Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Масылдық көзқарастан қалай арыламыз?

Масылдық көзқарастан қалай арыламыз?

Бұл тақырып бойынша терең қау­зап, талай дүниенің басын ашып айтуға болады. Ықылым заман­нан қазақ халқы еңбеккеш, маң­дай терімен ырзық-несібесін тауып келеді. Қарапайым еңбектің арқа­сында нәубетті жылдарды артта қалдырып, ел еңсе тіктеді. Ал қазір күнделікті тұрмыстағы ахуалдың күрделенуі кез келген адам ара­сындағы ортақ түсініспеушілік туындатуда. Отбасындағы тұрақ­сыздық көрінісі енжарлық, жалқау­лық орын алғанда белең ала бастады. Осы ретте жекелеген тұлға ретінде үйдегі жауапкершіліктен жалтарып, өзгенің есебінен өмір сүру – нағыз масылдыққа әкеліп соқтырды.
Әлем толассыз дамыған өрке­ниет көшін қалыптастырды. Әр адам­ның сан мыңдаған кәсіпті игеру жолында толықтай мүмкіндігі бар. Табысты еселеу арқылы тұрмыстық ахуалды жақсарту – отбасындағы әр азаматтың борышы. Бәсекелестік заманы туған шақта бостан-босқа қарап отыруға болмайды. Қарым-қабілетімен еңбек еткен адамның берекесі артуда. Жоспарлы әрекет ете білген жағдайда алға қарай ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда қайраты мен жігері бойында та­сыған кей азамат іске келгенде қауқарсыз күй кешуін жұмыссыз болуымен байланыстырады. Негізі қолы­нан іс келетін адамды жұмыс өзі іздеп табуда. Сондықтан да жаға­ға жармасқан жалқаулықтан ары­лып, табанды еңбек ету – заман та­лабы.
Жалпы көпшілік арасында ма­сыл­дық психология қалыптас­қаны қынжылтады. Әркімнің белгілі бір деңгейде адамдық парызы бар. Дегенмен жасаған ісіне көре ал­мау­шылық таныту – масылдық көзқа­растың алғашқы сатысы. Адам­ның жомарттығын пайдаланып, өз бо­йын­дағы ауыртпалықты жеңіл­дету дұрыс емес. Сұраудың да өз әдебі, мақсаты бар. Ал масылдық жолды таңдағандарға бәрі міндет секілді. Олар өтірік дәрменсіз күйде болып, қымбат уақытты құр босқа өткізумен әлек. Ел аман, жұрт тынышта, он екі мүшесі сау бола тұрып, тиянақты іспен шұғылданбауға ешкім кінәлі емес. Бастысы, адамның бойындағы қауқарсыздық. Қашанда масылдық психологиядан арылу үшін үздіксіз алға қарай ұмтылу керек.
Бақшадағы жемістің бітік шы­ғуы – еңбекқордың адал еңбе­гінің нәтижесі. Ал масыл адамның сәтсіз­дігі болашаққа деген сенімінің жоқтығынан. Өзгенің бергені азған­тай азық болғанымен оны өзіңнің маңдай тер еңбегіңмен тапқанға жетпейді. Сондықтан масылдық көз­­қа­­растан әрбір адам ада болуы қа­жет.
Қазіргі таңда бір ғана атаулы әлеуметтік көмек алу барысында отбасындағы тұрақтылық сақтал­май түрлі жағдай орын алып жатыр. Бірі ажырасып, бірі жанжалдасып, бірі табысын жасырып, бірі ата-анасынан бөлек кетуде. Кей азамат әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін тұрақты жұмыстан бас тартуда. Бұл масылдықтан туындап отырған жағдай. Әйтпесе ерінбей еңбек еткен ешнәрсеге мұқтаж болмайды. Ата-бабамыз талай нәубетті күннен аман шығып, ұрпағын жеткізгенін ескерсек, бұл қазаққа тән қасиет емес.

Балатабай ОРДАБЕКОВ

19 желтоқсан 2019 ж. 714 0