Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Стадион еуропалық талаптарға сай

Стадион еуропалық талаптарға сай

Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізілді. Жаңа кейіпке енген спорттық ғимарат өткен аптаның сенбісіндегі жергілікті "Қайсар" мен Қарағандының "Шахтері" арасындағы кездесудің алдында пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. Аймақ басшысы ел алдында өзінің жылы лебізін білдірді.
– Өскелең ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыруға "Қайсар" футбол клубы үлкен үлес қосып келеді. Биыл командамыз сәтті ойынымен жанкүйерді қуантып жүр. Атап айтсақ, "Қайсар" 20 жылдан кейін командасы Қазақстан кубогының финалына шықты. Бұл үшін футболшылар мен бапкерлерге үлкен алғыс айтамыз. Бүгін біз ерекше шараның куәгеріміз! Осыдан бір жарым жыл бұрын стадионды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ендігі кезекте құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілмек. Стадионға еуропалық стандартқа сәйкес итальяндық "ItalGreen" маркалы жасанды шөп төсеніші жайылды. Ол әлемдегі ең жоғары сапалы көгал болып есептеледі. Өткен аптада УЕФА-ның инспекторы Лундстром Питер Паул келді. Мәртебелі мейман жүргізілген жұмыс барысымен танысты. Пайдаланылған материалдардың сапасына оң баға берді. Біздің стадион УЕФА сараптамасы бойынша екінші деңгейге лайық деп танылды. Енді халықаралық деңгейдегі кез келген ойынды кез келген ойынды қабылдай алады - деді облыс әкімі. Спорттық ғимарат өңірде футболды дамытуға барынша қолдау жасалып келеді. "Қайсардың" материалдық-техникалық базасы нығайды. Алда да үлкен жобалар бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта Сырдарияның сол жағалауынан 3500 орындық жабық футбол манежінің құрылысын салу жоспарда бар. Бүгінде сыр өңірінде спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны 29 пайызға жетіп, 231 мыңнан астам адамды шамалап отыр. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізуіміз тиіс. Соңғы 3 жылда облыста бұл бағытта 9 нысан пайдалануға берілсе, былтыр облыстық бюджеттен 7 елді мекенде спорт кешені ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жетекшілік әріптестік аясында 9 жоба жүзеге асты.
Облыс басшысы құттықтау сөзінен кейін алаң ортасында символикалық түрде допты ойынға қосты. Келесі кезекте "Қайсар" мен "Шахтер" арасындағы кездесу басталды. Ойынның алғашқы бөлігінде қызылордалық футболшылар жүйелі шабуылдап, қарсылас қақпасына екі гол соқты. Ойынның 17 минутында Иван Граф есеп ашса, 29 минутта шабуылшы Куле Мбомбо есепті үстемдей түсті. Бірінші тайм түгесілер тұста қонақтар мінез көрсетіп, олардың қатарынан Еркебұлан Нұрғалиев есепті бір допқа қысқартты. Ойынның екінші бөлігі қонақтардың толассыз шабуылына ұласты. Кеншілер ақыры көздегендеріне жетіп, Иван Пешич ойынның 63 минутында таразы басын теңестіріп кетті. Тартысты ойын көрсеткен қос тарап 2:2 есебімен тең тарқасты. Бүгінде "Қайсар" турнир кестесінде бесінші орында келеді. Біздің команда биыл Қазақстан кубогы финалында сынға түседі.

Бауыржан ҚОЖАНТАЙ
10 шілде 2019 ж. 683 0