Елбасы мақаласы көңілге сенім ұялатты

Төтенше жағдай кезінде бәріміз бірлесе карантиндік режимді сақтауымыз қажет. Індеттің саны күн санап артуда. Осы ретте дәрігерлердің де еңбегін айта кеткен жөн. Олар отбасынан алыстап, өз бастарын қауіпке тігіп, жұқпалы вируспен күресуде. Осы орайда мемлекет сала мамандарын тысқары қалдырмады. Арнайы қаражат бөліп, ақ халаты абзал жандарға зор қолдау білдіруде. Біз үйде болып, санитарлық тазалықты сақтасақ, бәрінен де аман боламыз. Ең бастысы жігеріміз жасымай, болашаққа нық сеніммен қарасақ, біз алмайтын қамал жоқ.
Пандемия – ақыр заман емес. Ол да кетеді. Одан кейін адам да, заман да өзгермек. Жаңа әлемге жаңа кәсіп пен білім қажет. Бәріміз оған лайықты өз орнымызды табуымыз қажет. Жүректегі ақыл, білектегі күш пен ынта мен жігерді қоса ұстасақ, бар қиындықты жеңеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сан алуан қиындықтар болды. Бәрін де Елбасымен бірге өткердік. Бұл қиындықтан да өтеміз. Тек сақтық шараларына өте мән беріңіздер!
Рүстем Садықов
денсаулық сақтау саласының ардагері