Қызылордада тағы бір үшем дүниеге келді
Kyzylorda-news.kz. 15-мамыр – Халықаралық отбасы күні мерекесінде Қызылорда облысында үшем дүниеге келді.
Шиелі ауданының тұрғындары Жандос Мақатаев пен Жазира Ертаеваның шаңырағында Айбибі, Айша және Ақнұр есімді үш қыз жарық дүние есігін ашты. Бұл отбасының 3 жастағы Айару есімді тұңғышы бар.
«Үшем екенін 12 апталығында білдім. Өте қуанышты болдық әкесі екеуміз. Қазір балалардың жағдайы жақсы. Өзімнің де жағдайым жақсы. Екі жақтан да егіздер бар. Менің әкемнің ең кішкентай қарындастары егіз», - дейді үшемнің анасы Жазира Ертаева.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында жаңақорғандық Үсеновтер отбасында да үшем дүниеге келген болатын. Бүгінде Сыр өңірінде егіздер саны 64-ке жетті. Мамандар өткен жылы облыста 3 үшем және 132 егіз туғанын айтады.