Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті қара шаңырақ

Қасиетті қара шаңырақ

«Түстік өмірің болса, кештік білім жи» деген қазақта тәмсіл бар. Қай кезде де білімдінің келешегі кемел, болашағы жарқын. Дүлділ мен дарынның саналы ғұмырында жол бастаушы болған ұстаздың құтханасы, қасиетті қара шаңырағы – білім ордасы. Жас буынның қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама беретін мектептің киесіне шәкірт атаулы бас иеді. Аудан орталығында орналасқан тарихы терең №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей биыл ғасырлық мерейтойын тойлауда. Түзу жолда тұсау салдырмас талай мықтыны шығарған білім ордасының өткені мен бүгіні – өскелең ұрпаққа өнеге.
АЛҒАШ МЕКТЕПТЕ 14 ОҚУШЫ БІЛІМ АЛҒАН
Алғаш 14 оқушымен жұмысын бастаған іргелі білім ордасының ғасырлық тарихы шежіреге толы. Өткен ғасырдың елеулі жаңалығы – аудан орталығынан бастауыш сыныпқа арналған мектеп ашылғаны. Қазіргі таңда мыңдаған шәкірттің алтын ұясына айналған мектепті ашуда білім саласының нағыз кемеңгерлері Оспан Әбілпаттаев пен Рахым Алшынбаевтың еңбегі зор. Сол уақытта мектеп басшы­лығы халық баласының сауат ашуына мүмкіндік жасады. Аумалы-төкпелі заманда жұртшылыққа хат танытып, білім сапасын жақсартуға ықпал етті. Бірнеше жыл Тереңөзек орталығында тек бас­тауыш сынып оқушыларын оқытқан мектеп кейін­нен 7 жылдық білім ордасына айналды. Мұнда қажырлы қайратымен еңбек еткен ұстаздардың қолтаңбасы қалған.
Мектеп тарихында соғыс жылдары ұс­таздық қызмет еткен педагог­тар­дың есімі әйгілі. Майдан даласында жау­­мен арпалысып, жеңісті жақындатқан бірқатар ұстаз бі­лім саласының үздігі атанды. Олардың қата­рында Оспан Әбілпаттаев, Төлеген Әбілдаұлы, Сейіткамал Усабаев, Қайысбек Бай­салбаев, Қасымхан Ысмайылов, Айтө­ре Шамкенов, Ибадулла Байдаулетов, Сма­ғұл Тұрғанбаев, Ғаппар Сағындықов, Мырқайдар Мәмбетов, Дүйсенбай Жетербаев, Аққайыр Қоржынбаев бар. Әрқай­сысы бала бағбанына айналып, талантты шәкірттерді тәрбиеледі. Көрегенділік пен даналықты ерекше ықыласпен шәкірт бо­йына дарытқан олардың қызметі қашанда өлшеусіз.
«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деп Мәлік Ғабдуллин айтқандай, талай шәкірт жоғарыда аталған ұлағатты ұстаздарға қарап тұғырлы азамат болып қалыптасты.
ЖАҢА ҒИМАРАТ 1968 ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Кейінгі жылдары толайым табысқа же­­те білген алтын ұя мектептің іргетасы 1967 жылы қаланды. Қажырлы еңбектің қайраткері Рахым Алшынбаев көшесінде орналасқан жаңа ғимарат пайдалануға 1968 жылы берілген. Нағыз білімнің қай­нар көзінен нәр алған кез келген шәкірт­тің қасиетті қарашаңырағы сол кезде М.И.Калинин атымен аталды. Талай қиын­­­дықтың шешуін алдынан тосып алған ұс­таз­­дардың көбі жемісті жылдарын осында өткерді.
Республиканың түкпір-түкпірінде түрлі салада қызметте жүрген талай жанның бағын ашқан мектеп тарихында шын мә­нін­де аты мәңгі өшпейтін тұлғалардың өшпес ізі қалған. Туған жердің гүлденуіне сүбелі үлес қосқан мектеп педагогтары ағартушылық саланың қыр-сырына қа­нығып, қиын-қыстау күндерден тосылмай өтті. Білімге бастау алған талантты жан­дардың балалық шағы мен балдәурені мектеп қабырғасында қалыптасты. Осыған дейін жиырмаға жуық басшы қызмет атқарған мектептің бүгінгі аяқ-алысы жаман емес. Ең алғаш ұстаздардың ұстазы атанған Сақыбек Алданазаров басқарған мектеп ұжымында кіл мықты бір салаға топтасты.
«Өмір – үлкен мектеп, ұлы ұстаз» дегенді ұстаным еткен ұлағатты ұстаздар қатарында Шайхы­ислам Нұржанов, Уайда Бисембаев, Төлеген Досымов, Қадір Бердалиев, Біткенбай Мырқайдаров, Алмат Пірімбетов, Жоламан Ерманов, Бақтығали Сүйіндіков, Кеңес Иноятов, Аманқос Ақылбеков бар. Аға буын өкілдерінің ізін жалғаған білікті маман Күлпәш Дас­танова, Айжамал Айтмағанбетова, Күлшім Әубәкірова, Пістегүл Игісінова, Рахима Қызылхожаева Ақжәми Балабаева, Бибісара Аяшова, Роза Жайлыбаева, Рыскүл Бәжиева, Доскүл Абдулина, Патыма Ибраева, Нағима Қаражанова, Гүлбарам Жарекеева, Алтынай Ешпанова, Күлзада Кенжебаева Айымторы Рабатова, Ұлмекен Рысбекова, Анар Ізбасарова, Сұлупан Шамшадинова, Патыма Алданова, Роза Әдуова, Ұлбике Ерімбетова, Райхан Танабаева, Райкүл Маханбетжанова, Рыскүл Симағамбетова, Фатима Шадиева, Қарлыға Бекмағанбетова, Ұлбосын Бекмағанбетова секілді ұстаздар жұмыс пен үйді қатар алып жүріп, абырой биігінен көрінді. Шуағымен бала жүрегінен жол тапқан олардың қызметі қашанда үлгі-өнеге.
Білім ордасының бағындырар белесі мен болашағы бірінші басшыға тікелей байланысты. Ұжымды әрқашан ұйымдастыра біліп, жақсылыққа бастау нағыз біліктілік пен білімді қажет етеді. Бұл қызметте шыңдалған мектеп директорлары Сақыбек Алданазаров, Ажар Әзхожаева, Ұлмекен Жанәлиева, Бөлебай Бисенбаев, Жұмабек Асанов, Роза Бексейітова, Алмас Есназар, Бәйдібек Әмірбеков, Баян Сүюбаева, Ләззат Палымбетова, Бағдаш Сағындық әр жылдары биік белесті бағындырды.
ЖОҒАРЫ БІЛІКТІ ҰСТАЗДАР
Ұлт мүддесіне қызмет еткен ағартушы Иса Тоқтыбаев есімі мектепке 1998 жылы берілді. Талай сыңдарлы сәттерде азаматтық ұстанымынан таймаған даңқ­ты тұлға атындағы білім ордасының Сыр өңірінде өзіңдік орны бар. 2009 жылы мектеп-лицей мәртебесін алған қара шаңырақтан аудан мерейін тасытып, ұлт мақтанашына айналған Жүсіпбек Бекжанов, Әли Ахметов, Есенбай Байсалбаев, тарихшы-ғалым Сафиулла Абдулпаттаев, Бәкір Өтепов, ғалым-зерттеушілер Зейнолла Қари мен Хадиша Нұғманова, ҚР Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев, Айтбай Көшербаев, әйгілі композитор Рамазан Тайманов, ақын-журналист Ахат Жанаев, ақын Әбіраш Жәмішев, «Ленин жолы» газетінің редакторы болған Нұрділда Уәлиев, құқық қорғау саласында табанды еңбек еткен Айтбай Әлібаев, темір жол саласының ардагері Әби Сарқыншақов үлкен өмірге қанат қаққан.
Адамзат баласының ұлы игіліктерінің ең жоғарғысы қазыналы білім екені рас. Бағытына қарай білім сипаты әртүрлі. Алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қал­дырар мұрасы – мәңгі тот баспайтын білімі. Осындай көргенінен таңбайтын ұлы ұстаздардың артынан біршама білікті маман ерді. Бүгінде қасиетті қара шаңырақ­тың әр бұрышында олардың қолтаңбасы қалған. Өзіңдік бағытын қалыптастырған кәсібилікті жетік меңгерген ұстаздардың расында шоқтығы биік. Кішкентайынан баланың өмірге қалыптасуына себепкер болған Ұлтуған Бимұрзаева, Мирамкүл Әкімжанова, Шолпан Әбенова, Жанат Сармолдина, Дариха Райымқұл сынды білікті мамандардың нәтижелі жұмысының арқасында бастауыштың білім деңгейі сараланды.
Қазіргі таңда жаңартылған білімнің игілігін көрген оқушылардың көбісі дарынды жастардың қатарын толықтырды. Тәуелсіздік жылдары лег-легімен түлектер ұлағатты ұстаздардың тағылымын ала білді. Бақытжан Бақбергенова басқаратын мектеп-лицейде 67 мұғалім оқушыларға білім беруде. Оның 1-і «Білім беру ісінің үздігі». Ол ағылшын тілі пәні мұғалімі С.Мәтібаева. 10 педагог жоғары санатты, 15-і бірінші санатты, 18-і екінші са­натты ұстаздар. Ал педагог-зерттеуші – 11, пе­дагог-сарапшы – 16, педагог-модератор – 11-ді құрайды. Тек баланың қарым-қабілетін аша отырып, жан-жақты білімін жетілдірген ұстаздардың еңбегі ерен. Жоғарыда аты аталған үлкен буынның ізін жалғаған Зағипа Тайманова, Ұлбосын Қалқоразова, Маржан Қалқоразова, Айнұр Алиева, Светлана Құрамысова, Қаршыға Әшірбекова, Гүлжан Алыбаева, Кенже Тұрғанбекова, Жанна Саркеева, Айнұр Ахметова, Айнұр Көшенова, Роза Тұрмағанбетқызы, Ләйла Сағымбаева, Іңкәр Қордабаева, Гүлсара Батишева, Омар Есбаев, Құдайберген Ахметов, Ажар Әбдрееваның есімдерін атап өткен жөн.
Мектеп-лицейде 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша 2004-2005 оқу жылынан бастап, 12 жылдық оқыту эксперименті жүргізіліп келеді. 12 жылдық оқыту арқылы оқу бағдарламалары мен байқау оқулықтары сынақтан өткізілуде. Алғашқы сынақ сыныбы биыл 8 сыныпта оқиды. Жаңартылған білім мазмұны аясында біліктілік курсында 57 мұғалім оқып, тәжірибе жинақтады. Бүгінде жаратылыс­тану пәндерінен тереңдетіп оқытудың жо­ғарғы көрсеткіштеріне сүйене отырып, лицей сыныптары жұмыс жасау үстінде.
ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚҚА ТАРТУ
Мектеп-лицейдің қоғамдық өмірдегі жетістігі жетерлік. Дарынды оқушылар халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық білім бәсекелерінде топ жарып жүр. Білікті ұстаздардың айқын бағытын ұстанған шәкірттің көпшілігі жүз жылдыққа тарту жасауда.
Толағалай табысқа жеткен оқушылар білім, спорт, мәдениет, шығармашылық, ғылым секілді түрлі бағытта мықтылар қатарынан көрінуде. Ерекше айта кететін жайт, ұлттық спорт тоғызқұмалақтан Азия чемпионы атанған Жантөре Аманқос жыл қорытындысы бойынша үздік спортшы «Ұшқын» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында бақ сынаған және спорт шебері атағын алған 10 сынып оқушысы Дамир Ахметов, Мектепхан Нұрай, Ерасыл Пернебаев, Нұрила Мектепхан, Әсем Дәуренбекқызы облыс, рес­публика жүлдегерлері атанды. Волейбол жүлдегерлері Әсет Рысмаханов, Ұлпан Дайрабаева, Даниял Мүбараков – аудан мақтанышы. Білім саласында да толағай табыстармен мектеп ұжымы қуантып келеді. Мысалы, 2018-2019 оқу жылында 11 оқушы бітіріп, 2 оқушы мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижесі бо­йынша «Алтын белгі», 5 оқу­шы «Үздік аттестат» иеленді. 10 оқушы ЖОО білім грантын, 1 оқушы «Серпін» бағдарламасы бойынша арнаулы орта оқу орнының грантына ие болды. Осы оқу жылы ҰБТ-дегі көрсеткіш 94 баллды құрады.
Бұдан бөлек мектеп оқу­шылары шығар­машылық байқауларда жүл­делі орындардан көрініп жүр. Биыл аудан­дық ғылыми жобалар байқауында 3 оқушы жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Олар: Ақерке Дәуітбекова, Жібек Қанибай, Сағыныш Ағыбай. Облыстық кезеңде алдыңғы екеуі жүлделі ІІІ орын иеленіп, республикаға бақ сынауға мүмкіндік алды. Дәл осындай білім бәсекелерінде мектеп оқушылары ерекше қабілеттерімен дараланды.
Жас педагогтардың жетістігіне тоқ­талатын болсақ, «Үздік мектепалды даяр­лық сыныбының тәрбиешісі – 2018» облыстық байқаудың аудандық кезеңінде М.Серікбаева қатысып, ІІІ орын иеленді. Айданa Жәкиева «Еңбек жолы» облыстық байқауында үздік жас маман атанды. Әлеуметтік жобалар аясында Nur Otan партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары М.Құттықожаевтың Алғыс хаты мен «Үздік жоба» номинациясына ие болды. Айдана Жарқынқызы биыл Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жас­тар сыйлығын иемденді. Бұдан өзге мектеп педагогтары Қызылорда облысының полиция департаментінің облыс көлемінде ұстаздар арасындағы сайысында ІІ орынды жеңіп алды. Білім қызметкерлерінің аудандық «Наурыз шапағаты» өнер фес­тивалінің лауреаты, «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық XII «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атанды. Жақында Тәуелсіздік мерекесі аясында Қаршыға Әшірбекова Nur Otan партиясы облыстық фил­иал төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарованың Ал­ғыс хатымен марапатталды.
Жыл сайын кәсіби бағдарын жақсартып келе жатқан білім ошағында тәрбие жұ­мысы қалыс қалған емес. Дәс­түрлі «Жас ұрпақ» ұйымы қатарына қабылдау, «Ма­мандық таңдау кеші» се­кілді түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Мек­теп оқу­шылары «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы мүшелерінің облыстық ІІІ слетіне қатысып, «Үздік көшбасшы», «Адалдықтың жаршысы» номинациясымен марапатталды. Оның ішінде Аза­мат Қанапияұлы мен Бекзат Серғазиева бар.
Анар Ізбасарова жетекшелік ететін бас­тауыш ардагерлер ұйымы үнемі жақ­сы істің бастауы болып жүреді. Әркез тағылымды кеш барысында ұстаздардың мерейтойын атап өту дағдыға айналған.
Мектеп-лицейде «Рухани жаңғыру» бөл­месі ашылып, біршама құндылықтар қо­йыл­ған.
Осылайша тарихы зерделеніп, өткені мен бүгіні ғасыр жылнамасына айналған №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей мерейтойын алдағы уақытта тойламақшы. Туған жердің түтінін түтеткен мектеп түлектерін белсенділік танытып, игі шараны қолдауға шақырамыз. Қашанда ұлы істердің басы-қасынан табылып, бір арнаға ұйысатыны анық.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

21 желтоқсан 2019 ж. 875 0