Балалардағы семіздіктің себептері
Балалардағы артық салмақ дұрыс тамақтанбаудың және жүріс-тұрысы аз өмір салтының нәтижесі болып табылады, бірақ ол эндокриндік жүйе ауруларының немесе денсаулығындағы басқа да күрделі қиындықтардың себебінен де туындауы мүмкін. Семіздіктің пайда болуының негізгі факторлары мыналар.
Тиімсіз тамақтану
Егер бала әрдайым жоғары калориялы, майлы және тәтті азық-түліктерді (фастфуд, снэктер, қытырлақ картоптар, кондитер өнімдері, май қосып пісірілген нан және т.б.) пайдаланатын болса, бұл артық салмақтың болуына алып келуі мүмкін. Ал егер бұған тәтті газдалған сусындар, балмұздақ, кремі бар десерттер және басқа тәттілер қосылатын болса, семіздік қатері одан да көп артады.
Жүріс-тұрысы аз өмір салты
Дене жүктемесінің жеткіліксіздігі артық салмақтың қосылуына ықпалын тигізеді, себебі бұл жағдайда бала тамақпен алатын калорияға қарағанда әлдеқайда аз калория жоғалтады. Егер бала теледидардың, компьютердің алдында көп уақыт өткізетін немесе ұзақ уақыт бойы видео ойындарды ойнайтын болса, мұндай өмір салты да семіздіктің жетілуіне ықпалын тигізеді.
Тұқым қуалау факторлары
Егер отбасы мүшелері артық салмаққа шалдыққан болса, әсіресе, егер үйде кез келген уақытта қолжетімді жоғары калориялы тағам әрқашан болатын, ал бала жүріс-тұрысы аз өмір салтын ұстанатын болса,бұл балалардағы семіздіктің жетілуінің қосымша тәуекел факторы болып табылады.
Психологиялық факторлар
Үлкен адамдар сияқты, балалар мен жасөспірімдер де стресс, жайсыздық немесе күшті эмоциялар секілді психологиялық мәселелерді “жеп басуға” бейім, ал кей уақытта жай әншейін, іш пысқандықтан тамақ жейді. Кейде ата-ана назарының болмауы немесе жеткіліксіздігі артық тамақтанудың себебі болып табылады, және тамақпен алынған артық калориялар артық салмаққа алып келеді.
Балалардағы семіздіктің алдын алу
-Азық-түлікті сатып алғанда жемістер мен көкөністер туралы ұмытпаңыз. Өнеркәсіптік өндірістің крекерлер, печеньелер және тоқаш нандар, тағамдық жартылай дайын өнімдер, сонымен қатар дайын тағамдар, соның ішінде тоңазытылғандары сияқты дайын азық-түліктердің құрамында өте көп май және қант болады, сондықтан оларды сатып алмаған жөн. Олардың орнына пайдалы төмен калориялы азық-түліктерді таңдаңыз
-Ешқашан азық-түлікті ынталандыру немесе жазалау үшін қолданбаңыз
-Өнеркәсіптік өндірістің тәтті сусындарын, солардың ішінде, құрамында жеміс шырыны барларын да сатып алмаңыз, немесе оларды қолдануды барынша азайтыңыз. Бұл сусындар жоғары калориялы, бірақ құрамында қоректік заттар өте аз болады
-Әрбір тамақтану кезінде үстел басында бүкіл отбасымен жиналуға тырысыңыз. Тамақты асықпай ішіңіз, жаңалықтармен бөлісіңіз. Балаға теледидар, компьютер алдында немесе видео ойын ойнап отырып тамақ ішуге рұқсат бермеңіз –– бұл өзінің тойғандығын бақылауды тоқтатып, қажеттігіне қарағанда көп жеп қоюына алып келеді
-Баламен бірге кафе және мейрамханаларға, әсіресе фастфуд мейрамханаларына мүмкіндігінше аз баруға тырысыңыз. Мұндай тамақтану жерлеріндегі тағамдардың көбісі жоғары клориялы және құрамында зиянды майлардың мөлшері көп болады
-Баланың физикалық белсенділігін арттыру үшін келесі ережелерді ұстаныңыз
-Баланың компьютер немесе теледидар экранының алдында өткізетін уақытын екі сағатпен шектеңіз
-Дене жаттығуларына емес, жалпы қозғалыстыққа ерекше мән беріңіз –– бала міндетті түрді белгілі бір дене жаттығулар кешенін орындауға тиіс емес, жай ғана жасырынбақ немесе қуыспақ ойнауға, секіргішпен секіруге, аққала қалауға және т.б. болады
-Бала белсенді болуы үшін оған үлгі көрсетіңіз. Бүкіл отбасымен айналысуға болатын белсенді тынығудың түрін ойлап табыңыз
-Ешқашан физикалық жүктемелерді жазалау немесе міндеттеме түрінде қолданбаңыз
-Балаға аптаның әртүрлі күндерінде белсенді тынығудың түрлерін ауыстырып отыруға рұқсат беріңіз. Бір күні бассейнде жүзсін, басқа күні –– боулингке барып келсін, үшінші күні –– футбол ойнасын, төртінші күні велосипед тепсін. Немен айналысатыны маңызды емес –– оның көбірек қозғалыста болғаны маңызды.