Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш жігіт туралы қисса

Үш жігіт туралы қисса

Алла Тағала бақша иелерінің халі жайында: “Бұларға бақша иелеріне жіберілген бәле секілді апат жібердік. Сол уақытта олар (бақша иелері) таң ертесімен оның жемісін жинап алуға ант ішті. Бірақ “Егер Алла қаласа” демеді. Олар ұйықтап жатқан сәтте бақшаға апат келді. Бақша қара күлге айналды,” - дейді (Қалам, 20-17).
Бұл қисса Алла Тағаладан келген ризықтан сараңдық етіп, соның салдарынан өздері де жұрдай болған бақша иелері: үш жігіт туралы, – дейді
gibrat.kz.
Ертеде діндар, иманды бір бай кісі өмір сүреді. Оның сан түрлі жемістері бар бақшасы болады. Ол сол жердегі мұқтаж кісілер мен кедей-кепшіктерге қамқорлық жасап, оларға өз малы мен жемістерінен садақа беретін еді. Оның үш ұлы болады.
Күндердің күнінде мезгілі жетіп, қайтыс болады да, оның үш ұлы жиналып, өзара кеңесіп, әкелерінен қалған үлкен бақшаның жемістерінен кедейлер мен мұқтаж адамдарға ештеңе бермей, тек өздері ғана пайдаланып, артылғанын сатуға келіседі. Сонда олардың
ортаншысы наразылық білдіріп: “Алла Тагаланың хағын өтеп, оның бізге берген ризығынан кедей-кепшіктерге де беруіміз керек, өйткені ол - біздің әкеміз істеген іс. Ол мұқтаж адамдарға садақа беретін, сондықтан Алла Тағала бізге жақсылық пен береке берді," - дейді.
Бірақ оның сөзін екі бауыры құлаққа ілмейді. Ол екеуі келісіп: “Таңертең ерте тұрып, бақшаға ешкімді кіргізбей барлық жемістерді жинап алайық та, сатуға шығарайық,” - деседі. Сөйтіп, Алла Тағаланың хағын өтеп, кедей-пақырларға үлес беру керектігін қаперлеріне алмайды.
Ертесіне таң атпай тұрған олар бақшаға қарай асығады. Олар өздерінің сол күні бүкіл жемісті жинап алып үлкен олжаға ие болатындарына сенімді еді. Алайда бақша қақпасына жетіп, оған көздері түскенде, естерінен танып, тілдері күрмеліп қалады. Бау-бақшаның кешегі жап-жасыл келбетінен ешқандай із қалмаған еді. Бақшадағы алуан түрлі ағаштың түк қалмай өртеніп қирап, қара күлге айналыпты. Тіпті мұнда кеше ғана жеміске толы бақша болды дегенге ешкім сенбестей еді.
Олардың естері шығып: “Жемістер қайда? Жап-жасыл бақша қайда? Қалайша бәрі жоқ болды?” - деп аһ ұрады.
Олар мұның тойымсыздық, ашкөздік, кедейлердің ақысын бермей сараңдық жасағандарының салдары екенін сонда ғана түсінеді. Сонда олардың ортаншысы:
“Мен сендерге ескертпедім бе? Әкеміздің бақша жемістерінен кедей-кепшіктерге хақтарын бергені секілді біз де берейік дедім ғой. Қарсы болып, келіспедіңдер. Аллаға шүкіршілік етпедіңдер, кедейлердің хақыларын жегілерің келді,” - дейді. Оған бір бауыры: “Дұрыс айтасың. Біз қателестік, күнәмізді мойындаймыз. Алла Тағала бізге жазасын берді, бірақ біздің өкінішіміз еш пайда бермейді. Бәрі жел ұшырғандай жоқ болды," - дейді өкініш білдіріп. Сонда ортаншы бауыры: “Шындығында істеген нәрсеге өкініп, одан сабақ алу, тәубе етіп, кешірім тілеу, істеген қателікті қайталамауга бел буу Алла қаласа Оның кең ризығының есігін ашуына себеп болады, ” - дейді.
Ғибрат: Алланың берген ризығынан кедей, мұқтаж адамдарға үлесін беру Жаратушы Иені риза етеді, бұған Ол көп сауап жазады. Сондай-ақ, олардың хақысын өтемеу Раббыңның қаһарына, ашуына ұшыратады.
Бақша иелері өздерінің сараңдығы мен ашкөздігінен және кедейлердің хағын бергісі келмегендіктері үшін жаза тартты.

Араб тілінен аударған: Қ. Садыбаев
10 қараша 2019 ж. 671 0