Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас беру, той-томалақты кейінге шегерген жөн

Ас беру, той-томалақты кейінге шегерген жөн

Әлемді жайлаған пандемия елімізде күн өткен сайын көбеюде. Тіпті қазіргі таңда облыс төңірегінде өршіп барады. Мұндай кезеңде әр азамат өте сақ болуы және сабырға келуі керек. Асыл дінімізде тазалықты сақтау – басты міндеттің бірі болса, сабырға келу – асыл қасиет саналады. Осы орайда жұқпалы індет кезеңіндегі діни шараларға қатысты ауданның Бас имамы А.Асқарұлымен сұхбаттасқан едік.
– Асхат Асқарұлы, қазіргідей жағдайда көп­теген шектеулер қойылуда. Оның ішінде діни рәсімдерге де шектеу жасалды. Осы ретте әлемді жайлаған пандемия кезеңінде ҚМДБ төрағасы мен ғұламалар кеңесі пәтуа шығарды. Кеңінен тарқатып берсеңіз?
– Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Иә, біз мұсылман халқы болғаннан кейін Алла­ның алдындағы міндет-құлшылықтарды орындаушы қауымбыз. Бірақ мемлекетте төтенше жағдай жария­лағаннан бастап, ҚМДБ-ның жанындағы ғұламалар кеңесі ислам тарихында әлемге тараған індетке ұқсас жайттар болғанын ескеріп, сол замандарда бүткіл адамзат аурудан сақтанулары үшін қоғамдық орындарда, базарлар мен мешіттерде жамағат болып жиналудан тыйылғандығына сүйене отырып, пәтуа шы­ғарды. Осы ретте мешіттерде жамағат болып құл­шылық жасалмаса да әр адам жеке-жеке намаздарын оқиды және жұма күнгі жұма намазының орнына бесін намазын өтейді. Мешіттер жабылмайды, әр намаз уақыты келгенде азан шақырылып отырады. Тағы айтарым, ислам діні адам баласына қиындықты қаламайды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңді өлімге итермелемеңдер!» – дейді. Яғни Жаратқан Иеміз адамның денсаулығы маңызды құндылық екенін меңзеуде. Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» дегенді бекер айтпаған. Баршамыз төтенше жағдай кезеңінде медицина мамандарының ұсынған сақтық шараларын орындап, шыдамдылық пен төзімділік танытып, үрей тудырмай, сабыр етуіміз керек.
– Қауіпті індет кез келген жағ­дайда жұғуы мүмкін. Әсіресе, адам­дар бір-бірімен қол алысып сәлем­дес­­кенде бірден жұғады. Бұған әлі де нем­құрайлы қарап жүргендер бар.­ Осы­ған тоқталсаңыз?
– Дұрыс айтасыз. Сәлемдесу – мұ­сыл­ман халқының мәдениеті. Сәлем адам­дардың бір-бірімен байланысуына, мейі­рім-ілтипатына ашатын жол десек те болады. Сәлемдескенде қол алысу немесе құшақтап амандасу – бауырмалшылықтың белгісі. Исламда сәлем (ауызша) беру – сүннет, ал сәлемді (ауызша) қайтару – уәжіб (міндет). Алайда осындай дерт таралуына орай сақтық мақсатта бар­ша жамағат қолымызды көкірегімізге қойып, «Асса­лаумағалейкум» деп амандасу қажет. Бұл өзімізді де, өзгені де сақтаудың бірден-бір жолы.
– Төтенше жағдайға байланысты ас беру, той-томалақты жасамау ескертілді. Яғни көп­шілік жерге бармау қажет. Бұған қатысты не айтасыз?
– Мұсылман кісі дүниеден озса, артында қалған туыстарының атқаратын төрт міндеті бар. Бірінші – мәйітті жуындыру, екінші – кебіндеу, үшінші – жаназа оқу және төртіншісі – жерлеу. Осы шарттар – Алла Тағала мен мүрденің алдында ең әуелі орындалатын басты міндет. Ал қалған қонақ асы, жетісі, қырқы, жылы дегендер шариғи талап емес. Біздің жамағаттан сұрарымыз, Алланың бекіткен жұма намаздары, намазды жамағатпен орындау амалдары тоқтатылып жатқанда міндеттелмеген үрдістерді кейінге шегере тұруымыз керек.
Асыл дінімізде «Бір адамды өмірден құтқару – барша адамзатты құтқарғанмен бірдей, бір адамға жапа шектіру – бүкіл адамзатқа зиян келтіргенмен бірдей» делінген. Сол себепті қазіргі уақыт той-тойлап, шаттанатын уақыт емес. Бір-бірімізге қорған, қолғабыс болатын уақыт. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді дана халқымыз. Сондықтан той-мерекелерімізді кейінге ше­герілсе айып емес, қайта сауапты іс болары хақ.
– Осындай қиындық кезеңінде жеке бас қамын ойлағандар тауар бағасын өсіріп жібе­реді. Бұған қатысты асыл дінімізде қандай үкім айтылған?
– Шариғатта «сауда-саттық» деген бап бар. Сол бапқа сүйенсек, белгілі бір тауардың құнын жергілікті бағасынан асырып сатуы харам етілген. Ислам тарихында мұсылмандар әміршісі болған Омар ибн Хаттаб (р.а.) кезінде қайсы бір кісі сауда-саттықпен айналысатын болса, оған шариғи тұрғыдағы «Әл-Бәйғ» сауда бабымен мамандандырылып, кейін мемлекеттік тұрғыда рұқсат берілген. Мұның мәні сатушы харам іске бармауы және сатып алушының ақысын жемеуі, сауда ережелерін бұзбай кәсібін атқарулары үшін.
Сауда-саттыққа қатысты Құранда: «Алла сауданы халал, өсімді харам етті» делінген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Саудагердің ынсабына қалдырған алушы­дан артық ақша алу – харам» деген хадисі де бар. Сондықтан қазіргі уақытта тауар бағасын жөн-жосықсыз қымбаттату орынсыз. Індетті пайдаланып, өз қамын ойлаған саудагерлер бағаны шарықтатып, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, тағы басқа тұрмыстық заттарды сатулары аз емес.
Әрине көпке топырақ шашпаймыз. Қолынан келгенше жәрдемдерін көрсетіп жатқандар да жетерлік. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір-бірімізге қолдау білдіріп, жығылғанға жұдырықтың кейпін танытпай, қайта түрлі саудадағы жеңілдік акцияларын ұйымдастырсақ, сонда ғана көрген сауаттылығымыз бен бір екенімізді дәлелдей аламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Шын мәнінде шайтан мен күнә әрекет саудада бірге жүреді, сол себепті садақаларыңды көбейтіңдер» деген.
Жалпы «Тарихта мұсылман елдерінде болған оба ауруының баршасы көктемде тарап, жаз шыға жойылып отырған» деген бар. Сондықтан қауіпті індет тез жойылар деген үміттеміз. Тек Алладан медет сұрап, сақтық шараларын қатаң сақтау қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ

04 сәуір 2020 ж. 578 0