Шағандағы дүбірлі дода

Ұлттық ойынға 150-ден астам шабандоз қатысты. Ұлттық құндылықтарды насихаттау әрі жастар арасында достықты нығайту мақсатында өткен шараның ашылу салтанатында Шаған ауылының әкімі Ұ.Абдраманова, аудандық мәслихат депутаты Б.Қадіров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов сөз сөйлеп, шабандоздарға сәттілік тіледі.
Таңертең басталған аламан кеш қарайғанша қызу, тартысты өтті. Жүлде қоры 1 миллион теңгені әрбір салымшы 20 мың теңгеден теңдей бөліп алып жатты. Ат бәйгесінің алғашқы кезеңінде жаңақорғандықтар белсенділік танытты. Ұлттық ойында көкпаршылар бар өнерлерін салды, оны жұртшылықтың ұрандатып салған дауысынан-ақ аңғаруға болады. Білекті жігіттер жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинап, айқын басымдылық көрсетті.
Сайыстың қорытындысы бойынша командалық есеппен бас бәйгеге тігілген жылқыны Жалағаш ауданынан келген Аққұм ауылының құрамасы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Қызылорда қаласының шабандоздары иеленіп, тай мінді. Ал сайысты үшінші орынмен қорытындылаған Жаңақорған ауданының құрамасына қой бұйырды.
Білекті жігіттердің бақ сынауына мүмкіндік жасап, ұлттық ойынға демеуші болған ауылдың жеке кәсіпкері Т.Әбдікәрімов екенін айта кету керек.
Майя ҚОЖАБАЙ