Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚИЯҒА ҚҰЛАШ СЕРМЕГЕН

ҚИЯҒА ҚҰЛАШ СЕРМЕГЕН


Бұл шаруа қожалықтың аты да ерекше, еңбегі де ерекше. Бір биыл ғана емес, жылда солай. Аталмыш ауыл шаруашылық құрылымының құрылғанына көп те бола қойған жоқ. Алдағы жылы алты жылға аяқ басады. Дегенмен жұмысын жоқтан бастаған шаруашылық аз ғана мерзімде аяғынан нық тұрып, жылма жыл Сырдың басты дақылын өндіруді арттырып келеді.
– Маған кезінде жерлестерімнің тарапынан ШҚ-ға атабабамның есімін қой деген де ұсыныс болды. Бірақ мен оны қабыл алмадым. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары осы өңірде «Құндызды» және «1 Май» атты екі колхоз болыпты. Онда біздің ұжым мүшелерінің ата-бабасы еңбек еткен. Сондықтан екеуін біріктірген атауды ШҚ-ға беруді ұйғардық. Бұл қазіргі рухани жаңғыруға да сай келеді, – дейді ШҚ төрағасы Б.Ә.Рақмет. Иә, айтса айтқандай, атауына еңбегі сай ұжым 5 жыл қатарынан аудан шаруашылықтарының алдыңғы қатарында келеді. Сонымен қатар ауылдан 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қайырымдылық көмегін көрсетеді.
ШҚ басшысы Бөлеген Әбжаппарұлы ауылы арқа сүйейтін қайрымды іскер азамат. Шаруашылықтың алға басуына, ауылдың гүлденуіне сүбелі үлес қосып келеді. Ауылдық мешіт үйі жылу жүйесінің күрделі жөндеуіне, оның асханасының салынуына көмек көрсетті. Сондай-ақ биыл шаруашылықта 2 мың тонна астық сақтайтын қойма, жаңа қырман іске қосылды. Техникалық паркі жаңарды. Осындай елеулі еңбегі ескеріліп, жаңа жыл қарсаңында Бөлеген Рақмет Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Қуаныш егіз» дейді халық даналығы. Сол айтқандай биылғы жыл қорытындысында ауданның «үздік кәсіпкер» номинациясын иеленді. Бөкең үшін ит жылы марапатқа толы жыл болды. Биыл Сырдария ауданының 90 жылдық мерекесінде кәсіпкер «Жыл тұлғасы» номинациясымен марапатталған болатын. Еңбекті ұтымды ұйымдастырып, ұжымды ізгі істерге бастап жүрген Бөлеген Рақмет қандай марапатқа да лайық жан.
Жаңа жылға санаулы күн қалғанда құндыздымайлықтар Тереңөзек кентіндегі «Шаңырақ» кафесінде мерекеге орай ұжымға корпоративтік демалыс ұйымдастырды. Онда аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, «Құндыздымай» ШҚ құрылтайшысы «Ақ орда капитал» директоры Ж.Шажанбаев құттықтау тілектерін білдіріп, ШҚ басшысымен бірге еңбекте үздік шыққандарды «Озат» таңбасы белгіленген лента мен «Алғыс хат» табыстады. Шаруашылықтың жыл қорытындысында Балапан Аяғанов «Озат бригадир», Мұрат Аханов «Озат күрішші», Медет Жарау «Озат жаткист», Замаддин Оңғар «Озат комбайншы» номинациясына ие болды.
Мерекелік іс-шараға еңбеккерлермен бірге ауыл ардагерлері, көпбалалы аналар, жастар өкілдері қатысты. Көңілді отырыс жалғасып, әсем ән әуелеп, мың бұралған би еңбеккерлерге шаттық сыйлады. Жыл бойы қарқынды жұмыс жасаған құндыздымайлықтар еңбектерінің нәтижесін көріп, оған марқайып, осылайша көңілді демалыс жасады.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
06 қаңтар 2019 ж. 814 0