Мәмс: кім, қанша, не үшін төлейді?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жүзеге асырылады. Мұның түп төркінінде халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, елімізде медициналық қызметтің сапасын көтеру көзделген. Бұл әлемде қалыптасқан жүйе. Төрткіл дүние жұртшылығы мұнан асқан жүйені тапқан жоқ. Сондықтан МӘМС медициналық қызметтің қолжетімділігін, бәсекелестігін қамтамасыз етеді. Осы орайда МӘМС-ке қатысты көкейдегі сауалдарды аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Мырзағалиеваға қойған едік.
– Нұржамал Жұмағалиқызы, медициналық жүйенің мүмкіндігіне тоқталсаңыз.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлт жоспары – «100 Нақты қадамының» 80 қадамы – денсаулық саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жүктелген. Сол бойынша келер жылдан бастап жүйе қолданысқа енгізіледі. Бұл мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың денсаулығы үшін жоғары жауапкершілігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін, бірінші кезекте алғашқы медициналық-санитариялық көмектің әрі жеке медицинаның дамуы және медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуы есебінен жоғарылатуға мүмкіндік береді.
– Қандай медициналық қызмет көрсетіледі?
– Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакетінің 2 түрі ұсынылады. Біріншісі – базалық пакет. Мұнда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді болады. Көрсетілетін қызметтер: жедел көмек және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер. Ал екінші – Медициналық сақтандыру қорынан көрсетілетін сақтандыру пакеті. Оған амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек кіреді.
– МӘМС-ке жарна төлеуге барлығының мүмкіндігі бола бермейді. Ол қалай болмақ?
– Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, яғни Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылады. Атап айтқанда, балаларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар және «Батыр ана» атағы бар аналар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлеріне, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жұмыссыз ретінде тіркелген, интернатта оқитын және тәрбиеленетін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін мекемелерде, сонымен бірге жоғары оқу орнынан кейінгі резидентурада күндізгі оқу түрінде оқитын, бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған тұлғаларға, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер және 3 жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін әйелдерге, зейнеткерлерге, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері мен құқық қорғау органы қызметкерлеріне, қауіпсіздігі төмен мекемелерді қоспағанда сот үкімімен жазасын өтеп отырған, уақытша ұстау және тергеу изоляторларында жатқан тұлғаларға қор арқылы жарна төленеді. Өз кезегінде жұмыс берушілер – жалданған жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Жұмысшылар мен салық органдарында тіркелген азаматтар – өздері үшін жарна төлейді.
– Жарнаның мөлшерлемесі қандай?
– Ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы) үшін мемлекеттік жарна мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7% құрайды. Мөлшерлеме көлемі кезең-кезеңімен жоғарылап отырады. Мәселен, 2017 жылы – 4%, 2018 жылы – 5%, 2023 жылдан бастап – 6%, 2024 жылдан бастап – 7% көлемінде. Ал жұмыс берушілердің жарналар мөлшерлемесінің жалпы көлемі табыстың 5% құрайды, сонымен қатар аударымдар 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 4% және 2020 жылы 5%-тен басталады. Аталған аударымдар корпоративті табыс салығын есептеу кезінде шегерілетінін есепке алатын болсақ, жұмыс берушілердің жүктемесі 2017 жылы – 1,6%, 2018 жылы – 2,4%, 2019 жылы – 3,2%, 2020 жылы – 4%-ті құрайды. Сондай-ақ жұмысшылардың жарна мөлшерлемесі табысының 2% құрайды. Олардың аударымдары 2019 жылдан – 1%, 2020 жылдан – 2%.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны қалай төлейді?
– Олар жарнаны өздері төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) жарна мөлшерлемесі табысының 7% құрайды. 2017 жылы – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 5% және 2020 жылы – 7% болмақ. Атап өтетін жәйт, проценттердің жалпы мөлшері 15 минималды еңбекақыдан артпайтын болады.
– Бұл жүйе туралы халықтың ұсыныс-пікірі қалай ескеріледі?
– Халықтық бақылау медициналық қызметтерді пайдаланушылар Медициналық сақтандыру қоры дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалуы тиіс. Бұл азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік бермек.
– Тұрғындар өзінің әлеуметтік мәртебесін қалай білмек?
– Емханаға тіркелу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесі туралы ақпаратты «Egov» порталы арқылы «Емхананы таңда» бөлімінде және өз емханаңыздың сайтынан білуге болады. Онда әлеуметтік мәртебені анықтау бөлігінде «сақтандырылған» немесе «сақтандырылмаған» жүйесі іске асырылады.
– Ауданда әлеуметтік мәртебесі анықталмаған тұрғындар бар ма?
– Аудан көлемінде 2019 жылдың басында әлеуметтік мәртебесі анықталмаған тұрғындар саны 1229 болса, халық арасында үгіт-насихат түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қазіргі таңда 52 тұрғынның мәртебесі нақтыланбай тұр. Тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін анықтау жуық арада аяқталады.
Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ