Бата – ақ тілеу
Кең далада төрт түлік ұстап, оны өсіріп, көсегесі көгерген қазақ үшін қашанда батаның орны бөлек. Бала шыр етіп дүние есігін ашқаннан оны ата-анасымен қатар, ата-әжесі «өмір жасы ұзақ, ғұмырлы болсын» деген ниетпен тіл-көзден сақтап, батагөй қариялардың, әз аналардың ақ тілегіне орайды. Барынша қамқорлық жасауға ұмтылады.
Адами асыл болмысқа толы бабалар дәстүрінің бірегейі – батада нағыз керемет қасиеттер бар. Ғасырлар белесінен өтіп, бізге бұзылмаған, баз қалпынша жеткеніне қарай бата халқымыздың өмірлік ұстанымын бейнелейді. Бата беру – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі, рухани қазынамыз. «Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деген халық жүрекжарды лебізді тыңдап, жақсылықтың бастауы ретінде оны ой зердесіне ықыласпен түйе білген.
Бір сәт тарих парақтарын ақтарып даналық қорытындысы, адамгершілік ережесі саналған бата ұғымының тамырына терең үңіліп көрейікші. Бұл Құранның бірінші сүресі «Фатихадан» туындаған тәрізді. «Фатиха» сөзі арабша «Басы, кіріспе, алғы сөзі» деген мағынаны білдіреді. Мұнда Жаратушы мен оның елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) мадақ сөз айтылады. Мәселен бұрынғы ата-бабалардың бата сөзіне құлақ түрсек, онда барлық бата-тілектің басы да Алланың атымен басталады.
«Әуелі Алла оңдасын, Қыдыр баба қолдасын!» деп басталады әрбір ақ тілек. Сонымен қатар «Құдайым жарылқасын, Бақ қарасын, Қыдыр дарысын!» – деген бата сөздер де бар.
ХІХ ғасырдың аяғында Сібір халықтары мен Солтүстік өңір қазақтарының өмір-тіршілігін зерттеген этнограф, фольклорист ғалым В.А.Васильев: «Қазақ даласында болған адам, сол халықтың батаға қандай ерекше назар аударғанын аңғарар еді. Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықыласы, пейілі, ақ ниеті бар. Алладан тілер тілегі поэзия түрінде ақтарыла айтылады» – депті. Осындай құдіреттілігі мықты бата дұға емес, жан жылуымен білдірілген тілек екенін сеземіз. Күнделікті өмірде ақ дастарқанымызға өзіміз ақ тілеу батамызды беріп отырамыз. Үлкен асты аларда, балаларымыз жолға аттанарда сыйлы адамдардан, аузы дуалы қариялардан бата сұраймыз. Одан еш ұтылып жатқанымыз жоқ. Қайта көңілімізге қанат бітіп, ертеңгі күнге сәуле түскендей болады. Ісіміз алға басады.
Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Атақты Шақшақ Жәнібек батыр бозбала кезінде елуді еңсеріп, танымы толысқан Төле биге келіп:
– Уа, биеке, бозбала болдым, ерлік қылайын ба, әлде сізден үлгі алып билік құрайын ба, батаңызды беріңіз? – деп қол жайыпты. Сонда Төле би:
– Өзіңді өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпанға шыныңды айтпа түбіңе жетер. Қыс қарға жығарын, ұрыншақ жарға жығарын ұмытпа! Тұмаудың түбі – жұт, ақылдың түбі – құт, қарағым! Менің берер батам осы, – деген екен.
Соңғы кездері ұлы даламыздың киесіндей болған осы бата беру дәстүріне сирек болса да жеңіл көзқараспен қарау бой көрсете бастағанын көзіміз көріп жүр. Ата салтымызға көлеңке түсіргеннен ұтарымыз жоқ. Өзгеше өн бергеннен дүние өзгермейді. Қайта ұлттық құндылықтарымызды аздырып келеңсіз күйге түсуі мүмкін.
Тойда, әсіресе, қыз ұзату, құда шақырыста бірнеше адамға тізбек бата бергізіп, көпшіліктің мазасы мен батаның қадір-қасиетіне көлеңке түсірген көріністерді көргенде қынжылып жатамыз. Тойдағы тілекті бата берумен алмастырып жүрген тұстарымыз да баршылық. Кейде үлкен жиналыс пен басқосуларда ақсақалдарымыз қағазға жазып алған батасын оқып бергенінің куәсі де болдық.
Әрине, әңгіме батаның көптігінде де, көп сөзділігінде де емес, оның дәстүрлі жолын бірқалыпты ұстай білуімізде. Сөзді судай сапырып, батаны созбалай бергеннен не шығады? Осы жерде талайды татымды сөздерімен таң қалдырып, таңдай қақтырған Бөлтірік шешеннің сөзін келтірсек:
Бір дауға екі билік айтқан даудан арылмас,
Бір тойға екі жарлық айтқан тонға жарымас,
Бір асқа екі бата сұраған асқа жарымас.
Бұл жай айтыла салған сөз емес, ұлылардан – ұлағат, кейінгілерге – ғибрат.
Асылы, баба сөзі – киелі. «Баталы ер арымас, батасыз құл жарымас» деген сөздің мағынасына терең үңілсек, дуалы ауыздан шыққан батаның шапағаты да аз болмас. Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың ауылына келгенде, игі жақсылармен басқоса отырып, Абайға назар салады. Оны оң жақ тізесіне ала отырып, сұрақ қояды. Жас Абайдың баланың зейінділігіне іштей разы болған шешен «Жанарыңның оты бар екен, ойлылығың терең болсын, сөздеріңнің нәрі бар екен, елің саусағанда шөл қандырар бұлақ болсын!» деп бата береді. Жақсыны жақсы таниды емес пе?! Көргені жақсы, ғибраты мол, көңіліне оқығанын түйе білген Абайды дөп басып, келісті бата берген.
Батаның тәрбиелік мәні зор. Жоғарыда айтқандай, бата жүректен шығады. Адам тебіренгенде бойдағы жақсы энергетикалық қуаттар ізгі тілектермен үйлесіп, ғарыш арқылы тылсым күштермен байланысқа түседі. Бізге беймәлім қуаттар шынымен де бата қабылдаған адамға оң ықпал ететін болуы керек. Батагөй қариялар берген ақжолтай тілеулер көп ұзамай іс жүзіне асып жатады. Батаның ұлы қасиеттерге бастаушы және әрі оларлы тудырушы рухани мұра екендігіне білім саласында қызметте жүргенімде ерекше мән бере қараған ұстазбын. Осы мақсатта бірнеше мәрте өткізілген «Ақ бата» атты жас батагөйлердің мүшәйрасы куә. Тағылымы мол тәрбиелі істі ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар кеңінен қолдап, мән бергені қуантады. Шара барысында жас батагөйлер жаңалыққа жетудің жолы имандылық, үлкенді құрметтеу – олардың алғысы мен ақ батасына ие болу екендігіне тәнті болды. Ел ішіндегі аузы дуалы ақсақалдардың алғыс батасы игілікті істің өмірлік жолдамасы екенін ұғына білді. Балғын жүректерге қасиетті сөз құдіреті рухани күшті орнықтырғандай болды. Халқымыз не нәрсенің де өзіндік киесі бар деп санаған. Бата да сондай киесі жетерлік асыл мұралар қатарында.
Бабалардың көзіндей болған немесе абыз бабалардың өзіндей болған киелі бата берудің сан ғасырлық жолы бар. Ендеше ата салтын көздің қарашығындай сақтап, ұрпағымыздың асыл қазынасының біріне айналуына күш сала білейік, ағайын!
Нағыман ӘЙТЕНОВ,
ардагер-ұстаз