Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздік шаралары жаңа ошақты болдырмайды

Қауіпсіздік шаралары жаңа ошақты болдырмайды

Күні кеше ел Президенті жариялаған кезекті Үндеуін оқып, таныстым. Иә шын мәнінде қауіпті індеттің соңы қайғылы жағдайға әкелмес үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Бұл ең алдымен індеттің жаңа ошақтарының шықпауының жолын кеседі. Адамның денсаулығына қатер төндіретін вирусқа жеңіл қарауға болмайтыны әу баста айтылды.

Бүгінгі елдің ахуалы қатаң бақылауда. Күн сайынғы жағдай сарапқа салынып, нәтижесінен ақпарат беріліп отыр. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев Мемлекеттік комиссияның ұсыныстары негізінде төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту жөнінде Жарлық шығаруға шешім қабылдағанын айтты. Сонымен қатар карантин талаптарын жеңілдетуге байланысты шешім қабылдады. Әсіресе, өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы, көлік компаниялары, банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары барлық санитарлық талаптарды сақтап, қызметке кірісуге рұқсат етілді.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған мәлімдемесінде індетпен күресуде еліміздің медицина саласы алдыңғы шепте жүргенін және оның бар мүмкіндігі пайдаланып жатқанын айтты. Сондықтан, медицина саласы әлі де дамуды, қолдауды қажет ететінін алға тартты. Ол өз сөзінде: "Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс. Парламент бұл кодексті сессияның соңына дейін қабылдайды деп ойлаймын. Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек" деді.

Әрине, бұл жүйелі сөз елдің үмітіне сенім ұялатады. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның денсаулығын қорғайтын елдің медицина саласы осал болмауы тиіс.

Әлия Искендирова,
Сырдария аудандық ауруханасы ШЖҚ КМК
бас дәрігердің міндетін атқарушы

28 сәуір 2020 ж. 328 0