Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАҒАНДЫҚ ШАРУАЛАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚОЛДАЙДЫ

ШАҒАНДЫҚ ШАРУАЛАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚОЛДАЙДЫ


Шаған ауылының шаруалары Елбасы Жолдауын толық қолдайды және мақсат-міндеттерді орындауға өз үлестерін қосуға дайын. Бұл туралы "Шаған Жер" ЖШС қырманында өткен кездесуде айтылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын насихаттау және ауылшаруашылық құрылымдарының жұмысымен танысу мақсатында Шаған ауылында да жиын өтті.
"Шаған Жер" ЖШС қырманында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Ғ.Қазантаев, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық мәслихат депутаты Б.Қадіров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов, ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы А.Тәуекелов, шаруашылық егіншілері, механизаторлар, тасымал қызметінің белсенділері қатысты.
Жиын барысында аудан басшысы Елбасы Жолдауы туралы жан-жақты айтып, Президент Жолдауы жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруға серпін беретінін атап өтті.
– Жолдауда ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуетінің көтеру бағытында нақты тапсырмалар берілді. Жолдауда айқындалған мақсаттардың орындалу барысында біздің облыста агроөнеркәсіп саласы қарқынды дами түседі. Шағандық дихандар бұл іске өздерінің адал еңбегімен үлес қосады деп сенемін. Ауылда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл мемлекеттік қолдаудың жемісі,- деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мұнан кейін "Нұр Отан" партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық мәслихат депутаты Б.Қадіров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов, ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы А.Тәуекеловтер сөз сөйлеп, келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе арттыруды тапсыру жөніндегі тапсырма ел тұрғындарына үлкен көмек екенін атап өтті.
08 қазан 2018 ж. 1 235 0