Күмән иманнан айырады
Абайдың алғашқы атқа мініп, ел сөзіне кірісіп жүрген кезінде жеті болыс елдің бас қосқан дүбірлі жиналысы болыпты. Сол жиналысқа тобықтыдан бала би Абай келіпті. Билер отырған үйге сәлем беріп кіріп келсе, бұрыннан отырған жуан қарын, егде билер Абайды біле тұра жөндеп орын бермепті. Бұл кезде олардың Абайды «Орысша оқыған, дінді де толық ұстамаған», – деп жаратпай жүретін кездері болса керек.
Абай келіп, төрдің ең жоғарғы ортасына отырады. Жұрт өте салқын амандасады. Біраздан соң билер намаз оқуға кіріседі. Абай бұрын намаз оқымайтын. Бірақ осы арада бұл да елмен қатар намазға тұрады. Бір би имам болады. Тәрізі, осы би өзінше отырған билердің ішіндегі әрі айтқыш, әрі жасы үлкен беделдісі болса керек. Намазды оқып болып, орынға отырып жатып Абайға:
– Шырағым, сен осынша тәкаппар екенсің, тәкаппарлық – кәпірлік, намазыңды қайта оқы! – депті. Абай:
– Мәнісін түсіндіріңіз? – десе, әлгі би айтыпты:
– Біз бәріміз қолымызды кеудемізге қойып саламат айтқанда, сен бойыңды өте керіп, қолыңды кіндігіңнен төмен тәніңнің басына қойып тұрдың. Бұл құлшылық емес, тәкаппарлық, жуандық. Сондықтан бұл ісіңіз кәпірге ұқсайды, – депті. Сонда Абай:
– Бұлай болса, Аллаға шүкір, мен мұсылман екенмін, сен қасындағысын қарақтаған шайтан екенсің. Менің көзім сәжде де, көкірегім Алла да, аузым саламатта тұрғанда, сенің көңілің күндестікте, көзің менің іс-әрекетімде болыпты ғой, намазды сіз қайта оқыңыз, әйтпесе, мұныңыз намаз болмайды, – депті.