Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

“Құндыздымай” ШҚ ауданның озат шаруашылықтарының бірі. Құрылғанына 5-6 жыл болғанына қарамастан, жылма-жыл жоғары өнімге қол жеткізіп келеді. Шаруашылық ұжымы биылғы көктемгі далалық егіс жұмыстарына тыңғылықты дайындалды. Агротехникалық шараларды мерзімінде жүргізіп, егіске су келетін жолдарды тазартты. Еңсесін тіктеп келе жатқан шаруашылықта осы мақсатқа орай биыл каналдар 5 шақырымға ұзартылды. “Көктемнің әр күні жылға азық” деген қағиданы жадында ұстаған шаруашылық ұжымы көктемгі егіс жұмыстарын алғашқылардың қатарында аяқтап шықты. Нәтижесінде 800 гектарға күріш, 60 гектарға жоңышқа, 44 гектарға мақсары дақылы егіліп, 100 гектар алқап тыңайту мақсатында айдалды. Бұл егістік алқаптарына сапалы тұқым сіңірілді.
Іскер азамат Бөлеген Рақмет басқаратын “Құндыздымай” ШҚ сауабы мол қайрымдылық шараларын да белсенді жүргізіп отыр. Айлардың сұлтаны – Рамазан айының 24 күні ауыз бекіткен ауыл тұрғындарына, ардагерлерге ұжым мүшелеріне барлығы 100-ден астам адамға Сәкен ауылдық мешітінің асханасында ауызашар берді.
Ауызашарға қатысқан ардагерлер Қосан, Амангелді және тағы басқа ақсақалдар ораза мүбарак болсын, табыстарың таси берсін деп бата берді.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
01 маусым 2019 ж. 712 0