Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

№ 33 газет

27 сәуір 2024 ж.

№ 32 газет

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ЖЕРҰЙЫҚ (толғау)

ЖЕРҰЙЫҚ (толғау)

 І
Қазақстан –
Қазақтығым.
Кеңдігім.
Азаттығым –
Абыройым.Теңдігім.
Енді иық тең дедім елмен ең үздік,
Ең биіктен тебіренген жөн бүгін.
Алшақ жатқан айшылық жол даласы,
Қазақстан –
Кей байтақ ел, қарашы!
Жер кіндігін білетұғын осы деп,
Еркіндігін сүйетұғын баласы.
Қазақстан!
Сендей дархан ел қайда?!
Сенің әнің тамылжиды таңдайда.
Тағдырыма ризамын бұйыртқан,
Тап өзіңдей байтақ елді маңдайға.
Адалдықтан айнымаған дос күшті,
Бірлігіміз болсын бекем басты ішкі.
Жетеді енді,
жетеді енді кейінге,
Жеріміздің толған байлық асты-үсті…
Келер күнге көз жіберген ұланмын,
Қара бұлттан қаймықпаған қыранмын.
Археолог аршып алған Есіктен,
«Алтын адам» ұрпағы мен шығармын.
Айдалада жұлдызша атпен аққан кең,
Массагеттер найзаласып сапта өлген…
Сонан кейін бұл даланы жайлаған,
Жаралдым ба, жауынгер ғұн,
сақтан мен?!
Тәубе!
Тәубе!
Тәуелсізбін!
Азатпын!
Ғайыптан бір келген жоқ бұл ғажап күн.
Атан қомы, ат жалында Намысын,
Дұшпанына таптатпаған Қазақпын!
Адырнасын аңыратқан жебе-ойдың,
Ақтамберді болсам егер не деймін?!
Торғайдайын тозғанымда басымды,
Біріктірген Жәнібекпін, Кереймін!!!
…Өткен күнін озады жан ойлаған,
Боркемік деп босқа салма байбалам.
Ат жалында,
от жалында бабалар,
Ар-намысын қылышына қайраған.
Етегіне қонған Жайық… Есілдің,
Ес жиғызбай дұшпанымды көшірдім.
Елім үшін,
жерім үшін ертеңге,
«Ескі жолды» еншілеген Есіммін…
Атағымды Көне Русьтен асырдым,
Жалт отындай жау үрейін қашырдым.
Қазақ үшін қасық қаным қалғанша,
«Қасқа жолды» қалап алған Қасыммын…
Төбемізден төнді талай тас құйын,
Жау жармасып жағамызға,
түсті иін.
Ақиқаттан адасқанда айнытпай,
Тура жолға түсірді елді Үш биім.
Хан мен биі кеңес құрған келелі,
Елдік үшін егес қылған ел еді.
«Жеті жарғы» жемісіндей алдыма,
Ата Заңым айқын бағыт береді.
Үзе алмады үмітімді үркінді,
Жанталасқан жаудан қорғап жұртымды,
Хан Абылай,
Аруағыңнан айналдым,
Ұйыстырған үмбетіне ұлтымды.
Ұлықтасаң ұлысыңды ұлықта,
Отаны жоқ оңбайтынын ұмытпа!
Өр рухын түк өлтіре алмапты,
Шәкәрімді көмгенмен жау құдыққа…
Талай тұлға…
Тұр тілімнің ұшында,
Ғұмыр кешкен түрлі дәуір тұсында.
Ат шалдырса Аттиллалар Азауда,
Бейбарыстар билік құрған Мысырда…
Ұлтым барда, жұртым барда тозбасым
Баршаға аян,
«Елім» дедім сөз басын.
Бабалардың несібе еттім сарқытын,
Аналардың кешіп өттім көз жасын.
Тағзым еткен тасына бас ер иіп,
Аңызына тосқан құлақ ел ұйып,
Данасы бар бір ғажап жыр сияқты,
Даласы бар бұл қазақтың Жерұйық.
Төрге оздырған елміз сөздің төресін,
Сол сөзіңді оймен жұмыр өресің.
Боз жусанды Байқоңырдан біздің ел,
Самғатқан ел көкке ғарыш кемесін.
Ақ боранда…
соққан сойқан дауылда,
Бірге небір тосқан иық ауырға,
Жерұйығым жүз ұлтыңды жатсынбай,
Баласындай басқан бірге бауырға…
Зымыраған желден ұшқыр жебеңмін,
Кең далаға сыймаған хан Кенеңмін.
Жөн сұрасаң Сұраншымын… Саурықпын,
Жыр сұрасаң Жамбыл менен Кененмін.
Қара тасты қақыратқан тіліңмін,
Жаратылған топырақтан  гүліңмін.
Ұлы мақсат жолында өлген Ұзақпын,
Ат жалында жан тапсырған Сырыммын.
Ұлтым үшін ұрынбадым қайда мен,
Жұртым үшін желбіреген байрақ ем…
Мағжан болып маңдайыма сыймаған,
Арзу тілек айтып кеттім Айға мен…
Мендегі бай мақсатпенен, арманмен,
Күнмен батып,
Аттым күліп таңдармен.
Жау найзасын тақағанда жасқанбай,
Жанқожамын жайнамазда жан берген…
Жанға рахат тапқан ұлтпын бейнеттен,
Тудым ба екен алаштан ит көйлекпен?!
Аңғалдығым алты жасар баладай,
Абайды да өкіндірген кейде әттең!
Өзіңе ұқсап өзен, тауым өр дәйім,
Ұлытауым…
Айыртауым…
Торғайым…
Асанқайғы желмаясын желдірткен,
Атам қазақ Жерұйығын толғайын.
Каспийімнің балығының бал дәмі,
Таусылмайтын толған байлық жан-жағы.
Атырауда…
Ақтөбе…
Ақтау…
Оралда…
Байтақ Отан берекесі, бар бағы.
Ұлы Абайдың ұшқыр еткен ол ойын,
Алашорда қанат қаққан Семейім.
Өр Алтайдың бұлт таласқан биігі,
Өр қазақтың өсіреді мерейін.
Қандай көркем Керекуім келесі,
Мәшһүр Жүсіп… Иса туған жер осы.
Баянауыл жырға толы баурайы,
Торайғыр тау сырға толы төбесі.
Қазақстан –
Байлық толы өңірі,
Төскейінде төрт түлік мал… егіні…
Сенсің менің қамқор әкем,
Мен – ұлың,
Көл-дария саған ұқсас көңілі.
Келбетіңе сүйсінеді көз мүлдем,
Қазақстан,
Қарыштап оз мезгілден!!!
Майқайыңым алтынымен мәз қылса,
Мыс пен мырыш табылады Жездімнен…
Бірге жасап келем еркін еліммен,
Алға қарап
Самға қанат сеніммен.
Ширек ғасыр
үйретті асыл үлгі елге,
Қазақстан –
Ғажапстан! дедім мен.
Таңдандырып мынау төрткүл әлемді,
Өркениет көрсін, білсін өремді.
Ұлы дала бүгінгісін ұқсын деп,
Көрме өткіздім көзайым қып мен енді.
Көру үшін күллі әлемдік Көрмемді,
Дүниенің төрт бұрышы төрге енді…
Қазағымның бұзылмаған қаймағы,
Салт-дәстүрін сан алуан ұлт, ел көрді.
Бірлігіммен,
тірлігіммен күштімін!
Саған ынтық адам түгіл құс бүгін.
Мұнайынан мұхит жасап Маңғыстау,
Ақ мақтасын мақтан тұтқан түстігім…
Ықыласы, ынтымағы жарасқан,
Татулығы асқан ел жоқ алаштан.
Айша бибі… Баласағұн мекені,
Таразымнан «Жібек жолы» әрі асқан…
Көрем сенің көлеміңді картадан,
Қазақстан,
Келешекке тарт аман!!!
Алтын дәннің ағылады керуені,
Қостанайдан…
Қызылжардан…
Арқадан…
Қорқыттайын туған түркі данасы,
Ақ күріштен тау тұрғызған даласы.
Сымбатына Ай менен Күн сұқтанған,
Жаса, жаса, Сыр – Алаштың анасы!
Саммиттерде жақын қылып жатымды,
БҰҰ-ның қақ төрінде отырдым.
«Өлі» Аралды өз қолыммен тірілтіп,
Көрге көмдім ауыздықтап атомды…
Тамсандырған келбет-көркі талайды,
Арқадағы Астанама арайлы,
Аржағынан мойнын созып мұхиттың,
Америка…
Африка қарайды.
Түрлі елдердің түйістірген бастарын,
Бұлт баспасын деп әлемнің аспанын.
Ақ ниетпен қабыл алған қалың ел,
Ақ Ордамның Жолдауы мен жоспарын.
Жүрегіме ұя салған мәңгі атың,
Ынтызармын, ып-ыстықсың жанға тым.
Тәуелсіздік туын тұңғыш тіктеген,
Бау-бағы әсем,
таулары әсем Алматым.
ІІ
… Қазақстан!
Дархандықты,
Кеңдікті,
Сен деп білем
ең бақытты ел-жұртты.
Менің осал болуға түк жоқ хақым,
Бұл далада Ел тұрғанда ең құтты.
Сен деп білем,
Татулықты,
Ерлікті.
Мамыражай Тыныштықты,
Теңдікті.
Биіктерге беттеп келем бойлап мен,
Сен арқылы өтетұғын ендікті.
Сенсің елдің іркілмеген тілегі,
Сенсің Жердің бүлкілдеген жүрегі.
Сенің отың мәңгі бақи маздаса,
Менің атым асқақтайды үнемі…
***
Қазақстан!
Жүрегімде.
Жадымда.
Тілегімде.
Бүлк-бүлк еткен қанымда.
Реңімде…
Ақтық шыбын жанымда…
Сенің атың
Көктен биік.
Жерден кең,
Әдемісің барша жұрттан мен көрген.
Шендестіріп Шерқалаға шет жүрсе,
Шерлі күйде өтер ме екен шермендең?!
Сенің атың
жасайды әлі менімен,
Менен кейін
Келетұғын сенімен.
Әрқашанда болады ұрпақ бақытты,
Туып-өскен
Отанымен, елімен!!!
***
…төрін берген,
бәрін берген өрісім,
Әр қазақтың алтын бесік – елісің.
Жалғыз тентек сияқтымын сен үшін,
Сен де жалғыз секілдісің мен үшін.
Арайлы күн шығады ылғи сен жақтан,
Сен тұрғанда
Мәңгілікке мен батпан.
Отымен кір,
күлімен шық,
Сонан соң
Осы Отанның ұлымын деп
кел, мақтан!
Жүзіме нұр,
Жүрегіме жыр бердің,
Мен сондықтан ез болуды мін көрдім.
Әр кезде де рухы үстем ұлыңның,
Өр болмауға хақысы жоқ бұл жердің…
***
…Танығаным әуелі еппен сен болдың,
Әнұранын әуелеткен елге ердім.
Құшағыңда әрі қамқор, әрі кең,
төріңе ендім, тебірендім,
тербелдім…
Сайраным көп,
қайраным жоқ түк менің,
бір ісіңе жарамасам,
біткенім!
Масыққанда ана болдың ақылман,
Ғашықтарға пана болдың құтты елім!
Шыққан тауым
шырқау шың сен болғасын,
Әруақ жебеп,әр кез тірі қолдасын.
… елге қарсы күпінгендер күл болып,
желге қарсы түкіргендер оңбасын!!!
***
Сен көтердің тау көтермес салмақты,
төзген қабат,
безбенге сап бар-жоқты.
Қара нардай Қағанатсың Қазаққа,
Бабалардай Аманатсың ардақты.
Алтай менен Алатаудың арасы,
Атырау мен Сарыарқаның даласы.
Жаһан ғажап
атам қазақ жайлаған,
Ұлы болып тумай қайтсін баласы.
Кеңдігіңді,
елдігіңді өңге елден,
Өле-өлгенше мен ешкімнен кем көрмен,
Тең болсын деп мына жасыл жайлаумен,
Кең болсын деп ұлан-асыр жер берген.
***
… белдіктер мен ендіктерден сан тарам,
Африка,
Амазонка,
Арқадан.
Ағылған жол саған маңдай тіресін,
Мың сан жолдар сенен шығып тарқаған.
Бұл сөзіме көнгін,
мейлі көнбегін,
ділімді ұғын,
сырымды ұғын сен менің.
Алақаны ашық атам заманнан,
Қазақ деген бейбіт еркін елдемін!
Мұның мәнін,
түрін,
задын
ұғыншы,
бу беліңді,
білегіңді түрінші.
Әр қазақтың жүрегінде,
жадында,
Туған Отан тұру керек бірінші!!!
***
Қазақстан!
кең байтақ ел қарашы!
Тұнған байлық
тауы,
тасы,
даласы!
Ол аз болса қойнауында оттары,
Жарқ-жұрқ еткен Болашақтың қаласы…
Қыдыр қонып,
құт дарыған осы жер,
Сиятұғын тоқсан тоғыз төсіне ел.
Сосын әлі дүр сілкінтіп дүниені,
Қосылады Өркениет көшіне ол.
Әнұранын әуелетіп өр кеуде,
Шаңырағын мәуелі етіп бар жерде.
Қазақия айналады әлемді,
Байрағына бас игізген Мәңгі елге!!!
Тілегінде тек тыныштық тұратын,
Жүрегінде әлдилеген мұратын.
Тегі түркі,
діні ислам,
қолы ашық,
Қазақ деген қаһарман ұлт шын атым!!!
…Көмірің де,
…күмісің де,
…мырышың,
…Алтын астық –
Бәрі сенің ырысың!
Алты құрлық,
Төрт мұхитқа әйгілі,
Қазақстан –
Мәңгі жаса Ұлысым!!

Толыбай Абылаев
28 желтоқсан 2019 ж. 517 0