Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдағы өзекті мәселе

Қоғамдағы өзекті мәселе

Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылғанын барлығы білуі керек. Өйткені қай халық болмасын әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында да әйелдің орны бөлек. Ана деп ардақтап, қарындасқа құрмет көрсетеді. Сондай-ақ ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген.
Зорлық-зомбылық тек жәбірле­ну­шілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Статистика бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес.
Отбасы – шағын мемлекет десек, бұл оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың нық болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына тигізер ықпалы бар болғандықтан да отбасын шағын мемлекетке теңесе керек. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланыс­ты шаңырақтың шайқалып, бей­күнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай шудан шаршаған әйелдердәң көбі ажырасуға мәжбүр болады.
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» дегендей, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі ешуақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетін әйелдер мен жас балалар. Осыған байланысты заң тұрғысында да бірқатар өзерістер енгізілген. Мәселен, әйелге қол жұмса­ған­дығын растайтын құжаттар болса, әкімшілік жазаға тартумен қатар, 15 күндік абақтыға жабу да қаралған. 10-15 тәулік қамауда отырып шыққан адам үйіне оралады. Ашынған отағасы әйелге қол көтеруін бұдан кейін еселей түсуі де мүмкін. Ол кезде жаза күшейе түспек. Балалар да үйінде, мектепте және басқа да қоғамдық жерлерде қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен ұшырасып оты­ра­ды. Алайда осы кезге дейін қоғам бұл проблемаға зейін қой­ып көрген жоқ. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мо­йын­далмайды. Бұл отбасының басқа мүшелері сияқты қорғалу құқығы бар жаннан гөрі, ата-анасының меншігі ретінде қалыптасудың салдары. Дөрекілік, балаға күш көрсету, балалардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықтың дамуын және қылмысты тудырады.

Ж.Жолдасов,
Сырдария аудандық
сотының судьясы
16 қараша 2019 ж. 1 705 0