“ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРІН ҰСТАНАМЫН”

– Ата-анаммен тұрғанда еш алаңдамай, балалық шақтың қуанышына кенелдім. 2006 жылы тұрмысқа шығып, отбасылы болдым. Жұбайыммен бала-шағаның қамымен, үлкендердің батасымен көгеріп, көктеп келеміз. Қазақтың дәстүрін бала кезімнен біліп, өстім. Көршілерімізбен мереке сайын бір дастархан басына жиналып, мәз-мейрам болатынбыз. Ұяда көргенімді, білгенімді қазір өзім ана болған соң іске асырып келемін. Ұлттық тағамдарды дайындап, қазақтың дәстүрін ұстанамын, – дейді кейіпкеріміз.
Бір-екі баламен шектелмей Алланың бергенін көпсінбей көп балалы болып отырған қазақтың келіні мамандығы бойынша аудандық ауруханада мейірбике болып қызмет атқарады. Мейірімді жан отбасында ғана емес, мамандығына да шынайы сүйіспеншлікпен қарайды. Жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен науқастарға ем-домын жасап, ықыласқа бөленуде. Оның отбасында алған тәрбиесі өмірде де, қызметте де көп көмегін тигізді. Кісінің ала жібін аттамау, шынайы болу, қатты сөз айтпау сияқты қасиеттер ана сүтімен дарығандықтан перзенттеріне де сол қасиеттерді үйретуден жалыққан емес. Жұбайының қас-қабағына қарап, ата-ененің жағдайын жасау да оның тікелей міндеті екенін бұрыннан-ақ ұққан. Ол отбасының шырағы, шаңырағының ұйытқысы ретінде ана махаббатын сезінуде. Қасиетті қарашаңырақты кие тұтатын келіншек ел бірлігін, тыныштық пен бейбіт өмірдің тілекшісі. Кісінің ұлты емес, оның адамгершілігі бәрінен қымбат екенін әу бастан түсінген Евгения, жолдасымен бақытты өмір сүруде.
Жыл сайын келетін ұлттық мерекелерде дастархан дайындап, қонақжайлылық танытатын жас келін осы күні де керемет ас мәзірін дайындауға кірісіп кетті.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында қазақтың шаңырағында лайым да береке, бірлік болсын деп тілейміз.
Б.ЖАНӘЛІ