Үш тілді еркін меңгерген

Айдана Жәкиева Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Қазіргі таңда ол 100 жылдық тарихы бар №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде ағылшын пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Өзі осы қарашаңырақтың түлегі. Ұстаздарының парасат-пайымын үлгі еткен жас педагогтың бар мақсаты – үздіксіз білімін жетілдіру. Қашанда біліміне сенген жас маман кәсібиліктің шыңына шығуды қалайды. Мамандықтың қыр-сырына қаныққан педагог-модератор бүгінде зор жетістікке жетіп жүр.
Дарынымен дараланып жүрген Айдана Жәкиева аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Сонымен бірге Nur Otan партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасарының, «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалының төрағасының алғыс хатына ие болды. Сол кездегі аудан әкімі алғыс хатымен, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтың алғыс хатымен марапатталып, үздіктер қатарынан көрінді. Әр жылдары қол жеткізген жетістігінің жемісі ретінде өткен жылы Айдана Жәкиева Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атанды.
– «Мектеп – ғылым бақшасы» демекші, өзің білім алған қарашаңырақта қызмет ету абыройлы міндет. Қашанда педогогтың шәкірт алдындағы жауапкершілігі жоғары. Қазіргі білім жүйесінің күн санап өзгеріске енуі ұстаздан үнемі ізденісте жүруді талап етеді. Қай кезде де білімнің көкжиегін кеңейтіп, оқушыға түрлі бағытта білім беру заманауи жаңашылдық үлгісі. Білім саласындағы озық тәжірибе алаңында шыңдала түсіп, кәсіби тұрғыдан өзімді жетілдіріп келемін. Соның арқасында әр жылдары толағай табысқа жете білдім. Ал Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атануым зор қуаныш болды, – дейді жас маман.
Бүгінде жас педагогтың шәкірттері білім бәсекелерінде бақ сынап, түрлі марапатқа ие болған. Өзі де шығармашыл жастардың қатарынан табылып, республикалық басылымдарда ғылыми мақалалары жарық көрді. А.Жәкиева ұйымдастырушылық қабілетімен өз әріптестерінің арасында беделді. Үш тілді еркін меңгерген заманауи ұстаз. Өз мамандығының нағыз шебері жас педогогтың алар асуы әлі алда. Тек сәттілік серік болғай.
Балтабай ОРДАБЕКОВ