Тұрғындар қамқорлықты сезінуде
Дүниежүзі халқы үшін сын-қатерге толы уақыт кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында сөз сөйлеп, еліміздің бүгінгі ахуалына тоқталды.
Ең алдымен ел Президенті өз сөзінде індеттің кең таралуына жол бермеудің ізгі шараларын атады. Қабылданған жедел іс-қимылдың қатарында халыққа көмектесуге қыруар қаржының бөлінуі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленгенін айтты. Бұл ретте тұрғындардың алды мемлекет тарапынан берілген жәрдемақыға қол жеткізгенін атап өткен жөн.
Пандемия шын мәнінде ел экономокасына әсер етті. Осындай ауқымды дағдарысты әлем халқы да басынан өткеруде. Дегенмен жағдайдың ушығып кетпеуіне мемлекет тарапынан барлық амалдар іске асуда. Ең алдымен жұқпалы ауруды ауыздықтауға басымдық беріліп, карантин мерзімі сәуір айының соңына дейін ұзартылды.
Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар сала мамандарының қатарында педагогтардың еңбегін атап өткен жөн. Олардың қазіргі жағдайы балаларға білім беруді одан әрі жалғастырып, оқушылармен байланысты үзбеу. Мұғалімдерге қойылған талап күшейтілмесе жеңілденген жоқ. Үнемі интернет желісінде отырып, әрбір оқушымен байланыста болу оңай шаруа емес. Десек те талап үдесінен шығу кез келген ұстаздың баға жетпес қасиеті.
Ел Президенті: "Бұрын-соңды болмаған ауыр дағдарыстан біздің халқымыз ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенімдімін. Қазақстан міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі.
Жалпы, дағдарыс бұл еліміздің келешегі мен оның алдағы дамуы туралы терең ойлануға мүмкіндік береді. Сондықтан, бәріміз бір ел болып белсенді жұмыс жүргізуіміз керек" деп өз сөзін қорытындылады.
Ел үшін еміреніп, мемлекеттің баға жетпес қазынасы – адам үшін күн-түн демей күресіп жатқан ел азаматтарының амандығын тілеймін.
Ләззат ПАЛЫМБЕТОВА,
№131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры