Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орта Азия жастарының көшбасшысы

Орта Азия жастарының көшбасшысы

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын әріптестеріммен бірге Мәскеу қаласына халықаралық конференцияға барудың сәті түсті. Екі күнге созылған конференция басталмас бұрын жетекшіміз уақыт тауып, сырбойылық журналистерді қазақтың жалынды жасы, небәрі 23 жыл ғұмыр кешкен жастар қозғалысының ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаев жатқан қорымға бастап апарды.
Мәскеудің ортасында орналасқан Ваганьково қорымына аяқ басқан сәттен бастап аспаннан майдалап жауған жауын-шашынға қарамастан біздер алдын ала берілген мәлімет бойынша қазақтың қайсар ұлының жатқан жайын іздей бастадық. Талай адамның мәңгілік мекеніне айналған қорымнан іздегенімізді табу оңайға соқпады. Бас-аяғы 1-2 сағаттай уақыт кетті. Ақырында қорым әкімшілігінен сұрастыра келе арнайы сызба арқылы жалынды жастың жайын таптық. Ол кезде аспаннан жауған күзгі нөсер шелектеп құя бастады. Алақандай жердің айналасы темір қоршаумен қоршалып, көлемі үлкендеу мемориал – көк тасқа Ғани бейнесі қашалып, аты-жөні жазылған. Мәрмәрдан жасалған мәңгілік мекеннің айналасын жапқан жапырақтардан дереу тазалап, алақанымызды жайып, рухына Құран бағыштап, мақсатымыздың орындалғанына тәубе еттік.
Қорымнан шыға бере көктен жауған суық жа­уын да күшіне мініп, аспан да жылап тұрғандай әсер етті. Қазақтың қайсар ұлына жат жерден топырақтың бұйырғаны тағдырдың жазуы болар. Өмірден қыршын кеткен жалынды жастың қазақ елі үшін жасаған ерлігі ұмытылмақ емес.
Тереңөзек кенті орталығында Ғани Мұратбаев есімін алған көше бар. Бұл көшеге аудандық ономастикалық комиссияның 2011 жылғы 7 шілдедегі №2 ұйғарымымен осы атау берілген. Кенттегі ең ұзын көшелердің бірі саналатын Ғ.Мұратбаев атындағы көшеде аграрлы-техникалық колледж, Ұлттық сараптама орталығының аудандық бөлімшесі, әлеуметтік дүкен, жеке сауда дүкендері мен тұрғын үйлер орналасқан. Көше темір жол бойынан басталып, «Майжарма» жағалауынан өтіп, Шамахан Құндызбаев, Аманкелді Иманов, Дүйсенбай Керейтбаев көшелерімен түйіседі. Кең, әрі жасыл желекке оранған көшеде көліктер қатынасы тәулік бойы үзілмейді.
Қазақтың біртуар ұлы туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі мен «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілген.
Қазалы ауданында 1902 жылы дүниеге келген  Ғани Мұратбаев орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін бітіреді. Сонан соң Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсында оқиды. Сонан соң Ташкент қаласындағы мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін тәмамдайды. 17 жасында Коммунистік жастар ұйымына қабылданып, қалалық комитетте жұмыс істейді. Жетісуда мұғалімдер да­йындайтын курс ұйымдастырады. Жетісу облысында, Ташкент, Самарқан, Верный қалаларында комсомол ұйымының негізін қалауға атсалысады. Жетім балаларды балалар үйіне, интернатқа орналасуына белсенді араласып, интернаттың директоры болады. 18 жасында қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарады. Ғ.Мұратбаев 1921 жылы Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Елжанды азамат Ташкентте «Жас алаш» газетінің редакциясын ашып, оның тұңғыш редакторы болады. Өмірінің соңғы жылдары Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жас­тар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ғ.Мұратбаев Хорезм республикасының «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Жастар қозғалысының жетекшісі өкпе ауруына шалдығып, сол дерттен 1925 жылы 15 сәуір күні Мәскеуде қайтыс болады.
Орта Азия жастарының көшбасшысы Ғани Мұрат­баевтың есімін мәңгі жаңғырту мақсатында туған жері Қазалыда мемориалдық мұражайы ашылған. Шығыс жастарының баянды болашағы үшін ғұмырын сарп еткен қоғам қайраткерінің тұла бойы қайсарлыққа, намысқа, жігерге, парасатқа толы болды. Оның асыл қасиеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Алаш арыстарының бірі болған Ғани Мұратбаевтың өмірі жарқ еткен жұлдыздай ағып өтті. Қазақ халқын жастайынан аштықтан арашалауға, сауатсыздықты жоюға бар ғұмырын тауысқан ағартушы-педагог алдына қойған ұлы мақсатқа көп қиындықты жеңе отырып жетті.
Осындай қысқа ғұмырлы болған қоғам белсендісі – Ғани Мұратбаевтың өмірі шын мәнінде тоқтаған жоқ. Оның бар мақсатын алға жетелейтін жастар легі өсіп келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
22 ақпан 2020 ж. 636 0