Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңілге сенім берген жаңа мәлімдеме

Көңілге сенім берген жаңа мәлімдеме

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайға байланысты кезекті мәлімдемесін жариялады.

Мәлімдемені оқып танысқан әрбір адам әлемді дүрбелеңге салған қауіпті індеттің бүгінгі ахуалынан хабардар болады. Шын мәнінде мемлекет тарапынан қабылданған бірқатар шұғыл шешімдерге байланысты індет халық арасында жаппай тараған жоқ деп айтуға толық негіз бар.

Ең алдымен көпшілік шоғырланатын жердің жұмысын тоқтатумен бастап, республика бойынша қатаң карантин шарасы енгізілгеннің арқасында ахуал тұрақты бақылауға алынды. Дегенмен, вирустың қаупі сейілген жоқ. Яғни шарықтау шегіне жетпеді. Мұны ел Президенті мәлімдемесінде айтты. Сондықтан санитарлық талаптарды орындау – адам өмірін сақтап қалудың кепілі екенін ұмытпаған жөн.

Президент мәлімдемесінде төтенше жағдай аяқталғанша барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалы назарда болатыны және коммуналдық көмек ретінде берілетін қаржыға азаматтар қол жеткізетіндігі айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы уақытта жұмысынан айырылғандарға екінші мәрте 42500 теңге көлемінде жәрдемақы берілетіні және мұқтаж отбасылар азық-түлікпен қамтамасыз етілетінінен хабардар етті.

Көпшіліктің көкейінде тұрған ең негізгі "бұл жағдай қашан аяқталады" деген сауалға Президент: "Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ", – деп нақты жауап берді.

Елдің ауызбірлігі сыналған шақта жұдырықтай жұмылып, еңсемізді көтеретін күнге де жететініміз баяндалған жаңа мәлімдеме жүрегімізге сенім ұялатты.
Ұлмекен Жанәлиева,
"Сырдария ауданының әйелдері"
қоғамдық бірлестігінің төрайымы

27 сәуір 2020 ж. 710 0