Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БИЫЛ ДА ЖЕМІС САЛДЫ

БИЫЛ ДА ЖЕМІС САЛДЫ

Менің атам Қанжарбай – ел-жұртқа сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талайы келіп арқа тұтқан беделді жан еді. Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, өзіне ғана тән ұтқыр да, ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшы, қамқоршысы бола білу болмысын бойында қатар ұштастырды.
Атам – Ұлы Отан соғысының тыл ардагері. Соғыс талай адамның балалық шағын ұрлағаны белгілі. Түске дейін мектепте оқыса, түстен кейін саппен барып колхозда жұмыс істеген. Атам өз естелігінде былай дейді:
– Колхозда жұмыс істейтіндер қарт­тар, әйелдер, балғын балалар еді. Тауқымет бізді тез есейтті. Бар­лық қиындықтарды мойындадық.
Сол за­мандағы ауыл шаруашылығы жұмыста­рының қандай ауыр болғанын еске ал­ған­да өзім де таң қаламын.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмір заманда атам білімін ары қарай жалғастырып, жоғарғы оқу орнын тамамдады. Еліне, халқына адал қызмет етті. Өз ұрпағынан адал, парасатты болуды өле-өлгенше талап етті. Әрдайым ақылдың биігінен көрініп, тәрбиені бірінші орынға қойды. Бой жетіп, ес білгелі атамның ұлағатты сөздері мен үшін өмірлік азық болды. Маған мінезі көркем адам кім десе, бірден «Ол менің – атам» дер едім. Өсе келе менің үлкендерге деген құрметімнің өлшемі де осы кісінің көркем мінезі болды.
Сондай-ақ атам бақша жайын керемет білетін бағбан еді. Бақшасындағы жеміс ағаштарының көптігі соншалық көздің жа­уын алады. Осы жеміс ағаштарының ішіндегі ең ерекшесі, ешкімнің бақшасында кездеспейтін, бәрімізді қызықтыратын – грек жаңғақ ағашы. Мамыражай жаз басталысымен үйдің барлық қара домалақтары осы ағаштың көлеңкесін саялайтынбыз. Атам мен әжемнің өмір жолындағы түрлі естеліктерін тыңдап, марқайып қалатынбыз. Атамның айтуынша, бұл ағашты ең алғаш рет 2004 жылы Шымкент қаласынан әкеліп отырғызған екен. Ерекшелігі өзге жемістер секілді емес, бұл ағашты өсіріп, баптау секілді күтімімен тек үлкен кісілер айналысатын. Сол себепті де атам жаңғақтың күтімін өзі қадағалайтын. Бірде атам осы жаңғақ ағашы туралы керемет өнегелі әңгімені баяндап беріп еді.
Күндердің күнінде Қожанасыр бақша­сын­дағы жаңғақ ағашының астында дем алып, аспандағы жаңғаққа, жердегі асқабаққа ойланып қарапты: «Әй, құдіреті күшті Алланың ісіне амалың бар ма?! Мынандай зәулім ағашқа бармақтай жаңғақ, бір тал шөпке добалдай асқабақ өсіріп қойғанын көрмеймісің? Сол мезгілде ағашты жел қозғап, бір жаңғақ үзіліп кетіп, Қожекеңнің басына түседі. Қожекең жалма-жан бетін құбылаға бұрып:
– Құдіреті күшті Жасаған Ием! Ісің­ді өз білгеніңше жасай бер! Менің ақы­лыма ұйып, жаңғақты топыраққа, ас­қабақты ағашқа жаратсаң біздің халіміз не болар еді? – деп шүкіршілік еткен екен.
Иә, шынымен де ағашы еңгезердей, жемісі бармақтай ғана жаңғақтың адам ағзасына тигізетін пайдасы орасан зор. Қай ауруға болмасын ем, шипа екенін атам үнемі айтып отыратын. Жыл сайынғы берген өнімді барлығымыздың үйімізге бөліп үлестіріп береді. Сексеннің сеңгіріне шығып дүниеден өткен атамның бау-бақшасы әлі де сол күйі өз қалпында. Атамның естеліктері мен өсиеттерін қазір әжем айтып, жалғап отыр. Ал әлгі жаңғақ ағашы да жыл сайынғы өз дәстүрінен айнымай, биыл да жеміс салды. Осы ағаштың түбінде отырып, атамның айтқан әңгімелерін жиі еске аламыз. Бір отбасы емес, бір әулет емес, тұтас ауылдың қариясы бола білген атамды мен мәңгі пір тұтамын! Осындай тектіліктің озық үлгісі бола білген азаматтың ұрпағы екенімді әркез мақтан етемін.

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
ҚМУ-дың II курс студенті

27 шілде 2019 ж. 546 0