ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Қасиетті Құрбан Айт мейрамында Аудан орталығындағы мешітте және барлық ауылдағы имандылық үйінде Құрбан Айт намазы оқылып, Алла Тағаланың разылығы үшін құрбандық малы шалынды.
Аудандық мешітке Жаратқанның разылығы үшін Құрбан Айт намазын оқу мақсатында жиналған жамағаттың қарасы қалың болды. Ауданның бас имамы Асхат Асқарұлы жамағатқа уағыз-насихат айтып, Құрбан Айт намазының оқылу шарттарын және құрбан шалудың зор сауап екенін жеткізді. Айт намазы оқылғаннан кейін, ел игілігі үшін дұғалар жасалынды. Мұнан соң аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Лекеров көпшілікті ұлық мейраммен құттықтады.
– Құрбан айт – достық пен бауырластықтың алтын арқауына айналған, адамгершілік құндылықтарды қадірлеп, төзімділікті уағыздайтын ізгілік мерекесі. Ол конфессияаралық келісімнің бір тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қазір елімізде өзара діни татулық, этносаралық келісім орнады. Қазақстанды мекен еткен тілегі бір түрлі ұлт өкілдері достық қарым-қатынасты ұстана отырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Біз жыл сайын атап өтетін діни мерекелер дін саласындағы тұрақты мемлекеттік саясаттың бір айғағы. Бұл біздің мемлекетімізде адам құқықтары мен ар-ождан бостандығына, діни сенім еркіндігіне кепілдік беретін демократиялық қағидаттарды берік нығайтудың дәлелі. Құрбан айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Ұлық мереке мүбәрак болсын, әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін!, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.
Сөз кезегінде аудандық орталық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлы Құрбан айт мерекесінің маңыздылығын айтса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы бата берді.
Бұл күні мешіт ауласында ел азаматтары Алла Тағаланың разылығы үшін құрбандыққа мал шалды. Құрбандық шалынған соң жиналған жұртшылық мешіт асханасында жайылған айттық дастарханнан дәм татып, бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізіп жатты.
Е.БЕРКІНБАЕВ