Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тәртіпке бағынған құл болмайды»

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Дәл қазіргі уақытта еліміз бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайды басынан өткізіп жатыр.  Осыған орай Елбасы өз Үндеуін жариялады. Үндеудің толық мәтінін аудандық газеттің сайтынан оқыдым.
Қауіпті індеттің алдын алу үшін ел ішінде санитарлық режим күшейтіліп, қоғамдық тәртіп бақылауға алынды. Сонымен бірге көпшілік қауымның қатысуымен өтетін іс-шаралар тоқтатылды. Оқушылар мерзімінен бұрын демалысқа, ал студенттер қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Жасалып жатқан шараларды тұрғындар дұрыс түсінуі тиіс.
Елбасы өз Үндеуінде еліміздің күрделі ахуалдан шығу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. «Қазір осы күрделі ахуалдан шығу үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурс бар, қор да жеткілікті. Бұл – біздің «Алдымен экономика, сосын саясат» қағидатына негізделген бағыт-бағдарымыздың нақты нәтижесінің бірі. Жаңадан мемлекет құру оңай емес, ал оны сын-қатерден қорғау және тәуелсіздікті сақтап қалу одан да қиын. Бізде тәжірибе де, нақты іс-әрекет алгоритмі де бар» деді Тұңғыш Президент. Сондықтан тәртіпке бағынып, дүрбелеңге салынбай, жалған ақпараттың жетегінде кетпей, сабырлы болуымыз керек. Сосын тазалықты сақтап, медициналық бетперде киіп, гигиеналық талаптарды орындағанымыз дұрыс.
Тарихқа көз жүгірсек, ата-бабаларымыз бұдан да қиын кезеңде өмір сүріп, сол қиындықтарды бірлігі мен ынтымағының арқасында жеңе білген. Мемлекет басшысы атап өткендей, «татулық пен тұтастықтың арқасында кез-келген қиындықтан шығуға болады».

Расул Есенов,
облыстық мәслихат депутаты

20 наурыз 2020 ж. 1 066 0