Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас инженер

Бас инженер

Энергетика саласы адам өміріне ауадай қажет мамандық қатарына кіреді. Үнемі тиянақтылық пен ұқыптылықты қатаң қағидаға айналдырған энергетиктер қателікке жол бермеуді басты назарда ұстайды. Жастайынан электр жүйесінің қыр-сырына қаныққан Серік Бегманов жауапкершілігі мол қызметте өз біліктілігін арттырып келеді.
Бүгінде аудандық электр жүйесі мекемесінде бас инженер болып жұмыс жасайтын Серік Өтегенұлы өз саласының қиындығына қарамастан сан мәрте еңбегінің жемісін көрді. Шын мәнінде адам өміріне қауіп төндіретін салада жұмыс істеу асқан жауапкершілікті жүктейді. Қапелімде орын алған қателік орны толмас шығынға ұшыратады. Көзге көрінбейтін, иісі шықпайтын, өз­дегінен ұстап көре алмайтын тоқтың қуаттылығы жоғарылаған сайын адамға да қауіптілік еселенеді. Әр істі елеп-екшеп, мұқият жоспарлап, сақтықты назарда ұстау – кәсіби маманның міндеті. Орынсыз олқылықты болдырмау үшін жұмыс барысында түбегейлі ұтымды шешім қабылдау маңызды. Себебі электр жүйесінің тұйықталуы мен зақымдалуын уақытында қалыпқа келтіруде түрлі қиындықтар кездесетіні рас.
Негізінен, электр жүйесі жалғанған бағана басына шығудың өзіңдік талаптары бар. Бөрене бағанасына шығу үшін сала мамандары «кукти», бетон бағанаға «лаз» деп аталатын арнайы құралды пайдаланады.  Белдеулікті нықтап байлап, жұмысты ыждағатты орындау шарт. Үздіксіз теңселіп тұрған 10-16 метрлік бағана басынан жердегі көмекшімен байланыс орнатылады. Кейде дер кезіңде ақауды жоюда тәуекелге баратын кездер жиі орын алады. Кенеттен шалыс қимыл жасаған жағдайда тоқ ұрып, адамға қиындық соқтырады. Адамның тоқ ұрғанда өз-өзін сенімді ұстауы барлық тығырықтан шығуға көмектеседі. Қобалжу мен қорқыныш үдеген сайын жұмыс жасау мүмкіншілігі төмендейді. Сондықтан да іштегі үрейден арылып, қалыпты жұмыс істеуге мүмкіншілік туғызған жөн. Бұл қатаң қағиданы бас инженер әріптестеріне  күнделікті ескертіп отырады.
Ең алғаш қатардағы  электр-монтер болып жұмы­сын бастаған маман осыдан жиырма жыл бұрын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техни­калық колледжіне «Электр-техник» мамандығы бойынша оқуға түседі. Сол күннен бастап электр қуатының негізгі атқаратын міндетін зерделеп, бағдарлы білім алады. Ол №131 орта мектептің түлегі. Қашанда жауапты мамандықта шыңдалып, әр­кез қырағылық танытатын кәсіби маман 2003-2006 жылдары Қызылорда инженерлік-экономикалық инс­ти­тутында энергетик мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Өз ісінің шебері отбасында үш ағайынды. Бүгінде жары Әселмен 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.
Серік Өтегенұлы бізбен әңгіме барысында өз тәжірибесімен бөлісті.
– Мамандық таңдауда жаңылыспай, ха­лыққа қызмет етуді мақсат тұттым. Осы кезге дейін түрлі қиындықты бастан өткердік. Ұжымдағы аға буын өкілдерінен білмегенді үйреніп, мол тәжірибе жинақ­тадым. Олқылық пен салғырттыққа бой алдыру кәсіби маман үшін кешірілмейтін дүние. Сондықтан да өз салам бойынша үнемі ізденіп,  ұтымды әдісті қолдануға тыры­самын. Алғаш 23 жасымда бағана басына шығып, электр жүйесінде орын алған ақауды орнына келтіргенмін. 2009 жылы шебер, 2011 жылы инженер қызметін атқардым. Ал өткен жылы аудандық электр жүйесі мекемесінің бас инженері қызметі жүктелді. Біздің аймақта  желді, дауылды күндер жиі болады. Табиғи құбылыстар  тұрмыстық техникаға әсер етеді. Сондықтан тұрғындарға мұндай жағдайда техниканы тоқ көзінен ажыратуға кеңес береміз. Қыс айларында қолайлы электр энергиясын қамтамасыз ету барысын пысықтау үшін үнемі олқылықты жоюға жұмыс жасаймыз. Бұл ретте біздің мамандар жел мен дауылда, жаңбырлы күні қатерге бас тігеді, – дейді бас инженер.
Ауданға электр энергиясы үш бағытта тасымал­данады. Негізінен үлкен электр желісі Жалағаш және Тасбөгет, Қызылорда бағыты бойынша келіп, аудан тұрғындарын тоқ көзімен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда аудандық электр жүйесі мекемесінде 52 қызметкер жұмыс істейді. Осы орайда күнделікті жұмыс барысында түрлі қиындықпен бетпе-бет келетін Серік Бегмановтың қызметіне сәттілік серік болсын дейміз. 


Балтабай ОРДАБЕКОВ 
22 ақпан 2020 ж. 579 0