Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел намысын қорғаған Ералхан Айкөз ерледі

Ел намысын қорғаған Ералхан Айкөз ерледі

ІІ «Алтын жебе» халықаралық турниріндегі алғашқы күнгі бәсекенің «Азиялық стиль» және «Түрік стилі» бойынша өткенін кеше хабарлаған болатынбыз. Осы жарыстардың қорытынды нәтижесі қолымызға тиісімен, жанкүйерден сүйінші сұрауға асықтық. Қазақ мергендерінің халықаралық жарыстағы алғашқы екпіндері өте жақсы, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Түрік стилі» бойынша мергендік сайысында біздің сұрмерген бауырымыз Ералхан Айкөз үздік шықты.
Негізінде, алғашқы садақшылар сайысы «Азиялық стильмен» басталған болатын. Бұл бәсекеде былтырғы «Алтын жебе» турнирінің жеңімпазы, румыниялық Михай Козмей жарыс жолына құйғыта шыққанда-ақ, ел назарын өзіне аударып алған-тын. Бір нысанаға қос жебесін қатар қадап үлгеретін сұрмерген Михай ақырында 62,84 ұпаймен көш бастап шықты. «Азиялық стильде» түрік мергені Аяз Явуз 54,82 ұпаймен екінші орынды, болгарлық Дмитр Труканов 51,79 ұпаймен үшінші орынды иеленді. Бұл мергендік сайысында қазақ елі үкілеп қосқан мергендер де шетелдік спортшылармен иық теңестіріп тұр. Нақты айтқанда, Абзал Тулыбековте 48,79 ұпай, Айтбек Сарыбайда 45, 89 ұпай.
Ал, «Түрік стилінде» біздің Ералхан Айтбектің мергендігіне ешкім шендесе алмады. Азиялық әдіспен садақ атуда аса көзге түсе қоймаған Ералханның ыңғайына түрік нысанасына жебе қадау қолайлы болған сыңайлы. Алғашқы кезеңде 46,82 ұпай ғана жинаған Ералхан Айкөз «Түрік стилінде» даңқы жер жарған әлем мергендерінен оқ бойы озып кетті. Сөйтіп, 61,81 ұпаймен біздің Ералхан мерген бірінші орынға аяқ басты.
«Түрік стилінде» садақ атуда әзірге румын Михай Козмей екінші орында,түрік мергені Алкан Ибрахим Алперен үшінші орында тұр. Бұл стиль бойынша бәсекеде Абзал Тулыбеков 49,82, ал, Айтбек Сарыбай 44,82 ұпайды иеленді.
Енді алда «Қазақ стилі» яғни, Жамбы ату сайысы тұр. Оны бүгінгі күннің бәсекесі анықтайды. Бұған дейінгі ат үстінен садақ ату сайыстарында жеңімпаз болған мерген қыздарымыз Әлия Камалова мен Рамиша Дидарова бүгінгі жамбы атуда дара шығады деген үмітіміз бар. «Ши үстінен шіркей атқан» садақшылар бәсекесін тамашалаудың өзі бір ғанибет. Ұлт намысын қорғаған мергендерімізге жанкүйер болуға асығыңыз, ағайын!
31 тамыз 2018 ж. 1 010 0