Қоғалыкөлдік үшемдер биыл мектепке барады
Осыдан тура бес жыл бұрын аудандық газет «Ауданда үшем дүниеге келді» деп сүйінші ақпарат таратқан болатын. Мақала газетке шыққан бойда сырдариялықтар бұл жаңалыққа таңғалып, редакцияға қоңырау соққаны әлі есімізде. Сол үшемдер бұйырса биыл мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам баспақ.
Халқымызда «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген аталы сөз бар. Осы ретте үйде үш бірдей бүлдіршіннің сыңғырлаған шат күлкісі естілсе, өмірдің ғанибеті мен ғажабы осы ма дерсіз... Міне, осындай шынайы бақыт Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Асхат Тасанов пен Әйгерім Баймұрзаеваға бұйырды. Жас ана бір мезетте шекесі торсықтай үш ер баланы дүниеге әкелді. Алланың құдіреті шексіз деген осы шығар.
Шархат, Шахаризат және Шапағат атты үш есімді иеленген сәбилердің салмағы өмір есігін ашқанда 1,800, 1,700, 1, 600 грамм болған. Үш батырдың Фархат деген ағасы бар екенін ескерсек, бүгінде берекелі отбасында төрт бала тәрбиеленуде. Байқағандарыңыздай, сәбилер есімінің соңы «ат» тіркесімен аяқталады. Бұл әулеттің есім қоюда ұстанатын қалыптасқан қағидасы екен.
– Әулетімізде үшем дүниеге келгенде қуанышымызда шек болған жоқ. Бәріміз шүкір дестік. Енді міне көзді ашып, жұмғанша сол балалардың жасы 5-ке келді. Қызығы сол, біздің әулеттің ер балаларының есіміне «ат» жұрнағы жалғанады. Мысалы, менің Қайрат, Марат, Мақсат, Алмат, Асхат, Азат, Саяат, Самат, Азамат, Сағидат, Сұңғат, Ализат, Саламат, Ринат, Бағдат, Парасат және т.б. ұрпақтарым бар. Барлығының орны ерекше, – дейді үшемнің әжесі Ажаркүл Молдабекова.
Айта кету керек, әулеттің тірегі Бақыт Тасанов ақсақал ұзақ жылдар ауылда мал шаруашылығымен айналысқан. Үшемнің атасы немерелері болашақта ел сенімін ақтаса, елге адал еңбек етсе деп армандайды. Ал, ауылдағы балабақша тәрбиешілерінің айтуынша, Шархат, Шахаризат және Шапағаттың ой өрісі мен белсенділігі, үйренуге, ізденуге құштарлығы жақсы. Лайым болашақта қырандай биікке самғап, асқар асуларды бағындырады деп сенеміз.
Фатима МАРАТҚЫЗЫ