Ақ баталы ардагер
Сыр елінде батагөй қариялар көп. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров. Аузы дуалы ақсақалдан бата алғандардың қатарында бала да, шаға да, кәсіпкерлер де, атқамінер азаматтар да бар.
Жасы жүзге жақындаған қария әлі тың. Ол өмірдің сан соқпағын көрген. Әкеден ерте айырылған, алапат ашаршылықты бастан өткеріп, сұрапыл соғысқа да қатысқан. 1945 жылы елге – Тереңөзекке оралып, қызу еңбекке араласты. Ешкімнің ала жібін аттамады, жұмысына адал, айналасына сыйлы болды. Сондықтан қазыналы қарт бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік қылып, халыққа һәм жастарға, ел азаматтарына тілекші болып отырады.
– «Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», «Баталы ер – арымас», «Бота алғанша, бата ал» деп бекер айтпаған. Пайғамбарымыздың да «қарттарды сыйлаңдар, олардың алғысын алыңдар» деген өсиеттері бар. Батаның қадір-қасиеті жоғары. Сол себепті біз тілегімізді аямаймыз. Мені осы Сырдария ауданының басшылары болсын, елдің ісіне араласып жүрген басқа жігіттер шарасына шақырады. Ондағы мақсаты сол – бата алу. 2009 жылы тал егу шарасына қатысып жатқанымызда сол кездегі облыстың басшысы Болатбек Қуандықов қасыма келіп, жасымды сұраған. «87-демін» дедім. «Онда маған батаңызды беріңіз» деді. Бердім батамды. Ол болса, рахметін айтып, көлік мінгіземін деп кетті. Риза болғаны шығар. Мен енді «біреу бірдеңе береді екен» деп тілегімді айтпаймын ғой. Бірақ әкім уәдесінде тұрды. Жасым 90-ға толғанда көлік сыйлады», – дейді Яхия ата.
Қашан да сабырлы, салмақты қалпынан танбайтын ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында өткізілетін барлық іс-шарадан қалмай жүреді. Әсіресе, Яхия атаны жас жұбайлардың беташар тойларына жиі шақырады.
– Отау тігіп жатқан жастар «батаңызды бересіз бе» деп келеді. Оларға «ынтымақты болыңдар, менің жасымды берсін» деймін. Иә, бата алған адам ешқашан жаман болмайды ғой. Қарғыс алғанның оңғанын көргенім жоқ», – дей келе, қария ел мен ерлерге арналған батасының үзіндісін айтып берді.
Яхия ата отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қарияның отызға жуық немере-шөбересі бар.
– Мен атамның баласымын. Ол кісіні жақсы көремін. Оған қызмет қыламыз, атамыз бізге батасын береді. Жалпы, атамнан бата сұрайтын адам көп. Мен де қартайғанда атам сияқты құрметті азамат болғым келеді, – дейді Яхия атаның немересі Бауыржан Амангелдіұлы.
Бүгінде ардагер – ел-жұртқа, ағайынға сыйлы, ауданның қадірменді ақсақалы балаларына ардақты әке, немерелеріне абзал ата болып отырған ұлағат иесі. Майдангер атамыз қиян-кескі шайқастардағы батырлығы үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50, 60, 65 жылдығына арналған, «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г.К.Жуков» медалімен және басқа да наградамен марапатталған.
Өмірі өнегеге толы ардагерге 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл адамы» атағы берілді. Сондай-ақ қария – «Сырдария ауданының Құрметті азаматы».
Ақ баталы ардагердің еңбек жолы да көпке үлгі. Қан майданның куәгері туған жерге Жеңіспен оралып, бейбіт күнгі қоғам жұмысына араласып, жемісті еңбек етті. Аудан орталығындағы сүт зауытында 16 жыл қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1960 жылы Жалағаш сүт зауытында шебер болды. 1972-1982 жылдар аралығында «1608-жылжымалы механикалық колонна» мекемесінде, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде еңбек етіп, осы қызметтен құрметті зейнет демалысына шыққан.
Біз Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында майдангер өмірінен бір үзік сыр шерттік. Асылында, бүгінгі күнге, осы бейбіт өмірге жеткізген батырлар, бақытты болашағымызды соғыс отынан өздерінің жалын жүректерімен қорғап қалған жауынгерлер жөнінде жазу, олар туралы естеліктер жинап, бойтұмардай сақтау, оны дәріптеу – кейінгі толқынның міндеті. Ендеше, аузы дуалы, сөзі мағыналы батагөй қария аман болсын дейміз.
Майя ҚОЖАБАЙ