Мәдениет майталманы
Біреу білер, біреу білмес, соғыстан кейінгі жылдары Тереңөзек іргесіндегі «Қызылдиқан» колхозының атағы дүркіреген екен. Озат колхозды іскер ұйымдастырушы Оспан Мәлібаев басқарған. Аудан орталығынан бұрын «Қызылдиқанда» электр стансасы іске қосылған. Іскер басшы колхоз өндірісін ілгері дамытып қана қоймай, халықтың рухани дүниесін байытуға да көңіл берген. Ұлы отан соғысынан оралған майдангер, өнерге жақын Садық Раймовты ауылдық клубтың меңгерушісі етіп тағайындалуына ұсыныс жасаған. Садық ағамыз асар әдісімен қазіргі ауылдық клубтың негізін қалаған.
Әке жолын қуған Шырынхан Садықов аудан орталығындағы №35 орта мектепті бітіргеннен кейін 1971-1973 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған соң, аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Осы мамандықта екі жыл еңбек етіп, аудан малшыларына, диқандарына мерейлі қызмет жасап, мәдениет қызметкері болуға лайық екенін көрсетті. Аудандық мәдениет үйінің жолдамасымен Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Онда клуб қызметкері және оркестр жетекшісі мамандығына оқыды. Дипломды алғаннан кейін Ақтөбе қаласындағы «Құрылыс» мәдениет үйінде оркестр жетекшісі болып, бірнеше жыл қызмет атқарды.
Ал өткен ғасырдың сексенінші жылының басынан туған жерге оралып, өзінің ұшқан ұясы аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып еңбек етті. Ауданның ауылдарын, егінші қостарын аралап, үгіт бригадасын ұйымдастырып, дала қостарында концерт берді. Ол кезде әр айдың 4-і малшылар күні болатын. Соған байланысты түрлі мәдени шаралар ұйымдастырды. Сол уақытта аудан орталығында «Оңаша» ойын-сауық отауының тұсауы кесіліп, жатып ішер жалқауларды сынаған әзіл-оспақ, сын садағы сахнада ай сайын көрсетілетін. Шырынхан Садықов «Оңаша» ойын-сауық отауының белсенді мүшесі болды. Сондай-ақ ол Шаған ауылдық мәдениет үйі жанынан «Жаңаша» ойын-сауық отауының құрылуына атсалысты. Нарықтың өтпелі кезеңінде Қалжан ахун ауылдық клубының ашылуына аудан көркемөнерпаздарымен бірге жұмыс жасады. Ш.Садықов 2004-2010 жылдары Асқар Тоқмағамбетов ауылдық клубына басшылық етті. Одан соң 2016 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін кент мәдениет үйінде әдіскер болып қызмет атқарды. Мәдениет саласында 46 жыл жұмыс жасаған Ш.Садықов 2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтану факультетін сырттай оқып бітірді.
Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде өзімен бірге оқыған жұбайы Рсалды да ауданның мәдениет саласында 22 жыл жемісті еңбек етті. Бүгінде олардың ұлы Әзиз, келіні Ақмарал әулеттің еңбек жолын лайықты жалғастырып келеді. Ә.Садықов аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары болса, А.Пернебаева облыстық, республикалық, халықаралық жарыстың жеңімпазы «Балауса» халықтық би ансамбіліне жетекшілік етеді. Сондай-ақ Ш.Садықовтың немересі Ерсұлтан домбырада шебер ойнаса, Әл-Хаким болашағынан үміт күттіретін әнші.
Жақында Шырынхан Садықов көп жылғы еңбегіне орай «Мәдениет майталманы» төсбелгісімен марапатталды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев белсенді өнерпаздың омырауына төсбелгіні тағып тұрып, зор денсаулық, қажымас қайрат тіледі.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ