Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кең болсаң кем болмайсың

Кең болсаң кем болмайсың

Абай өз заманындағы адамшылығы мол, кем-кетікке жәрдемі көп, көпшіл, мейірімді кісі еді. Көкенталының бауырында тұратын Ұзатқан деген бір кедей шаруамен өмірден өткенінше дос болып өтіпті. Дәйім Семейге келгенінде, қайтқанында ылғи сонда түсіп, сонда қонатын болған. Ұзатқан тіпті сіңірі шыққан қара қасқа кедейдің өзі екен. Оның о жақ, бұ жағынан күннің сәулесі жұлдыздай андыздап тұратын қара лашық ішінде Абай аткөрпесін астына салып, шапанын жамылып, жеңін жас­танып талай қонған. Сөйтіп жүргенде бір күні түнде Абай қонып жатқанда, қалың нөсер жаңбыр болып, Абайға үйден пана боларлық орын табылмапты. Абай:
– Қайтер дейсің, жаңбыр – нұр ғой, – деп шапанын басына бүркеніп, таң атқанша жата алмай отырыпты. Ертеңінде Абай қайтарында:
– Ұзатқан, күзем кезінде біздікіне келерсің? – депті. Айтқандай ел күземін алған соң Мұсақұлда отырған Абайдың ауылына Ұзатқан келіпті. Бірнеше күн жатып, енді қайтарында, Абай Ұзатқанды шығарып алып:
– Не сұрайсың, досым? – дейді.  Ұзатқан:
– Түк сұрамаймын, – депті. Сонда Абай:
– Мынаған, бір ат әкеліп ноқталаңдар, – депті. Сонда Ұзатқан:
– Әй, Абайжан-ай, қателестің ғой, – депті. Абай:
– Олай болса, мынаған бір үлкен кесек киіз дайындаңдар, атты да, киізді де ал, разымын, – депті. Ұзатқан:
– Абайжан, бұл бір кесек киізді жаңбыр жауған күні сенің тұсыңа тартам ба, өз тұсыма тартам ба? – депті. Сонда Абай сүйсініп:
– Е, байқұсым, солай де ... – деп бір жақын адамдарын шақырып алып:
– Қазір төрт қанат үйге бау-шуымен киіз дайында! – депті.
Сөйтіп осы жолы Ұзатқан бір ат пен төрт қанат ақ үй алып қайтыпты.
29 ақпан 2020 ж. 1 232 0