дейді жас ана.

Кенттегі Кеукеновтер әулетінің келіні Айнұр Нағыманова 32 жасында күміс алқалы ана атанды. Жақында ол Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында алтын алқа алып, отбасы қуанышқа кенелді. Балаларының бесеуі мектеп оқушысы. Үлкені Ақжан биыл мектепті бітіріп, жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Ақжан болашақта мұғалім болуды армандайды. Ол үшін ҰБТ-ға тыңғылықты дайындық жүргізуде. Медина да мектептің жоғарғы сыныбында. Аружан, Еркебұлан мен Ұлдана сабақтарын жақсы оқиды. Олар соңдарынан ерген інілеріне Бекмырза және егіздер Нариман мен Рамазанға қамқор болып жүреді. Балалар үнемі ата-аналарын қуантып, үй шаруасына қолғабыс етуден тыңбайды.


– Балалар бір-біріне қамқор. Өздеріне тиесілі жұмыстарын атқарады. Сабақтарына да үлгереді. Үлкендерім қыздар болғанына шүкір. Қолдарынан бәрі келеді. Менің көмекшілерім, – дейді бақытты ана.

Баланың ең бірінші тәрбиешісі ол – ата-анасы. Балаларға жақсы тәрбие беру отбасындағы дәстүрге, ұлттық құндылықтарға байланысты. Отбасындағы ер балалардың тәрбиесі әкенің жауапкершілігінде, ал қыз балалардың әдепті, ибалы болып өсуін анасы қадағалайды. Қыздарының іс тігіп, тағам дайындай білуін, ұқыпты, тазалықты сүюді ана әрдайым қыздарының санасына құйып, үйретіп отырады. Ұлдарына келешекте нағыз ер азамат болып, елін қорғап, адал қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеуге әке барын салуда. Ол ұл-қызына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп айтудан жалыққан емес. Мұның барлығы ұрпағының болашақта бақытты өмір сүруіне апаратын жол деп біледі. "Не ексең, соны орасың" дегендей Жәнібек пен Айнұр отбасында балаларының ұлағатты ұл мен қыз болып өсуіне барынша тырысуда. Себебі отбасында сәби қандай тәрбие көрсе, оның алдағы өмірі сондай болады дегенге сенеді.

Қазір заманның қиындығын айтып, сегіз баланы түгіл, бір баланың қажеттілігін тауып беруге қиналатындар бар. Оның қасында Жәнібек пен Айнұр барға шүкірлік етеді. Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алады. Мұнан басқа көп балалы ана ретінде 74 мың теңге ай сайын беріліп тұр. Балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылған. Айнұр көп балалы ана ретінде құрмет-қошеметке бөленіп, мерекелік кездесулердің құрметті қонағы ретінде іс-шараларға қатысады.

Дегенмен отағасы, балалардың қамқоршысы денсаулығына байланысты қазір уақытша жұмыссыз. Қан қысымы сыр беріп, шаруашылықтың жұмысынан босап тұр. Ал Айнұр балалардың күтімімен демалыста. Негізі аспазшы болып бала бақшада жұмыс істейтін Айнұрдың тәрбиеші мамандығы бар. Оның арманы өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, балаларын өсіп-жетілдіру.

Отанның бір бөлшегі саналатын отбасыға әлемде тең келетін еш нәрсе жоқ. Отбасынан тарайтын керемет жылы сезім мен шуақ Тәңірдің адам баласына берген сыйы. Сондықтан Жәнібек пен Айнұрдың отбасындағы ғажайып көрініс – перзенттерінің шат күлкісі мәңгі орнасын деп тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
14 мамыр 2020 ж. 2 038 0