Шығынға бармас үшін сақтану қажет
Өрт – адамдарға, жалпы қоғамға қауіп төндіретін құбылыс. өрт оқиғалары көбіне өзіміздің салғырттығымыздан, жауапсыздығымыздан болып жатады. Оның салдарынан материалдық шығын келіп қана қоймайды, Кей жағдайда адам өміріне де қауіп төнеді. Өрт себебінен көп шығынға ұшырап, зардап шегушілер бүгінде аз емес.
2019 жылдың 9 айында ауданы бойынша 40 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 16 немесе 40 процентке көбейген. 41 өртке жатпайтын жану оқиғасы (2018 жылы – 66) тіркелген. Тілсіз жаудан қаза тауып, өрт кезінде күйік алған азаматтар жоқ (2018 жылы – жоқ). Ал жеке тұрғын үйлерде – 29, автокөліктерде – 8, нысандарда 3 өрт оқиғасы орын алған. Олардың негізгі шығу себебі пештің ақаулығынан немесе пеш пайдалану кезінде өртке қарсы қауіпсіздік ережесін сақтамаудан, электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан, балалардың отпен ойнауынан, ашық отты пайдаланудан болып отыр.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде өрт қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін өрт оқиғасындағы кінәлі тұлғаларға әкімшілік шаралар көрілетіні ескертілген. Сонымен қатар қасақана от қойылған жағдайда кінәлі тұлғаға Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалады.
Өрт – айтып келмейтін апат, яғни өрт оқиғасы бола қалған жағдайда үлкен шығынға әкеліп соғатыны барлығымызға мәлім. Сондықтан бұл апаттан әрдайым сақтанғанымыз дұрыс.
Төтенше жағдай орын алғанда шұғыл түрде өрт сөндіру бөліміне, «101» немесе «112» телефонына хабарласып, сала мамандарына мәлімет айтылуы керек.
Сырдария ауданының
төтенше жағдайлар бөлімі