ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ТӨЗБЕУШІЛІК НЕМЕСЕ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ШЕКТЕЛМЕУІ ТИІС
Жалпы қоғамда әйел адамының орны ерекше. Шаңырақ шаттығы саналатын нәзік жандыларды тұрмыстық зорлықзомбылықтан қорғау мемлекеттің басты назарында. Бүгінде әрбір отбасында әйелдің рөлі айшықталып, айрықша жағдай жасалуы тиіс. Кез-келген уақытта әйелдің құқығы шектелмеуін қамтамасыз ету керектігін ескерген жөн. Түрлі сипатта өзге біреуден жәбір көретін олардың еркін өмір сүруіне қолайлы орта жасай отырып, бойындағы ауыртпалықты аз-кем болса да арылта аламыз.
Осы орайда аудандық жергілікті полиция қызметіне қарасты әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы өткен жылы әйелдердің жағдайын жақсарту мақсатында аудан әйелдерінің отбасылық жағдайы, психологиялық-экономикалық, өмірге деген көзқарасы, өмірге деген ынтасын, қоғамдық белсенділігін арттыру және олардың азаматтық құқығын, ар-намысын қорғау мақсатында біршама нақты жұмыстар атқарды.
Негізінен ағымдағы жылдың 12 айында аудан көлемінде әйелдер арасында өзіне-өзі қол салудың (суицид) 3 фактісі тіркеліп, оның 1-і өліммен аяқталған. Сондай-ақ, осы мерзімде отбасы-тұрмыстық саласында 1 қылмыс (ҚР ҚК-нің 107 бабы, денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) тіркеліп, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғаны белгілі болды. Одан бөлек өткен жылы ҚР ҚКнің 120 бабы 4 бөлігі, кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты 1 қылмыс дерегі орын алған.
Тағы айта кететін жәйт жеңгетайлықпен, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыратын азаматтарды анықтау мақсатында криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілдерімен бірігіп рейдтік іс-шара ұйымдастыру жоспарланып, өткізілген. Іс-шара барысында жоғарыда көрсетілген азаматтардың анықталмағаны нақтыланған.
Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге «Тұрмыстық зорлықзомбылық профилактикасы туралы» Заңының 20-бабына сәйкес, учаскелік полиция инспекторларымен 56, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен 14 қорғау нұсқамасы шығарылса, 2 азаматтың мінезқұлқына ерекше талап қойылды.
Үкіметтік емес ұйым «Қамқорлық» дағдарыс орталығына жыл басынан бері 4 азаматша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып танылып, өз еркімен қабылданып, арнаулы әлеуметтік көмек алған. Жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан отбасы тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылық жасауын тоқтатпаған азаматтың мәселесін қарау бойынша ауданға қарасты Қоғалыкөл ауылдық округінің әкіміне қоғамдық кеңесте қарау бойынша ұсыныс жолданып, қоғамдық кеңес мүшелері, әйелдер кеңесінің төрайымы және аталған азаматтың қатысуымен кеңес өткізілген. Осы ретте әйелдер арасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында баспасөз бетінде мақала жарияланып, аудан көлемінде білім беру ұйымдарында, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарда бірнеше мәрте отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы аясында кездесу мен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, профилактикалық түсіндірме жұмысы жүргізілген. Аталған кездесу барысында қатысушыларға және халық көп шоғырланатын жерлерде ескертпе жадынама таратылған.
Әйелдер мен қыздар арасында зорлықзомбылықтың түрлерін анықтау және зерделеу мақсатында 150 респондент арасында сауалнама ұйымдастырылған. Сауалнамаға қатысушылардың көбісі отбасындағы зорлықзомбылықтың орын алу себебі жанұядағы психологиялық ахуалдың нашарлығы, алкоголь және наша қолданудың салдары, зорлық-зомбылық көбінесе ерлі-зайыптылар арасында орын алатындығы көрсетілген.
Қорыта айтқанда АІІБне тұрмыстық зорлықзомбылыққа ұшырап, көмек сұрап келген әйел азаматшаларына консультативтік кеңестер беріліп, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы профилактикалық түсіндірме жұмысы атқарылған. Әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстың алдын алу, ескерту бойынша профилактикалық түсіндірме жұмыстары әрі қарай жалғасын тауып, алдағы уақытқа жоспарланған.
Б.ЖАНӘЛІ,
тілші
С.БИШЕКОВА, Сырдария
АПб-нің ЖПҚб-нің ӘЗЗҚт-ның инспекторы полиция лейтенанты
тілші
С.БИШЕКОВА, Сырдария
АПб-нің ЖПҚб-нің ӘЗЗҚт-ның инспекторы полиция лейтенанты
Пікір 2