Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАУАПТЫ ШЕШІМГЕ ЖҰМЫЛА АТСАЛЫСУ ҚАЖЕТ

ЖАУАПТЫ ШЕШІМГЕ ЖҰМЫЛА АТСАЛЫСУ ҚАЖЕТ

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы үшін аса маңызды Үндеу жариялап, еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл жауапты шешімді қабылдауда Ел Президенті Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен ақылдасып, Премьер-Министрмен кеңескен. Жан-жақты талқылау арқылы осындай тағдырлы шешімге келген.
Бұл тарихи маңызы бар және мемлекет үшін аса жауапты, сондай-ақ қажет шешім болып отыр. Өйткені, Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Сондықтан іргесі мығым, біртұтас мемлекеттің бүгінгі жеткен жетістігін, әлеуметтік тұрақтылығын, әлемдік деңгейін сақтап қалу үшін ел Президентін ертерек сайлап алған дұрыс. Түрлі сын-қатерлерде Елбасының сындарлы саясатын нық ұстап, әрі қарай дұрыс бағытта елімізді дамыту жолында тағдырлы шешімге жұмыла атсалысуымыз қажет.
Зайырлы мемлекет ретінде еркін сайлау арқылы Қазақстанды ілгері дамытатын Президентті сайлап алу керек. Бұған әрбір қазақстандық аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұлттың тағдары ел басқаратын Мемлекет басшысының білім-білігі мен сарабдал саясатына байланысты. Сол себепті де алдағы сайлауда аса жауапкершілік танытып, ел Президентін сайлап алуды ауызбірлікпен өткізуге шақырамын!

Еркебұлан ЖАҚЫП,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиал
төрағасының бірінші орынбасары
09 сәуір 2019 ж. 1 553 0