Әлемді мейірім құтқарады
Өзге жандарға шынайы жан ашу, әлеуметтік теңдікке сену, өз елінің әлеуметтік өміріне әсер етуге талпыну, жеке және әлеуметтік үдерістерге қызығушылық – бұл әлеуметтік қызметкердің бойында болуы тиіс қасиет. Мұнымен қоса ұжымда жұмыс істеу қабілеті, дағдарыс жағдайында жұмыс істей білу және сөзбен көп нәрсені өзгертуге болатынына сену де әлеуметтік қызметкердің кәсіби біліктілігін шыңдайды. Менің кейіпкерім Күміскүл Сисенбаева – әлеуметтік жұмыс маманы. Ол 17 жылдан бері қамқорлықты қажет ететін науқас адамдардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасап жүрген, жалпы айтқанда халықтың әлсіз топтарына көмектесіп жүрген мейірімді жан. Жоғарыда аталған қасиеттердің барлығы Күміскүл Томшабайқызының бойынан табылады десек артық айтқандық болмас.
Әлеуметтік қызметкер мамандығы біздің еліміз үшін жас ғылымдардың қатарында. Бұл мамандыққа оқытуды ең алғаш қолға алған жоғарғы оқу орындардың бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Сонан соң еліміздің бас қаласында, Алматыда, кейін барлық қалалардағы жоғарғы оқу орындарында мамандар дайындала бастады. Күміскүл Сейсенбаева жоғарғы білімді маман болмағанымен әріптестерінің арасында ең тәжірибелі әрі білікті қызметкер.
Негізгі мамандығы педагог, тәрбиеші болғандықтан кезінде бала- бақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. Кейін балабақшалар жабыла бастағанда бес жылдай жұмыссыз болып қалады. Уақыт өте келе қоғамға жаңа мамандықтар келе бастайды. Әлеуметтік қызметкер болу Күміскүл апаның табиғатына, кәсіби мамандығына сай келгендіктен, ұсынылған жұмысқа ойланбастан келісімін береді. Бұл қызметке белсене кірісуге оның бай тәжірибесі көп көмегін тигізеді. Ауданда бұрын жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған мекемеде әлеуметтік қызметкер ретінде аудан көлемінде жалғызбасты қарттарға көмекші ретінде қызметін бастаса, соңғы он бес жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балалармен маман ретінде жұмыс жасайды.
Қазір бұл қызмет кент әкімдігіне бекітілді. Кенттегі 20 әлеуметтік маман барлығы 85 адамға қарайды. Бір адам 4-6 жалғызбасты қарттарға немесе балаға жәрдем көрсетеді.
Күміскүл Сисенбаева әріптестері секілді аптасына екі рет өзіне бекітілген балалардың отбасына барып, жоспарға сәйкес сегіз түрлі қызмет көрсетеді. Олар: тұрмыстық, психологиялық, медициналық, мәдени, экономикалық, құқықтық, еңбек және педагогикалық.
– Науқас балаларға барғандағы мақсат – баланың дербес болуына жағдай жасау. Мысалы баланы тамақтануға үйретеміз. Медициналық қызмет ретінде емханаға апарып, тексеруден өткізіп, қан талдауларын тапсыруға жәрдемдесеміз. Анасына баланы шомылдыруға, түрлі дене жаттығуларын жасауға, қимыл-қозғалысқа үйретеміз. Ақыл-есі ауытқымаған балалармен сурет салып, ойыншықтармен ойнатып, сөйлеуге машықтандырамыз, – дейді әлеуметтік қызметкер К.Сисенбаева.
Сонымен қатар жалғызбасты егде кісілерге көмек көрсеткенде олардың үйіне аптасына екі рет құрғақ және дымқыл тазалық жүргізеді. Дүкеннен қажет азық-түлік әкеліп, коммуналдық қызмет ақысын төлеу сияқты көмек көрсетеді.
Осы ретте кент әкімі аппаратының үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Нұргүл Орынтаеваны сөзге тарттық:
– Қазіргі әлемдегі жағдай әлеуметтік қызметкерлерге де оңай тимеді. Қарт кісілердің есігін ашатын әлеуметтік қызметкерлер ғана болып қалды. Олардың көмегіне аса мұқтаж кісілерге жәрдемдесу – біздің міндетіміз. Кейбір кісілер аурудың салдарынан өмірлік дағдыларын жоғалтып жатады. Сонда көмекке келетін әлеуметтік қызметкерлер арнайы оқу-жаттығу арқылы әлеуметтік дағдыны қайта иеленуге, құжаттарға ұқыпты болуға, қоғамдық ортада өзін ұстай білуге үйретеді. Бекітілген стандартқа сай қызмет түрлерін көрсетумен қатар, әлеуметтік қызметке мұқтаж жандардың сенімді серігіне айналады, – дейді ол.
Әлеуметтік қызметкер – шын мәнінде әмбебап маман. Оның қолынан баланы оқытудан бастап, медициналық тұрғыдан өмірге бейімделуге үйрету келеді. Өзі де адамгершілік тұрғыдан жақсы мінезге ие болу арқылы өзгенің өміріне сенім ұялататындықтан, бұл мамандық төзімді болуды қажет етеді.
– Анаға баланың қиналғаны қатты батады. Күнделікті жұмысым болған соң мүмкіндігі шектеулі балаға да үйренісіп қаласың. Анасына қолғабыс етіп, әрбір оң өзгеріске бірге қуанасын. Бала да сені күтіп, іздеп отыратынын сезесің. Сондықтан баламен кездескенде күніміздің бекерге өтпегеніне көзім жеткендей болады. Баланың көңіл-күйіне қарап, қызметімді түрлендіріп отырамын. Денсаулығы сыр берсе, медициналық көмек көрсетіп, оның жағдайы жақсарғанша күтемін. Өмірлік тәжірибеде қайғылы жағдаймен аяқталған кез де болды. Ол үшін қатты қапаланғаныммен ата-анасына демеу болдым. Әрине барлық бала бақытты болуға лайық, – дейді Күміскүл Сисенбаева.
Дені сау бала – ұлт болашағы. Еліміздің келешегі дені сау ұрпақтың қолында. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлер секілді мейірімді жандар көбейсе, қоғам жамандық атаулыдан ада болады. Мейірімділік пен шыдамдылық ұштасқан деген осы емес пе?!
Бибісара ЖАНӘЛІ