Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үй ішін гүл бағына айналдырған

Үй ішін гүл бағына айналдырған

Гүлдің ерекше жаратылысында табиғаттың таңғажайып жұмбағы жасырынған. Жер бетінде сан мыңдаған гүлдердің жарасымдылығы арқылы әсемдік пен әдемілік символы қалыптасты. гүлдің күтіміне айрықша көңіл бөлген қазақ халқы гүл өсіруді жөн санаған. Ал бөлме гүлдерін өсіруде асқан ыждағаттылық пен төзімділік алдыңғы орында тұрады. Жылдар бойы гүл күтіміне көңіл бөліп, сүйікті ісіне айналдырған арамызда нәзік жандылар баршылық. Сүйікті ісінің таңғажайып әлеміне саяхат жасаған Гүлзат Сыздықова жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісті.
Гүлзат Кәрібайқызы осыдан 20 жыл бұрын гүл өсіруді қолға алады. «Гүлге су құйған жан көңілге нұр құяды» демекші, кейіпкерім бос уақытында сүйікті ісіне көңіл бөледі. Қазіргі таң­да бірнеше гүл түрлеріне күтім жасап, олардың қасиетін, климаттық бе­йімделуін өз бақылауына алған. Күн­делікті әрбір өсімдікке бар уақытын соларға арнайды. Өзіндік құпиясы мен сырына қанығатын ол гүлдерімен әңгімелесіп, жай-күйімен танысады. Кейде өсімдіктің ауырғандығын бай­қаған жағдайда тыңайтқыштар мен дәрумендердің көмегімен емдеп жазады.
Бұл ретте Гүлзат Кәрібайқызы өзі күтімін жасайтын гүлдері жайында біздерге айтып берген болатын. Оның ерекше жақсы көретін гүлдерінің бірі «Драцена» деп аталады. Бұл өсімдік ешқашан күнді жақсы көрмеген. Тек қараңғы жерде биік болып өседі. Жапырақтары сарғаймас үшін суды шашып тұру керек. Ал «Қытай розасы» керісінше күнді сүйеді. Күтімді айрықша қажет ететін ол аптасына бір рет су ішсе жеткілікті. Көктемде үлкен жапырақтары мен бұтақтарын қиып тас­тау керек. Дәруменді айына бір рет қажет етеді. «Фикус» гүлі көлеңкені жақсы көреді. Суды көп қажет етпейді. Кей кездері жарыққа шықпаса, жапырақтары сарғайып түсіп қалады. Оның жапырағын ылғал матамен сүртіп тұру керек. «Еркек бақыты» деп аталатын гүлдің ерекшелігі суды көп мөлшерде қажет етіп, көлеңкені жақсы көретіндігінде. «Әйел бақытына» тоқ­талатын болсақ, тропикалық ай­мақта өсетін өте талғампаз гүл. Көктем мен жаз айларында су көп қажет етеді. Әйелдер секілді нәзіктігі атауына сай келеді. Оны күннің тікелей түсуінен сақтау маңызды. Сонымен бірге голландиялық гүлдерге жаз мезгілінде айрықша күтім жасалады. Өйткені олар салқынды жақсы көреді. 100 жылға дейін өмір сүретін алоэ гүлі үй дәрісі аталып кеткен.
Барлық гүлдердің біркелкі өсуіне дәрумендердің пайдасы мол. Үй жағ­дайында қайнаған жұмыртқаның суын құйып, қабығын үгітіп топырақтың бетіне тастау керек. Құрамында кальций мөлшері көп болғандықтан пайдасы зор. Кейбір жағдайда күріш суын да дәрумен ретінде пайдаланылады. Бұдан бөлек «Алматы» ашытқысын 1 шай қасық қантқа араластырып, 5 литр суда 1 тәулік ұстап, гүлдерге құйып шықан абзал. Сондай-ақ көбіне гүл бапкері «агрикола», «искра» дәрумендерін жиі қолданады. Бізбен әңгіме барысында Гүлзат Кәрібайқызы гүл өсірудің қыр-сырын осылайша айтып берген болатын.
– Жиырма жылдан бері гүл өсіріп келемін. Өзімнің қатты ұнататын гүлім «Қытай раушаны». Кейде гүл сұраған туысқандарым мен достарыма гүл бергенді ұнатпаймын. Қимастықпен берілген гүлдерім басқа үйге барғанда көп уақыт өтпей солып қалып жатады. Сондықтан өзім үйлеріне барып отырғызып беремін. Гүл де адам таңдайды. Оларға ерекше махаббат керек, – дейді гүл бапкері.
Негізінен гүлдердің топырағын көктем-күз мезгілінде ауыстырып тұру керек. Шаңын сүртіп, жапырақтарын қиюды да уақытылы жасау керек. Шындығында гүл тазалықты сүйеді. Кейбір гүлдердің зиянды жақтары бар. Көп жағдайда жатын бөлмеге оттегі бөліп, ауаны тазарту үшін кез келген гүлді қоюға болмайды. Себебі гүлдер түнде өсіп, күндіз өсуін тоқтатады.
Гүлзат үшін ерекше сырласына айналған гүлдер оның ішкі сезі­мін ұға­тындай әсер қалдырады. Сондықтан да жаны нәзік әйел затының жан серігі гүлдерді таңғажайып құді­ретке ие деп айтамыз. Асылында, гүл өсіру – әркімнің жан қалуына айналса, айналамыз құлпырып, гүлденетіні сөзсіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
11 сәуір 2020 ж. 1 466 0