Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынның шығармашылығынан

Ақынның шығармашылығынан

Ақын боп өсті Абай бала кезден

Мәңгілік із қалдырған сапарда Ұлы,Абайдың өлең-жыры маған үлгі.
Тойланбақ мерейтойы елімізде,
Жырыма арқау еттім дана ақынды.

Жыр десе рухы асқақ ұландаймын,
Орнымда шабыт қысып тұра алмаймын.
Артына өшпес өлең-жыр қалдырып,
Жалғады ол үлгілі ісін Құнанбайдың.

Көңілдің пернесінде сезім балқып,
Тілектес ағайынның көңілі шалқып.
Ұлы ақын болатыны нәрестенің,
Өмірге келгенінде сезілді анық.

Тәңірдің нәсібелі таңы атып,
Шашуын шашты жайсаң момын халық.
Бақыттың бесігіне бөлеп Зере,
Той болды барлық кәде орындалып.

Кеудеге қуаныштан нұр тағына,
Жиналды ақ тілекті жұрт ағыла.
Құнанбай ауылына келді халық,
Ат қою үшін балғын ұрпағына.

Ұқсаса екен деген нар алыпқа,
Ұмтылды үлкен-кіші жаңалыққа.
Есімі Ибрагим деп қойылды оның,
Сол күннен бағыт алды даналыққа.

Күн керуен нұрын төгіп көше берді,
Самал жел қырды аралап есе берді.
Жас бала жайдары һәм жарқын мінез,
Меңгеріп терең білім өсе берді.

Өмірдің соқтықпалы белесінде,
Ағысқа қарсы жүзді сенесің бе?
Кеңпейіл,
Шыншыл,
Әділ,
Арқасүйер,
Жан-жақты болғандығы ел есінде.

Үндесіп замана үні тілегімен,
Арнаған жауһар жырлар жүрегімен.
Бүгінде дара ақынның ел біледі,
Атағы асып кетті Ұлы елінен.

Жөн іздеп күні-түні саналы ізден,
Ақын боп өсті Абай бала кезден.
Жігіт боп тұлпар мініп оза шапты,
Атанды білімді жан дала кезген.

Достарды аңсау

Арман болған асуларға көп бүгін,
Алдымыздан жылдар жылжып, өтті күн.
Алыс-жақын, асыл достар жиналып,
Пәк шуағын кеудемізге төкті күн.

Жаңақорған – құтты мекен киелі,
Жалын жастар туған жерін сүйеді.
Сағынышын алып келген жігіттер,
Тағзым етіп, саған басын иеді.

Алып жатқан Сырдың көркем аумағын,
Тереңөзек – туған жерім ауданым.
Алып келдім ағайынның сәлемін,
Жырмен көкте қанат қағып самғадым.

Сені аңсасам жаным жырлап кетеді,
Батырлар мен баһадүрлер мекені.
Сыр мақамын көңілімді тербеткен,
Бүкіл қазақ сүйіп, мақтан етеді.

Бұл бас қосу артына із қалдырып,
Жүректерде жатар дәйім жаңғырып.
Бақилық боп кеткен барлық достар­дың,
Жатқан жері жарық болсын мәңгілік.

Жаратқаным әркез демеп, қолдасын,
Кеудемізде қуанышты сәт орнасын.
Елу жылдан кейін қайта жүздестік,
Бұл кездесу ең соңғысы болмасын.

Тарих тағылымы

Аудан халқы бақ-несібе таба алған,
Туған жердің тарихы бар сан алуан.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі жас өрімдер,
Тағылым алсын «Парасаттай» алаңнан.

Үлгі-өнеге мәні де зор бұл қандай,
Асқар атам өзі келіп тұрғандай.
Абыроймен ел басқарған, көш бастап,
Азаматтар осында кеп қалғандай.

Қызығамын қайта-қайта қараймын,
Осы жерде тағдыр жатыр талай мың.
Тәлім алып, тәу ететін жас ұрпақ,
Бұл мекенді тарихи деп санаймын.

Мақтан етем мен осының барлығын,
Көтергендей алаң бүгін нар жүгін.
Ата-бабам салып кеткен ізгі жол,
Осында тұр тарихым мен тағдырым.

Сыр елінің
абыройы асқақтар
Бүгін тұрып көз жіберсек өткенге,
Біраз тілек айтып едік көктемде.
Қалай біздер қуанбаймыз құлшынып,
Қуанышы «Алтын дән» боп жет­кен­де.

Мен де бүгін жалындап бір жанайын,
Домбырамды жырмен тербеп қағайын.
Ала жаздай еткен еңбек жемісі,
Алтын күзде өнім берді ағайын!

Диқан қауым өтеп адал борышын,
Еңбексүйгіш елге беріп қол ұшын.
Шаруалардың өнімі де мол болды,
Қане, ағайын, қол соғайық сол үшін.

Алғашқы боп астық құйған қырманға,
Еңбегі адал егіншілер бар мұнда.
Сыр елінің абыройы асқақтар,
Еңбек етем ел үшін деп тұрғанда.

Мүсілім ҚАЛМҰРАТҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
06 қаңтар 2020 ж. 584 0