Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады?
Елімізде көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек олардың көптеген мұқтаждықтарын қамтуға септігін тигізді. Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілі енеді. Оған санаулы күндер қалғанын ескерсек, мұны әлі де дұрыс түсінбей, алаңдаулы жүрген аналар жетерлік. Соған байланысты жаңа мемлекеттік жәрдемақы жөнінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Айгүл Мұханнан сұрап білдік.
– Айгүл Кәрбозқызы, жаңа жылдан бастап берілетін мемлекеттік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек нақты кімдерге беріледі?
– Мемлекеттік жәрдемақы отбасылық кіріске қарамастан барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар отбасыларға беріледі. Ал атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған, яғни отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі.
– Мемлекеттік жәрдемақының көлемі қанша?
– Бұл төлемнің мөлшері отбасындағы бала санына байланысты. Мәселен, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 баласы бар отбасыларға 53 126 теңге, 6 баласы бар отбасыларға 63 757 теңге, 7 баласы бар отбасыларға 74 388 теңге төленетін болады. Орташа әр балаға ай сайын 10625 теңгеден төленеді.
Егер отбасында 18 жасқа толмаған 4 бала, әйелі 3 жасқа дейінгі бала күтімінде, ерінің жалақысы ай сайын 90 000 теңге болса, онда бүгінгі кедейлік шегімен есептегенде атаулы әлеуметтік көмек ай сайын 28080 теңге және 4 балаға мемлекеттік жәрдемақы 42496 теңге, сонда айына бұл отбасына мемлекет тарапынан 70576 теңге көлемінде көмек, қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет беріледі.
– Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қосымша көмектің қандай түрі көрсетіледі?
– Аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендіріледі деп күтілуде. Атаулы әлеуметтік көмек алатын кезеңге мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен, ал мектеп жасындағы балаларға мектепте ыстық тамақ және жылына бір рет мектеп формасы мен оқу құралымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
– Олар қалай анықталады?
– Аз қамтылған отбасыларды анықтайтын ең төменгі күнкөріс шегінен 70 проценттік өлшемшарт сол күйі қалады. Отбасының әрбір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек мөлшері бұған дейінгідей отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 проценті арасындағы айырма ретінде анықталады.
– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мерзімі қандай?
– Атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын, яғни 3 айға тағайындалады.
– Жаңа жәрдемақының қандай шарттары бар?
– Басты шарты – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі қажет. Ол үшін отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне бос жұмыс орындары, қоғамдық жұмыс, жастар тәжірибесі, қысқа мерзімді оқу, қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік болады. Өз бизнесін ашу үшін кәсіптік негіздеріне оқытылып жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады.
– Егер ұсынылған жұмыстан бас тартқанда не болады?
– Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек тек оған ғана емес, бүкіл отбасыға тағайындалмайды.
Сұхбаттасқан
Е.БЕРКІНБАЕВ