Жақсыдан үйрен...
Жастармен еркін форматта кездесу барысында негізгі 3 тақырып бойынша әңгіме өрбіді. Алғаш жиналған көпшілік қазақи қалыптағы заманауи тұлға турасында өз ойларын ортаға салды. Қазіргі таңда жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру, жан-жақты жетілген тұлға ретінде қалыптастыру талқыланды. Қашанда қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгені жөнінде айтылды. Одан қалды жастардың қалыптасуына кері әсерін тигізіп, санасын улаған түрлі факторды дәлел ретінде қарастырған жастар өз көзқарасын айқын білдірді. Тақырыпқа арқау болатындай тағылымды әңгімені аға буын өкілдері мысал ретінде айтты. Көпшілігі жастардың негізгі тәрбиесіне отбасындағы тұрақтылық пен татулық тікелей әсер ететінін жеткізді. «Жастар және интернет» тақырыбында ой өрбіткен жастар қазіргі ғаламдық тұрғыдан қалыптасқан заманауи даму көкжиегі кеңейіп, әрбір адам еркін жаңашылдыққа тез үйреніскенін жеткізді. Дүниежүзінде сан мыңдаған адамның барлығында ақылды гаджет тиісінше жұмыс жасап, пайдасы мен зиянын қатар әкелуде. Келешектің кемелді тұлғасы атану үшін қарқынмен жүзеге асқан жаңалыққа ілесу басты мақсат санала ды бұл күнде. Осы ретте жиналғандар интернеттің кері әсерін айта отырып, жақсы жақтарын игеруге шақырды. Дамыған елдердің озық тәжірибесін меңгеруде ғаламтор қажет. Деген мен оның пайдалану дағдысын ұғыну әрбір азаматтың міндеті. Кітап – сабырлы ұстаз, әдеби рандеву барысында жиналғандар адамның ең бірінші кезекте рухани құндылықты арттыруда кітаптың рөлі зор екенін айтты. Ой-өрісіңді кеңейтіп, саналы қарекет ету өзіңді тануға көмектеседі. Кітаптағы әрбір кейіпкерді өзіңмен салыстыра отырып, алға қарай ұмтылу ке рек. Қазіргі таңда миллиондаған кітаптың жазылуы жанрлық бөліністі айқындайды. Адам өз қалауынша жанына жақын бағытты таңдап, дүниетанымын дамытады. Жоғарыда аталған тақырыптар бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, бөлім басшысы Ж.Төрәлиев, еңбек ардагері М.Елеусінов, кітапхана директоры Г.Нұржакиева жан-жақты пікір айтты.
Б.ОРДАБЕКОВ