ТҰРҒЫН ҮЙІҢІЗДІ ӨРТ ШАЛМАСЫН
Өрт – адамдың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне зиян, материалдық залал келтіретін бақылаусыз жану. 2018 жылдың 12 ай көлемінде Сырдария ауданы бойынша 36 өрт оқиғасы орын алса, оның 28-і тұрғын үйлерде орын алған. Өрт оқиғасы себебінің басым бөлігі үй тұрғындарының кінәларынан. Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің 410 бабына сәйкес (Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу немесе орындамау) 16 – жеке тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, шара көрілген. Заңды білмеу оның алдында жауап беруден босатпайды, сондықтан өрт шығу факторларының алдын алу Сіздің қолыңызда.
Шылым шегуден және ашық оттан болатын өрттердің оңай алдын алуға болады. Төсекте жатып шылым шегуге болмайды, өйткені ұйықтап қалып, жанып жатқан темекіден төсек-орын жанып, өрт шығу қаупі бар.
Кейбір азаматтар қораларға, қоймаларға, шатырға кірген кезде шырақ жағады. Ашық отты пайдалану ерекше сақтықты талап етеді. Өрт қауіпсіздігі ереже талаптарын сақтау керек.
Шатыр бөлмелерін, сатыларды, дәліздерді әр түрлі қосалқы бөлмелерді шеберханалар орнына пайдалануға және үй тұрмыстық заттарымен бөгеп тастауға болмайды. Шатырларды әрқашан тазалықта ұстау керек.
Тоқ өткізу жүйелеріндегі ақаулар кесірінен болған өрттердің санағы бойынша өрттің көбісі дұрыс орнатылмаған және дұрыс қолданылмаған электр қондырғылардың кесірінен болатындығы белгілі. Ерте ме кеш пе, дұрыс орнатылмаған желілер, қате жалғанған кабельдер, сақтандырғыштағы ақаулар өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
Отбасыңызды өрттен сақтау үшін бірқатар ережелерді сақтау қажет:
- бір уақытта желіге қосылған бірнеше электр құрылғылар тоқ жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі және ол өрт туындауының себепшісі болуы мүмкін;
- егер сіз тұрмыстық техниканы іске қосқанда және сөндіргенде, ұшқын көрсеңіз немесе электр құрылғыларды желіге қосқанда розеткалар қыза бастаса, ол желілердің ішінде ақау бар деген сөз. Өрт қаупінің алдын алу үшін розеткаларды ауыстыру қажет;
- есіңізде болсын, сақтандырғыш электр жүйелерінің тұйықталуынан сақтайды, бірақ өрттің алдын алмайды. Сол себепті тұрмыста сапасыз тоқ көзі мен ұзартқыштарды қолданбаңыздар, себебі олар өрт қаупін көп еселейді. Тек қана сапалы электр құрылғыларды пайдаланыңыздар. Егер құрылғыны тоқ көзіне қосқанда, бөлме жарығында ақау пайда болса, ол тоқ жүйелерінде шамадан тыс жүктеу бар екендігінің белгісі. Бұл міндетті түрде дұрыс жұмыс істемеген тоқ жүйелерінің кесірінен емес, көп жағдайда ақау, дұрыс орнатылмаған желілер мен нашар тартылған қосылулардан болады. Ал, бұл өрттің бірден-бір себепшісі. Мұндай жағдайда міндетті түрде электрикті шақырту қажет. Өрттің шығуы тұрғын үйдің ескілігінен, ескірген электр жүйелерінен, ал ең бастысы, тоқ желілеріне немқұрайлы қараған тұрғындардың кесірінен шығады.
Өрт шыққан жағдайда, ең алдымен «101» нөмерін теріп, азаматтық қорғау қызметін шақырыңыз. Өз мекен-жайыңызды дұрыс жеткізіп, өртеніп жатқан жерді сипаттап беріңіз. Өрт сөндірушілер келгенше, өрт көзін жабуға әрекет жасаңыз. Өрт өршіп кетсе және Сіздің оны оқшаулағауға шамаңыз келмесе электр ажыратқышты өшіріңіз. Егер мүмкін болса, өрттің өршуін көп еселейтін газ баллонын сыртқа шығарып, есіктерді жауып, өртеніп жатқан жерден қауіпсіз аймаққа шығыңыз.
Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі