Жан хошыммен жарық қылып әлемді
Бүгін көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында аяулы ақын, Сыр елінің ерке қызы Асылзат Арыстанбек өлеңдерін оқырман қауымға ұсынымыз. Поэзия әлемінің ханшайымы 16 жасында «Талаптың мініп тұлпарын» деген шығармашылық кешін өткізген. «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Алтын асық» халықаралық сыйлығының иегері. «Бесінші маусым», «Сіз ғана...» жыр жинақтарының авторы.
1-ші блок Махаббат туралы
Елемеген боп жүрсіз неге мені,
Белгілі ғой Сізге де не керегі.
Сыртқа шыққан сезімнен жұпар аңқып,
Іште қалса ол дағы көнереді.
Естімеген боп жүрсіз дауысымды,
Неге қинай бересіз жаны сірді.
Мұнар мұңмен менімен арпалысқан,
Қаламаймын қайтадан табысуды.
Ағыл-тегіл жазылған ақтарыла,
Жауап жазбай қинайсыз хаттарыма.
Ал мен мәзбін жоғалтқан баяғыда,
Махаббатты қайтадан тапқаныма.
Көрмесеңіз көрмеңіз! Сүймеңіз де!
Отырғызбай өтіп кет күймеңізге.
Шыр көбелек бақыттан айналайын,
Шығарып сал соңғы рет билеңіз де!
***
Кім біледі өмірді шын сүрдік пе?
Сезімнің де құны жоқ пұлсыз тіптен.
Мылқау болып мәңгіге өтер едім,
Сүңги алсам Сіздегі үнсіздікке.
Сүңги алсам Сіздегі үнсіздікке,
Кездер қайда таңдарды мұңсыз күткен.
Мен өтірік күлемін амал қанша,
Қызығы жоқ өмірдің Сізсіз тіптен.
Мен де үнсіз қалар ем...
Үйреткенде,
Сөйлей бергім келеді күй кеткенде.
Мен өлең боп жазылам олай болса,
Үнсіз сөйлеп тұратын суреттерге.
Жүрегімді қайтемін мұң сыздаған,
Сізсіз ғалам – мен үшін дымсыз ғалам!
Тағдырыңызға өлең боп жазылғанда,
Оқи алар ма екенсіз үнсіз ғана!
***
Сезім-сиқыр санамызды жаңартып,
Дақтың бәрін жуып кетер ағартып.
Махаббатты іздеп жүріп адамдар,
Өзін өзі алады ылғи жоғалтып.
Сүйген адам сан сынаққа шыдайды,
Сүйгеніне сірә бұл да ұнайды.
Махаббаттың мұнарасын соғам деп,
Кейбіреулер шыңырауға құлайды.
Ащы жасқа толған кезде қарашық,
Кім бар саған қарайтұғын жаны ашып.
Айдағыны арман етіп жүргенде,
Жердегіден қалады адам адасып.
Өлеңіммен өмірімді хош етем,
Ал өмірде өрлік пен сор өш екен.
Өзін өзі таппай жүріп адамдар,
Махаббатты іздейтіні несі екен?
***
Мен аңсаған сағынтып жетті күз де,
Сіз де мендей бұл күзді күттіңіз бе?
Мені сүйіп қалудан қорыққан соң,
Беймәлім мекен іздеп кеттіңіз бе?
Онда неге Сіз маған жолықтыңыз?
Әлде мендік сезімнен жалықтыңыз.
Бәлкім мендік сезімнің алауына,
Жанып кете жаздаудан қорықтыңыз.
Сіз де мені сүйесіз, сүйгеннен соң;
Тіршіліктен безе алмай үйренген сол.
Сізге менің өлеңім апарады,
Маған қайта әкелмес ирелең жол.
Өкпешілдеу, өктемдеу кейіптемін,
Ұмыттыра алмайсыз өткені.
...Қайта бір күн бәрібір жолығамыз,
Қатаң әрі мейірбан кейіпкерім.
***
Мен оны қызғанбаймын неге екенін?
Білемін... Оған ғашық қыздардың көп екенін.
Сезімнің қоя алмаймын нүктесін де,
Сөзімнің айта алмаймын тоқ етерін.
Мен оны қызғанбадым... жыламадым,
Сыртынан сырын тергеп сұрамадым.
Менен өзге біреулер сүйіп қалса,
Мәртебесі өскендей қуанамын.
Мен үшін дүр махаббат мүмкін елес,
Сол үшін бола берсін мың күн егес.
Ондай ғажап адамды жер бетінде,
Менің ғана сүюім мүмкін емес!
***
Мен Сізге керекпін бе шыныменен?
Таңдайыңызға тати ма шырын өлең?
Бұл көңілдің кетеді кірі немен?
Бұл өмірдің бітеді сыры немен?
Мен Сізге керек пе екем расында,
Асау жүрек көнбейді жуасуға.
Бақыр құрлы көрмеген Асылзатты,
Айырбастай алмай жүр мың асылға.
Мен сірә керек екем мына өмірге,
Жатса да жығылмаспын құлап іргем.
Тағдыр менің қақса да тобығымнан,
Тәңіріме сүйеніп тұра білгем.
Мықтылықтан шаршады жан тынысым,
Тау қопарған сияқты талпынысым.
Сіз үшін әлсіз бола салар едім,
«Сен маған керексің!»- деп айту үшін.
Жан емеспін періште кейіптегі,
Сіз деп сүрсем өмірді айып па еді?
«Сен маған керексің ғой!»- дей салыңыз,
Сіз де маған керексіз өйткені.
***
Мен Сізді күліп қарсы алғым келген,
Ән сал,ым келген бақыттан.
Көңілмен ғана тамсанғы келген,
Жеңілгім келмей уақыттан.
Түсімде жас боп тайғанадым мен,
Түндерге сіңіп қаншама.
Күлімдеп көзбен аймаладым мен,
Жүрегім жылап тұрса да.
Ұмытқым келіп мәнсіз күнімді,
Өзіммен өзім ұрыстым.
Көрсеткім келмей әлсіздігімді,
Әдемі болуға тырыстым.
Дауасыз дертім табытқа сүйреп,
Тәнімді тіліп күйреткен.
Сіз көрген кезде қамықпасын деп,
Күліп түсемін суретке.
Бейнеңіз – сағым алдан құбылған,
Сағым боп, сірә, қаласыз.
Мен Сізді сүйіп қалғандығымнан,
Тірі жүрмін-ау шамасы!
***
Түн қатқан мұңым ерекше, тосын,
Санама сіңіп өлшеніп.
Өзіңе өлең жазам да сосын,
Жыртамын пәрше-пәрше қып.
Шатасып кейде қиялдан басым,
Серпілген бір сәт кезім жоқ.
Әңгіме-дүкен құрамын сосын,
Сен болып және өзім боп.
Болғанда бұлай бақытсыз басым,
Бақытым немен өлшенбек.
Ұйқыға жатсам, тілеймін сосын,
Түсімде сені көрсем деп.
Жанымды менің шарпыған жасын,
Мұң тұрад көзде күлсем де.
Сырымды төгіп хат жазам сосын,
Жолданбайтынын білсем де.
Көнемін, мейлі, төгілсін жасым,
Басса да мұңым еңсені.
Тәңірден үзбей тілеймін сосын,
Бақытты етші деп сені.
****
Жалықтым ба жалпақшешей ездерден,
Қарықтым ба жалыны жоқ көздерден,
Жаңа ұқтым да жанған оттың жылуын,
Қасірет жоқ екендігін сезбеуден.
Сонан кейін сорлы жүрек солықтап:
«Енді ешқашан сүймеймін!» деп сөз берген.
Адастым да жарық күнде жол таппай,
Арт жағыма қарай бердім жалтақтай.
Жердің жүзін шарлап кеткім келеді,
Жүрегімді қоятұғын жер таппай.
Күйбең тірлік батырмайды балына,
Сүйген жүрек ең әуелі сор татпай.
Оқылмай-ақ тозған көне кітаптай,
Отыз жылым өтті зулап сынаптай.
Отырғаным мынау енді ой бағып,
Сыр мен жырым жанымды үгіп шыдатпай.
Бір меже бар Аспан жақта, сол жерге,
Өлеңімді апарсам-ау құлатпай.
Сабақ алып жаңылысқан кездерден,
Қарап алып ішкі түйсік көздермен,
Қарсы сұрақ қоятынды шығардым,
Қайқы маңдай қаһаныңа кез келген.
Ұйықтап кетіп, отыз жаста оянып,
Мықтап тұрып сияқтымын өзгерген.
...Жүрек құрғыр тек сөзінде тұрмайды,
«Енді ешқашан сүймеймін!» деп сөз берген.
***
2-ші блок Өмір мен Өлім туралы
Мұңның қою бояуына малып ап,
Мөлдір өлең жазуға да болады ә?!
Ми ішінде мұнар ойлар жамырап,
Жазбасыңа қоя ма?
Жүрегіңді тән ішінде құлыптап,
Түк сезбестей жүруге де болады ә?!
Сезіміңді жүргеніңмен құрықтап,
Сүймесіңе қоя ма?
Қырық жанды жерлеп тастап жан-жаққа,
Тәнмен өмір сүруге де болады ә?!
Тірлік деген бағынған соң бейбаққа,
Тірі өлік боп жүрмесіңе қоя ма?
***
Жан хошыммен жарық қылып әлемді,
Өмір сүріп көргім келген көлемді.
Жоқ іздеуге келгендейміз жалғанға,
Қай жоғыңды түгендейсің ал енді.
Ал мен әрсіз әріптердің ішінен,
Тауып алдым өлеңді.
Бүтіндігін сезінген соң бүлдемнің,
Жанталасқан жан да бір сәт бірленді.
Ажалменен арпалыстым отыз жыл,
Адал жолмен аламын деп жүлдемді.
Ішкі сырын біліп алып тағдырдың,
Үш көшетке өмір беріп үлгердім.
Құрттың өззі күн кешеді ә, қыбырлап,
Қыл-көмейін қыл-қыбырмен тығындап.
Тәннің соры айналғанша бағына,
Жанның сөлін сорып алар сығымдап.
...Бір төбеге белгі қойып кеткенше,
Тағдырменен ойнайды адам тығылмақ.
***
Жүрегіңді жылатады ә, тіршілік,
Кеудең тұман, тұрғанымен күн шығып.
Өлең болып жазылғаны болмаса,
Өлді талай сезімдерім тұншығып.
Өлең емес оның бәрі от еді,
Бір өлеңмен бір ғұмырың өтеді.
Мәңгі емес махаббатқа ақындар,
Мәңгілікке өлең жазып кетеді.
Тәнің тірі, қалғанымен жан семіп,
Жолаушымыз қалжыраған жол соғып.
Жаныңды жеп жазған жырға мұң толы,
Гүл ұсынып жатады ел қол соғып.
Дейсің дағы мөлтек сырдан ой терсін,
Шерлі өлеңмен сезім қылын шертесің.
Көз жасыңа малып жазған өлеңді,
«Керемет!» деп мақтайтынын қайтерсің.
Өлең – өмір, шер толқытса шығады,
Шердің өзін гүл аңқытар шын ақын.
Біздің жүрек пәк сезімі жерленген,
Қабір сынды күңіреніп тұратын.
Балбал тастай бәдіз айтып көнерген,
Өлең үшін ақын біткен өлермен.
Сезімдерге жоқтау айтқан шайырға,
Күліп келіп гүл ұсынар көрермен.
Өлең деген өмір жайлы ақырғы үн,
Үн қатарда аңқиды ғой ақыл мұң.
«Керемет!» деп қол соғардың алдында,
Жүрегіне үңіліңіз ақынның!
***
Жан жүрегімді күйдіргенде азап от,
Көрінуге тырыспаймын да таза боп.
Өзге түгіл, өлеңідерімді өкпелетіп алам деп,
Менде тіпті маза жоқ.
Қылымсуға құштар емес мінезім,
Қуыс кеуде бола алмадым, қу езу.
Сұлу мұңым, сағынышым, өлеңдерім – тұрғыны,
Бір әлеммін – бір өзім.
Шашатарымның ұшына дейін өлең аңқып тұратын,
Мұң мен сырды табыстыру – мұратым.
Менің тегім – Өлең еді жұпарлы,
Өмір еді шын атым.
Жалаң денем сөз айта ма өрелі,
Қалам менен қағаз едім қорегім.
Мені ешкім түсінбейді демеймін,
Өмірді ешкім түсінген жоқ себебі.
Шеңберіне сыймай барам күн, айдың,
Шеңгел-өмір тырнаса да шыдаймын.
Өмірді қойш...
Мен өзімді түсінгенсәт адамзат
Ағыл-тегіл жылайды.
Донор
Наз айта алман дүние тарлығына,
Өлгеннен соң өмірлік мәнді ұғына:
Жұпар аңқып жүрсін деп жер бетінде,
Жанымды бөліп берем барлығыңа.
Дүниеде дөп түссең жарасым көп,
Жатсынбаймын сарысың, қарасың деп.
Тасжүрекке беремін жүрегімді,
Жан-жағына мейірмен қарасын деп.
Салынып қайтем босқа сараңдыққа,
Тіреуі жоқ адамға болам тұтқа.
Бүйрегімді беремін бүлкілдеген,
Бүйрегі бұрсын деп тек адалдыққа.
Сеніміммен талайды серік көріп,
Жүрген жанмын өмірге жерік болып.
Адамзаттың барлығын бауыр тұтқан,
Бауырымды алыңдар бөліп-бөліп.
Қиындыққа қаншама бүгілмеген,
Түңілді деп ойлама бүгін неден?
Күллі әлемді көретін көрікті ғып,
Көздерімді алыңдар күлімдеген.
Ештеңе жоқ бұл жерде таңқалатын,
Ақ жүрегін көрсетсе аңғал ақын.
Түңілгенді жырымен демеп жүрер,
Тілімді де алыңдар бал таматын.
Көтер деп те дәметпен төбеңізге,
Тіршіліктің тезіне көнеміз де.
Өмір болса ешкімнен аянбаспын,
Өлген соң да жарайын кәдеңізге.
***
Өмірдің өткендей шебінен,
Тағдырдың өткендей тезінен.
Адамдар ақылды шетінен,
Ал тілі ұзындау өзінен.
Тіл деген буынсыз, тұрақсыз,
Ермегің сәттерде еріккен.
Бәріміз бір ғана сұрақпыз,
Ал жауап көп осы неліктен?
Білмейтін жауабын бермесе,
Білгенін бәрібір жасар ед.
Ділмарлар дәлелмен сөйлесе,
Әлемді үнсіздік басар ед.
Қосылмай күн кешу дүрмекке,
Өмірдің бағалы мәні бұл.
Тыныштық тылсымын білмекке,
Үнсіздік сөйлейді бәрібір.
Сонан соң тағы да сұрақтар,
Дәлме-дәл берілмес жауаптар.
Тілден де ұзындау құлақтар -
Тыныштық кітабын парақтар.
Өлшеуге сөйлемнің көлемін,
Адамның жетпейді санасы.
Ал өмір өлшемі дегенің –
Ауыз пен құлақтың арасы.
***
Қадіріне жеткен кезде бес күннің,
Кешіре алмай өзімді өзім кештім мұң.
Кере-кере кеудем бір күн тесілді,
Көргім келмей табалауын ешкімнің.
Сөйтіп-сөйтіп сансыраған күйге ендім,
Достарымның мысқылына түйрелдім.
Ұстамыма қарсы келіп тұрса да,
Дұшпанды да кешіруді үйрендім.
Жаман доспен қайтем босқа өшігіп,
Жақсылыққа ашық дәйім есігім.
Өзгелердің қателігі үшін де,
Өзім кейде сұрай салам кешірім.
Бақ күшімнен тастың өзі еріген,
Дақ түсірмей өтсем деп ем тегіме.
Қателікпен жаза бассам, адамдар,
Кешіріңдер мені де!
***
Өз өзімді ертегіге сендіріп,
Жақсыға да, жаманға да тең күліп.
Талай мәрте алданыппын, о тоба,
Адамдарды алдамайды деп жүріп.
Мені бәлкім Құдай сөйтіп сынады,
Сынағына мен де сынбай шыдадым.
Әдейілеп сатып кеткен жандарға,
Әлі күнге сенгім келіп тұрады.
Өзім сенгіш, кектенемін несіне,
Одан менің ортайған жоқ несібем.
Өздерін де сан соқтырып кеткенде,
Ең әуелі мен түсермін есіне.
Сөйтіп-сөйтіп өмірді де ұғармыз,
Ұққан сайын ішімізден тынармыз.
Сымдай тартып, сақ болуға үйреткен,
Сатқындарға мың алғыс!
Түнгі қала
Түнгі қала – алып асхана...
Жо-жоқ, масхана,
Дөрекі даяшы, есірген музыка, жылаған жас бала...
Қаланы күнәдан тазартып жүргендей,
Көше сыпырушы көзінің астымен қарайды жасқана.
Түнгі қала – уақыттың ең қараңғы нүктесі,
Жым бола қалады таң ата жынойнақ біткесін.
Аялдамада ең соңғы жабыққан жолаушы,
Автобус келмейді. Күту керек қой күткесін!
Жамырап жатса да жарықтар,
Жарық емес қой бұл әлем,
Алыстан үзіліп жетеді сағынышын жоқтаған бір әуен.
Ай ғана қарайды аспаннан ұялып,
О, түннің Тұмар-ханымы сен неден кінәлі ең?!
Ышқынған жедел жәрдемнің дауысы
Қашып шыққандай мақшардан,
Біреудің соңғы демінің – куәсі,
Әлде жаңа өмір ме басталған.
Алып машина аптығып барады су шашып,
Алып қаланың көшелеріне ласталған.
Түнгі қала түксиген қабағы,
Былғанған дәуірдің балағы.
Көшенің оттары – сұлудың жылауық жанары.
Масхана ішінде мәз болған тобырға,
Терезе сыртынан мәзхабы бөлектер жиіркене қарады.
Түнгі қала – бұл да бір бәдәуи бүркенген,
Бетперде киіп ап шілтерден.
Құрани аяттан тіл терген,
Ал-ы-ыс-тан азанның дауысы естілер,
Міз бақбас мешіттен күмбезін төңкерген!
Таң атып келеді ә,
Түннің бар күнәсін көтеріп,
Тып-тыныш бола қап қала да,
Бейкүнә қалыпқа енерін кім көрген?
Мен әлі отырмын балконда,
Шыға алмай оранған көрпемнен...
***
3-ші блок Азаматтық поэзия
Біз бәріміз қуыршақпыз түбінде,
Басқаруға, бағынуға көндіккен.
Қуыршақтар сөйлейді адам тілінде,
Бірақ олар сөйлей алмас өрлікпен.
Қуыршақтар, құлыншақтар қылығы,
Сізге мүмкін көрінеді әдемі.
Ол – кәдімгі саясаттар былығы,
Сайлау алды сабылысқан әлегі.
Сізге, сірә, оны ұғу қиын-ақ,
Нәзік жіппен басқарады нән күштер.
Бес саусаққа бес қуыршақ киіп ап,
Өз тілінде сөйлетеді әртістер.
Иесі емес ой, қиялдың, сананың,
Түр-тұрпаты аумай қалған өзіңнен,
Жанған оттай жылтылдайды жанарың,
Бірақ ұшқын көрінбейді көзіңнен.
Ауыз да бар, сүп-сүйкімді оймақтай,
Тілге бірақ танытыпты сараңдық.
Саясаттың тереңіне бойлатпай,
Сахнада ойнатады алаң қып.
Шыға алмайсың белгілі бір қалыптан,
Сценарийге бағынасың әуелгі.
Сахнаны биік қойып халықтан,
Тек әртістер басқарады әлемді.
Ұйқыдамыз, сияқтымыз айкезбе,
Ә, айтпақшы, жанымыз бар рухсыз.
Саясаттың сахнасы кей кезде,
Бізбен тіпті ойнауға да құлықсыз.
Көшірмесі ғана сынды тәніміз,
Айтшы өзің «Адаммын!» деп жар сап пе ең?
Олай болса, қуыршақпыз бәріміз,
Бізді біреу басқарады саусақпен.
Қане досым, кіріс енді ісіңе,
Жаратпайды ол жатып ішер жалқауды.
Білек емес, саусағының күші де,
Сені мыжып жіберуге қауқарлы.
Ұнатпаса, ойна, жыла басқаша,
Көрінуі керек мұнда сан қырың.
Сахнадан кете алмайсың ешқашан,
Ол драма – сенің мәңгі тағдырың.
Дарвинизм
Қателсті Дарвин оңбай. Обал-ай,
Қалды маймыл туысқанға жарамай.
Қалай сеніп келген күллі адамзат,
Хайуанды бабамыз деп баладай.
Коммузизм өтті бізді мың арбап,
Коммуналар құрып бітті ұрандап.
Топырақтан жаралыппыз деді ел,
Қолдарына қасиетті Құранды ап.
Құран сөзі- Құдай сөзі, күмән не?
Қайта-қайта оқып жатыр Құранды ел.
Топырақтан жаратқан, о, Құдайым,
Қара жердей енді бізге шыдам бер!
Қателесті Чарлз Дарвин, амал не?
Адам тегі-Хауа Ана, Адам бек.
Топырақты сүйді күллі мұмсылман,
Түбі қайта топыраққа барам деп.
Дарвинизм дәрменсіз боп қалса да,
Ақиқаттың алау оты жанса да.
Артық көріп Алласынан атағын,
Арамызда маймылдар жүр қаншама.
Ақиқатпен өмір сүру қиын-ақ,
Адамдардың ашып бітті миы нақ.
Маймылдардың мемлекетін басқарып,
Шимпанзелер отыр шекпен киіп ап.
Шыдап келген талай сынға, шыдайды ел,
Маймыл біткен жуынады мұнаймен.
Құран сөзін құлағына қыстырмай,
Орангутан отыр ойнап Құдаймен.
Ду мен шудан демі бітіп құрлықтар,
Болып жатыр, бола берер сұмдықтар.
Бұл күпірлік болса дағы кеш, Құдай,
Дарвиннің де ілімінде шындық бар.
Еркін жүзер ғаламзаттық айдында,
Тексіз болсаң азаяды қайғың да.
Дарвин мүмкін меңзеп кеткен шығар ол,
Адамзаттың айналарын маймылға.
Эволюция – енді бізге көне ілім,
Көне ілімге жоқ ендігі көнерім.
Дарвин бірақ кеткен шығар астарлап,
Адамдардың маймыл болып өлерін.
Бірі – маймыл, бірі – әшейін құр дене,
Құр денеге Құдай жайлы дым деме.
Ол Құранды оқымады деймісіз,
Дарвинің де білген шығар бірдеңе.
Алғыс айту керек шығар оған мың,
Теріс ілім – теріс тоны қоғамның.
Адам шығу мүмкін емес маймылдан,
Маймыл болып кетуі оғай адамның.
Жердің үсті адам үшін шер мекен,
Шер мекенде өмір сүру көрге тең.
Біздің маймыл ұрпағымыз күні ертең,
Біз адамнан жаралыппыз дер ме екен?!
Бас
Ұлықтың бәрі ұлы боп кеткен бағы – айбын,
Қуықтай басын иықпен зорға көтеріп,
Құдайдың басы болғысы кеп жүр талайдың.
Бассыздықтардан жанардан жасым жиі ақты,
Кеңсенің ішінде кресло күзеткен көкемнің,
Қарын мен басы алмасып кеткен сияқты.
Саясаттардан сайқали мінез салты нық,
Миықтан күліп, қарынмен ойлап отырар,
Миының орынын ішек-қарынға толтырып.
Бас дегеніңді билік деп ұқсақ әуелгі,
Біреудің басы ұлтына қарап ұлып жүр,
Біреудің басы бұтына ғана тәуелді.
Өзегімді өртеп жалын мен шала күйік дем,
Енді біреулер бастың орнына қара зіл,
Қап-қара тасты көтеріп жүр ғой иықпен.
Көшеден кілең көремін бастың сұлбасын,
Енді біреулер екі дүниені жалғап жүр,
Есірік шалған екіге жарып бір басын.
Басы бар елдің болашағында жарық бар,
Әй, қайдам, бірақ, басқармалардың барлығын,
Басқарып отыр басынан шіріген балықтар.
Басы жоқ елдің бақыты кемдеу, зор қайғы,
«Балықтың» бәрі басы барларды көре алмай,
Топтасып алып, доп қылып қуып ойнайды.
Жалындап мынау жанатын кезде жасын-от,
Көшеге шықсам, кеңсеге кірсем, о, тоба-ай,
Көремін кілең кеудені ғана басы жоқ.
Қалайдан қалай қауақ басымды өр етем,
Күлсалғыш болсаң дабүгінге дейін бағаң зор,
Басыңнан сенің айналып кетем Кенекем.
Құлқынның ғана қу тірлігіне байланып,
Менің де басым бабамның басы сияқты,
Қоғамның кетті күлсалғышына айналып.
***
Еркек
Ендікте, мейлі, жер-көкте,
Ерліктің мәні – еркекте.
Жатып-ақ батыр атанар,
Жаялық пенен жөргекте.
Еркексіз қараң күніміз,
Еркекпен ғана іріміз.
Бөрікпен қағып алмаса,
Басылмас еді жынымыз.
Түсініп, бабын таппасаң,
Түсесің су мен отқа сан.
Екі дүниеде оңбайсың,
Еркеккке егер жақпасаң.
Ұғына білсең ұрыспай,
Жігіттің жаны тыныш жай.
Ешқашан екі сөйлемес,
Еркектің тілі – қылыштай.
Санына ешкім жетпеген,
Еркектер бізде көп демен.
Әйелде ешбір қадір жоқ,
Еркектер сүйіп, өппеген.
Елімнің солар өсімі,
Базары менен несібі.
Еркексіз үйдің болмайды,
Есігі менен бесігі.
Қабағы мұздай қарытар,
Жанары тұздай жанытар.
Еңсеңді солар көтерер,
Еліңді солар танытар.
Бағыңды байлап ашасың,
Жұпарың соған шашасың.
Әйелдің күні еркекпен,
Еркектер мәңгі жасасын!
***
Тобырлап тап-тап басып, сақ-сақ күліп,
Тамырға балташабар мақтап тұрып.
Гүлдетіп алады да көктем шыға,
Күз келе ұшырады бақбақ қылып.
Шіркін-ай, шірік отын арасында,
Сексеуіл өсіп шықса нанасың ба?
Жалаң аяқ қар кешіп жүре берем,
Жығылмай бұрқасын мен борасында.
Бас емес тас көтеріп иықтары,
Күлкіден күдіктенем миықтағы.
Көлемге сыймай жүрген, қайран көңіл,
Өлеңге кетеді екен сыйып бәрі.
Төбемнен тепкілейді тиын қоғам,
Құны жоқ ақындарың бұйым ба оған?
Төкпей-ақ маңдай терін масығады-ей,
Жетпей-ақ қойды менің миым соған.
Нәпсі ойнап, нәлет жеңіп, қызды майдан,
Жақұт жыр, лағыл өлең сүйздім ойдан.
Жаратқан жайдым саған жүрегімді,
Қайыр жоқ жерде жүрген жүз құдайдан.
***
Құстардың тілінде сөйледім,
Қуаныш сезбедің тілімнен.
Құштарлық тілінде сөйледім,
Іштарлық түріңнен білінген.
Жаңбырдың тілінде сөйледім,
Мәңгірдің ештеңе ұқпастан.
Тағдырдың тілінде сөйледім,
Тағалап миыңды мүк басқан.
Махаббат тілінде үн қаттым,
Сезбедім ештеңе шуақты.
Басыңды тағы да ырғаттың,
Балағат естіген сияқты.
Сезімнің тілінде сөйледім,
Безіндің тағы да аулаққа.
Төзімнің тілінде сөйледім,
Езілдім селт етпес салмаққа.
Алаштың тілінде сөйледім,
Ағаштай отадың, опындым.
«Қараштың» тілінде сөйледім,
Қапыда түрмеге отырдым.
Мағжанның тілінде сөйледім,
Мал-жаным құрбан деп жолыңа.
Құр жаным қалғанша сөйледім,
Құрсаулы түскенше торыңа.
Қазақтың тілінде сөйледім,
Мазаққа айнала жаздадым.
Азаттық тілінде сөйледім,
Тозақтың отына маздадым.
Желтоқсан өтінде дірілдеп,
Тілімдеп түнекті сөйледім.
Сен тұрдың миықтан күлімдеп,
Естідің, ештеңе демедің.
Өлгенше жағыма дамыл жоқ,
Өлексе сасимын күрсінсем.
Әуеден жетсем де дабыл боп,
Әлі де міз бақпай тұрсың сен.
Оқыстан ашылып құлағың,
Шындыққа шалқаңнан құларсың.
Ішімнен айғайлап тұрамын,
Түбі бір еститін шығарсың.
Үмітті үзбегін үзік жыр,
Күдікті өзімнің бағам да.
Керексің әйтеуір, қызыл тіл,
Кереңсіп тұратын қоғамға!
Әйел - әлем
Өмір сырын ұқтық па тереңдікпен,
Тереңдікті бәлкім мен сенен күткем.
...Көктем келмей қойса да көп күттіріп,
Мен Көктеммін! – дейді екен әйел біткен!
Бір сейіліп, бір өршіп сезік мұңы,
Төзім деген темірін қазық қылып,
Жаны ауырып тұрса да жадырайды:
Мен күштімін! – дейді екен нәзіктігі.
Бір жастықтың беделін жиі ұқтырып,
Серігіне күш берген сүйікті үні.
Қанағат қып Құдайдың бергеніне,
Бақыттымын! – дейді екен биіктігі.
Тығырықтан шығудың сан амалын,
Табады да шығады. Қара, жаным!
Қара нан мен қара су ішсе дағы,
Мен баймын! – деп құшады балаларын!
Өмір сырын ұқтырып, өң, әдебі,
Әлдиімен ырғалған үн, әуені.
Құдай өзі жаратқан қылығымен,
Мен Әйелмін дейді екен ең әдемі!
Жас ақса да жанардан жымиясың,
Ақ отауға балайды ақ ұясын.
Әйел деген кім десе – Әлем дер ем,
Дүниенің ең жұмбақ құпиясы!
Ақынның жары
Көңілді билесе де сары уайым ой,
Аңсаған арманыма айналған соң,
Мен саған өкпелей де алмаймын ғой.
Елес-нұрын қиялда гүлден құрап,
Қыз жүрегін бүрлетер ақыным-ау,
Қызғану да өзіңді үлкен күнә.
Қашан келсең, дастархан, тұз-дәм дайын,
Хаттар келіп жатса да ағыл-тегіл,
Қабарып қара сөзден қызғанбайын.
Асқынса да жүректе жара, сорам,
Жанарыңда бұлқынып бойжеткен қыз
Жатса да,
Байқамаған бола салам.
Сені сүйем! Ай мен Күн куә соған,
Жағасында көйлектің ерін табы,
Ештеңе етпес (ерінбей) жуа салам!
Қыздардың арасында бағаң зор, ә!
Екі-үш күн төсегімде жалғыз қонсам,
Керісіп керегі не соған бола.
Базарыңа бар ғұмыр бәсін қиып,
Ашуымды жеңдіріп ақылыма,
Аңқылыңа өтермін басымды иіп.
Ер алдында әйелдің ақысы көп,
Хордың қызы болса да қандай әйел,
Құрықтауға Ақынды қақысы жоқ!
Білем ғой жасқасаң да, қоштасаң да:
Ақын түгіл, бір еркек бір әйелмен,
Бақытты бола алмайды ешқашанда!
Үдесінен шықсын деп тіккен үйің,
Қиын маған өлең қып жазу мұны,
Ал өмірде орындау тіптен қиын.
Ақылың мен ашуың жақын қонса,
Ақынға әйел болу оңай емес,
Ол әйелдің өзі де ақын болса!
Өмір сырын ұқтық па тереңдікпен,
Тереңдікті бәлкім мен сенен күткем.
...Көктем келмей қойса да көп күттіріп,
Мен Көктеммін! – дейді екен әйел біткен!
Бір сейіліп, бір өршіп сезік мұңы,
Төзім деген темірін қазық қылып,
Жаны ауырып тұрса да жадырайды:
Мен күштімін! – дейді екен нәзіктігі.
Бір жастықтың беделін жиі ұқтырып,
Серігіне күш берген сүйікті үні.
Қанағат қып Құдайдың бергеніне,
Бақыттымын! – дейді екен биіктігі.
Тығырықтан шығудың сан амалын,
Табады да шығады. Қара, жаным!
Қара нан мен қара су ішсе дағы,
Мен баймын! – деп құшады балаларын!
Өмір сырын ұқтырып, өң, әдебі,
Әлдиімен ырғалған үн, әуені.
Құдай өзі жаратқан қылығымен,
Мен Әйелмін дейді екен ең әдемі!
Жас ақса да жанардан жымиясың,
Ақ отауға балайды ақ ұясын.
Әйел деген кім десе – Әлем дер ем,
Дүниенің ең жұмбақ құпиясы!
Ақынның жары
Көңілді билесе де сары уайым ой,
Аңсаған арманыма айналған соң,
Мен саған өкпелей де алмаймын ғой.
Елес-нұрын қиялда гүлден құрап,
Қыз жүрегін бүрлетер ақыным-ау,
Қызғану да өзіңді үлкен күнә.
Қашан келсең, дастархан, тұз-дәм дайын,
Хаттар келіп жатса да ағыл-тегіл,
Қабарып қара сөзден қызғанбайын.
Асқынса да жүректе жара, сорам,
Жанарыңда бұлқынып бойжеткен қыз
Жатса да,
Байқамаған бола салам.
Сені сүйем! Ай мен Күн куә соған,
Жағасында көйлектің ерін табы,
Ештеңе етпес (ерінбей) жуа салам!
Қыздардың арасында бағаң зор, ә!
Екі-үш күн төсегімде жалғыз қонсам,
Керісіп керегі не соған бола.
Базарыңа бар ғұмыр бәсін қиып,
Ашуымды жеңдіріп ақылыма,
Аңқылыңа өтермін басымды иіп.
Ер алдында әйелдің ақысы көп,
Хордың қызы болса да қандай әйел,
Құрықтауға Ақынды қақысы жоқ!
Білем ғой жасқасаң да, қоштасаң да:
Ақын түгіл, бір еркек бір әйелмен,
Бақытты бола алмайды ешқашанда!
Үдесінен шықсын деп тіккен үйің,
Қиын маған өлең қып жазу мұны,
Ал өмірде орындау тіптен қиын.
Ақылың мен ашуың жақын қонса,
Ақынға әйел болу оңай емес,
Ол әйелдің өзі де ақын болса!
***
Адамзаттың таусылған ба құмары,
Болған емес бір мінезде тұрағы.
Менің өзім бетпақтанып кей кезде,
Беттен алып ұрысқым кеп тұрады.
Әр күнімді жүрмін міне парақтап,
Дейтін анам «аяғыңды санап бақ».
Салмақтырақ көрінгенмен кетеді-ай,
Қызғаныштың қызыл иті жалақтап.
Тапсам деймін бір бағытта тек тұрақ,
Түніменен мазамды алар көп сұрақ.
Тегі қымбат өлең жазып жүрсем де,
Кейде арзан өсек айтқым кеп тұрад.
Жүрем кейде көше кезіп сенделіп,
Түнде отырам есті сөзбен «емделіп».
Алла мені адам қылып жаратса,
Өмір мынау жіберіпті пенде қып.
Атақ қуып сыймай кетем өлкеге,
Долданатын кездерім көп жер тебе.
Ақындығым аламанда алдырмас,
Әйелдігім – ол өзінше бір төбе.
Әйел
Қырық айла- барлық қару-жарағы,
Бір әйелдің бір-ақ тамшы жасына,
Бүкіл әлем батып кете барады.
Әулиеден кем түспейтін дерегі,
Кешір, Құдай,
Сенен кейін адамзат
Әйелдерге табынады себебі.
Күдігіңді күлкісімен күрейді,
Сайтан екеш сайтандардың өзі де,
Әйелдердің санасына түнейді.
Ұсын оған төріңді!
Тырнағыңа татырмасаң, сол әйел,
Тырнағымен қазып берер көріңді!
Әйелдердің аяғына бас ұрып,
Өр кеуделі ақындардың өзі де
Өліп кеткен бұрымына асылып.
Сол ма саған керегі?!
Ерініңнен сүйіп тұрып ол сенің,
Ел-жұртыңды жаулап ала береді.
Тұңғиығы батқан сайын тереңдер,
Соғысты да өршітетін әйелдер,
Саясатты жасайтын да әйелдер.
Әуейі қып от құштырар гүл демі,
Әлем сырын ұғу қиын жалғанда,
Әйел жаны одан бетер күрделі.
О, олардыңғ бөлек мүлдем әлемі,
Шеттерінен шекер жалын, әдемі,
Кешір, Құдай,
Сондықтан да еркектер,
Әйелдерге табынады әуелі.
Адамзаттың таусылған ба құмары,
Болған емес бір мінезде тұрағы.
Менің өзім бетпақтанып кей кезде,
Беттен алып ұрысқым кеп тұрады.
Әр күнімді жүрмін міне парақтап,
Дейтін анам «аяғыңды санап бақ».
Салмақтырақ көрінгенмен кетеді-ай,
Қызғаныштың қызыл иті жалақтап.
Тапсам деймін бір бағытта тек тұрақ,
Түніменен мазамды алар көп сұрақ.
Тегі қымбат өлең жазып жүрсем де,
Кейде арзан өсек айтқым кеп тұрад.
Жүрем кейде көше кезіп сенделіп,
Түнде отырам есті сөзбен «емделіп».
Алла мені адам қылып жаратса,
Өмір мынау жіберіпті пенде қып.
Атақ қуып сыймай кетем өлкеге,
Долданатын кездерім көп жер тебе.
Ақындығым аламанда алдырмас,
Әйелдігім – ол өзінше бір төбе.
Әйел
Қырық айла- барлық қару-жарағы,
Бір әйелдің бір-ақ тамшы жасына,
Бүкіл әлем батып кете барады.
Әулиеден кем түспейтін дерегі,
Кешір, Құдай,
Сенен кейін адамзат
Әйелдерге табынады себебі.
Күдігіңді күлкісімен күрейді,
Сайтан екеш сайтандардың өзі де,
Әйелдердің санасына түнейді.
Ұсын оған төріңді!
Тырнағыңа татырмасаң, сол әйел,
Тырнағымен қазып берер көріңді!
Әйелдердің аяғына бас ұрып,
Өр кеуделі ақындардың өзі де
Өліп кеткен бұрымына асылып.
Сол ма саған керегі?!
Ерініңнен сүйіп тұрып ол сенің,
Ел-жұртыңды жаулап ала береді.
Тұңғиығы батқан сайын тереңдер,
Соғысты да өршітетін әйелдер,
Саясатты жасайтын да әйелдер.
Әуейі қып от құштырар гүл демі,
Әлем сырын ұғу қиын жалғанда,
Әйел жаны одан бетер күрделі.
О, олардыңғ бөлек мүлдем әлемі,
Шеттерінен шекер жалын, әдемі,
Кешір, Құдай,
Сондықтан да еркектер,
Әйелдерге табынады әуелі.