Семіздіктің себебі неде?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлем халқының бестен бір бөлігі немесе 2 миллиардқа жуық адам артық салмақтылар қатарына енеді екен. Мұндай адамдардың 250 миллионы созылмалы семіздік ауруы мен оған қосарлана жүретін түрлі ауруларға шалдыққан.
Сонымен қатар мезгілсіз болатын әрбір үшінші өлім-жітім семіздік пен адамның аз қимылдауынан туындайтын аурулармен байланысты екендігі дәлелденген. Қазіргі кезде семіздіктің таралу қарқындылығы өскені сонша, осылай кете берсе бұл цифр енді 5-6 жылда екі есе өсетін болады.
Иә, аталған мәселенің алаңдатарлық тұсы – Қазақстанда да соңғы уақытта кең етек ала бастағаны. Еліміздегі мамандар семіздіктің салдарын дұрыс тамақтанбаудан екенін растайды және аз қимылдаудан пайда болатындығын айтады. Дәрігерлер артық салмақтылар жиі ұшырайтын ауру түрлерін де жіктеп береді. Олардың қатарында – жүрек-қантамырлары дерті, жатыр мойны мен аналық, аталық бездердің, сүт безінің, тоқ ішектің, бүйректің, бауырдың және өт қабының қатерлі ісіктері, остеопороз, артрит, тыныс алу ағзаларының аурулары екенін айтып дабыл қағады. Сондай-ақ бұл дертке шалдыққандардың өмір сүру жасы да 7 жылға дейін қысқарады екен.
Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар – қазақстандықтар екені мәлім болған. Бұл дерекке сенсек, Қазақстандағы ересек адамдардың 24,4 проценті семіздік дертіне шалдыққан. Сарапшылар «4 миллионға жуық қазақстандықтың немесе елдің әрбір төртінші тұрғынының артық салмағы бар» деп есептейді. Бұл әрине, алаңдатарлық жағдай. Орта Азия өңірі бойынша орташа көрсеткіш – 18,4 процент. Өзбекстанда артық салмағы бар адамдардың үлесі – 17,3 процент, Қырғызстанда – 17,2 процент, Түркіменстанда – 14,3 процент, Тәжікстанда – 9,9 процент. Бұл статистикадан жалпы өсу тенденциясы Орталық Азияның барлық елінде байқалатынын көруге болады.
Дәрігер-диетологтардың пайымынша, қазақстандықтардың семіздікке шалдығуының үш себебін атайды.
Біріншісі – адамдар белгілі бір азық-түліктің калориясы мен денсаулыққа зиянын білмейді. Екіншісі – тамақтың сапасы. Қазір көпшілік үй жағдайында емес, сырттан тамақтанғанды жөн көреді. Ал тез дайындалатын тағамдардың көбі көшеде сатылады. Ары-бері ағылған көліктерден бөлінген улы заттар тамаққа түсіп, денсаулыққа зиянын тигізіп жатқанына соншалықты мән берілмейді. Семіздіктің үшінші себебі – жұрттың фастфуд тағамдарына әуестенуі. Өкінішке орай, елімізде мұндай тағамдарды дайындайтын орындардың саны жыл санап артып келеді. Оқушылар мен студенттердің көбі осындай тағамдарға әуестенгіш. Көп ретте жастар жағы әсіресе, таңғы асты ішпей, бірден түскі тамақ ішуге қалыптасқан. Бұл артық салмақ жинауға әкелетін басты себеп. Сондықтан таңғы, түскі, кешкі мезгілде тамақтану режимін сақтаудың маңызы зор екенін айта кеткен жөн.
Сондай-ақ артық салмаққа шалдығушылардың қатарын балалар да толықтырып отырғаны, жеткіншектердің арасында жиі кездесуі де алаңдатарлық жағдай. Ата-аналар семіздікке шалдыққан балаларын дәрігерлерге көрсеткенімен, кеңестерін алғанмен нәтиже шығармайды. Сондықтан мамандар мұндай жағдайда баланы жан-жақты қолдап, оған моральдік көмек көрсетуде ата-ананың рөлі зор екендігін айтады. Себебі толық келетін бала өз ортасында ыңғайсыз жағдайға ұшыраймын деп мінез-құлқы өзгереді. Ондай балалар өз жасқаншақтығын ата-анасының демеуімен жеңбесе, семіздікпен күресте нәтижеге жете алмайды.
Тағы бір айта кететін жағдай, қоғамның жылдам дамуы салдарынан адамдар техникаға тәуелді болып қалды. Адамдар аз қимылдап, жұмысты көбіне отырып, компьютермен атқарады. Ал уақыттың жетіспеуі жылдам әзірленетін тағамға тәуелді етті. Дегенмен семіздік дертімен әр адам өз бетінше күресіп, қайсарлық танытса, алынбайтын асу жоқ.
Семіздіктен арылудың тиімді жолы – дұрыс түзілген тамақ рационы. Ет өнімдерін үнемі тұтыну кейбір аурулардың даму қаупін арттырғанымен, сүт өнімдерінен, жұмыртқадан, құс пен балықтан әзірленген тағамдар ақуызға бай болып келеді. Сондай-ақ жануарлар майын неғұрлым аз тұтыну қажет. Оны артық тұтыну толығуға және қан тамырларының қабырғасында холестериннің пайда болуына алып келеді. Сәйкесінше өсімдік, балық және жылқы майы денсаулыққа пайдалы әсер етеді. Бұған қоса көмірсуларға бай азық-түліктер, яғни ұсақталмаған жармалар, көкөністер, жеміс-жидектер – ағзаны энергиямен қамтамасыз етудің ең дұрыс жолы. Ондай тағамдар дәрумендерге, минералдарға, бай болуымен қатар ішек жұмысын жақсартып, оны пайдалы микрофлорамен қоректендіреді. Адамдардың қантты, ұннан жасалған тағамдарды, кондитерлік өнімдерді, қуырылған, ысталған, маринадталған, тұздалған өнімдерді, шұжықтарды, балқытылған ірімшіктер мен газдалған сусындарды аз мөлшерде тұтынғаны жөн.
Б.ЖАНӘЛІ