Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлме гүлін баптау

Бөлме гүлін баптау


Бөлме гүлдерін күту оңай көрінгенімен, әсте, олай емес. Оның да өз ережелері мен құпиялары бар. Жалпы, гүл күтімінде неге мән берген жөн? Егер гүлдеріңіз көз қуантудың орнына күннен-күнге солып бара жатса, онда оның себебін тезірек анықтаңыз. 

Гүл өсіруші мамандар гүлді сатып алғаннан бір-екі ай уақыт өтпей жатып, ол сола бастаса, мұның себебі дұрыс күтім жасалмағаннан екенін айтады. Демек, жарықтың дұрыс түспеуі, гүлдің табиғатына сай орында тұрмауы немесе суаруда қандай да бір қателіктердің орын алғанын білдіреді. Ал егер алған гүліңіздің 2-3 ай уақыттан кейін сола бастағанын байқасаңыз, оның себебі – зиянкестердің пайда болуында немесе гүл отырғызған топырақтың құнарсыздығы. Бұл – мамандардың ойы. 

Жұқа өрмек (тор) немесе ұсақ жәндіктер 

Бұл гүлде зиянкестердің пайда болғанын аңғартады. Алдымен зиянкестің нақты қандай түрі екенін анықтау керек. Олар өрмекті кене, аққанаттар (көбелекке ұқсас ақ және сары түсті ұсақ жәндіктер) және т.б. болуы мүмкін. Бұл зиянкестер ауырған гүлдерден сауларына қонып, оларға да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ауырған гүлді дереу емдеуге кіріскен жөн. Алдымен оны өзге гүлдерден басқа жерге орналастыруды ұмытпаңыз. 

Зиянкестен емдеудің қарапайым жолдарының бірі 0,5 стакан спиртті 1 стакан сумен араластырып, үш апта қатарынан күнделікті ауырған гүлдің жапырақтарын сүрту керек. Егер қолда спирт болмаса, оның орнына арақты пайдалануға болады. 

Қураған жапырақтар мен ыдыстағы топырақтың аздығы 

Бұл топырақ құрамындағы қоректік заттардың аздығын білдіреді. Сондықтан гүлдің топырағын ауыстырыңыз немесе құтыдағы топыраққа қоректік заттар салу керек. Сонымен қатар мынадай қарапайым тәсілді қолданып көріңіз. Ол үшін шайдың самасын гүлдің ыдысына салып отырыңыз. Ол да гүлге қорек болады. 

Жапырақтар қошқыл түске боялып, алақанға салып қысқанда сықырлаған дауыс шығарса... 

Бұл судың жетіспеуін білдіреді. Сондықтан гүлді топырағы құрғағанда бірден суарыңыз. Ал суарғанда құтының түбіндегі ауа өткізуші ұсақ тесіктерден су ағып шыққанша құйған жөн. 

Бастысы, жыл маусымдарына қарай бөлме гүлдерін суару жиілігі де әртүрлі болатынын естен шығармаңыз. Егер бөлмеде кондиционер немесе жылытқыш құрал қосылып тұрса, топырақтың тез құрғайтынын ұмытпаңыз. 

Сарғайған жұмсақ жапырақ нені білдіреді? 

Бұл судың шаман тыс көп құйылғанын айғақтайды. Топырақтың түп жағын қарап, егер ол тым сулы болса, гүл суару уақытын дұрыс белгілеу керек. Яғни бұрын күнделікті суарып, ендігі уақытта күн ара немесе екі-үш күнде бір суару керек. Жапырақтың бұлай сарғаймауы үшін дұрыс суарудың маңызы мол. Сонымен бірге гүл құтысының астында ауа өткізуші ұсақ тесіктері болуы керек. Оны да қадағалаңыз.
10 шілде 2018 ж. 1 780 0