Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрмет төрінде – Құндыздымайлықтар

Құрмет төрінде – Құндыздымайлықтар

Сәкен ауылындағы «Құндыздымай» шаруа қожалығының жыл қорытындысына арналған жиыны ауылдық клуб қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты тақырыпта өткізілді.
Салтанатты кештің шымылдығы жас бишілердің «Шашу» биін орындауымен түрілді. Бұл зал толы еңбеккерлердің қуанышына ортақтасқан әдемі көрініс болды. Мұнан соң ауыл әкімі М.Қаратаев «Құндыздымай» ШҚ ұжымын құттықтап, ерен еңбектерімен ауылдың мерейін асырғандарын атап өтті. Кеш барысында концерттік бағдарламаны ауыл көркемөнерпаздары мен мектеп оқушылары жалғастырып, әсем ән шырқады, мың бұрала би биледі, күмбірлете күй төгілді. Жас өнерпаздар еңбекқор ата-аналарына осындай тарту жасады.
Келесі кезекте сахнаға «Құндыздымай» ШҚ төрағасы Бөлеген Рахмет көтеріліп, ауыл тұрғындарының алдында шаруашылықта бір жылда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ауданның алымды кәсіпкері, іскер азамат «Құндыздымай» ШҚ 2014 жылы өз қолымен құрды. Сол уақытта қожалыққа «ата-бабаңның атын бер» дегендер де болған көрінеді. Бірақ белсенді азамат ауылдың қалыптасу кезеңіндегі «Құндызды» және «1 май» колхоздарының атауын қайта жаңғыртып, тарихи есімді қожалыққа қойған. Бұл ауыл шаруашылық құрылымы алты жылдан бері жақсы жұмыс жасап келеді. Бүгінде оның құрамында 70 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Алты ай бойы дихан-механизаторларға тегін тамақ берілген. Олардың отын-шөбі түсірілген. Қожалық күшімен Қарағандыдағы көмір кен орнынан 270 тонна көмір жеткізіліп, жұмысшыларға жалақы есебінен таратылған. «Құндыздымай» ШҚ қайырымдылық жасаудан да кенде емес. Ауылда өрттен зардап шеккен бір зейнеткер отбасына қаржылай және құрылыс материалдарынан көмек көрсетілген. Ауыл мешіті тұрақты қамқорлыққа алынған. Ауыл ардагерлеріне тегін шөп түсірілген. Тазалық айлығына да үлес қосып, екі көшені күл-қоқыстан арылтқан. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында мектепке, балабақшаға және ауылдық клубқа мерекелік сыйлықтар берілген. 
Төраға тұрғындарға есебін бергеннен кейін, еңбек озаттарын марапаттады. Мұрат Керейтбаев «Озат бригадир», Баян Қалыбаев «Озат күрішші», Рүстем Смайлов «Озат комбайнер», Нәмәрт Құлыбеков «Озат жаткист», Бекболат Сиделов «Озат тасымалдаушы» номинацияларына ие болды. Үздіктерге қаржылай және өз қалаулары бойынша қымбат жиһаздар сыйлыққа берілді. Бұл күні жетпіс жұмысшының ешқайсысы сыйлықсыз қалған жоқ. Еңбек үлесіне қарай алды 600 мың теңге алса, еңбекке енді араласқандары 20 мың теңге сияпатқа ие болды. Былтырғы жыл қорытындысында еңбеккерлерге 10 млн теңге сыйақы берілсе, биылғы жылға қаралған қаржы одан да қомақты. 16 млн 200 мың теңгені құрайды. Жұмысты ұтымды ұйымдастырған бас мамандардың барлығы қомақты сыйақыға ие болды. Ұжым басшысының тағы бір ерлегені 20 еңбеккерге «Сарыағаш» шипажайына тегін жолдама берді.
Жаңа жыл қарсаңында ала жаздайғы еңбектерінің жемісін көріп жатқан еңбеккерлер қауымы ауылдастары алдында осылайша мерейлері үстем болды. Еңбеккерлердің ақылшысы, қолдаушысы, тілекшісі ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерге де құрмет көрсетілді. Осы орайда адал еңбегімен абыройға бөленген іскер басшы Бөлеген Әбжаппарұлы туралы аз-кем айта кеткен артық болмас. Ол туған жерінің көркейгенін тілейтін, ол үшін жайқалтып егін өсіріп, мыңғыртып мал ұстап, жұмысшы жастарды жұмыспен қамтып, ауылдың мәртебесін асыру жолында жүрген елжанды азамат Б.Рахмет «Үздік кәсіпкер 2016» және «Жыл кәсіпкер 2018» номинацияларымен марапатталған. Сондай-ақ, 2018 жылы Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Жылды табысты қорытындылаған Құндыздымайлықтардың алар асуы әлі алда.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

29 желтоқсан 2019 ж. 535 0