Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды
Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіп өскен балада жақсы сезім туып, дамиды. «Әкең барда дос тап, атың барда жол тап» дейді халық даналығы. Мұнда асқар тауыңның ақыл-кеңесімен жақсы дос табатыныңды меңзеп тұр емес пе? «Әке – балаға сыншы» деп осындайда айтылса керек.
Әр шаңырақта әкенің ерекше орны бар. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі - баланың үлгі, өнеге алатын, оған қарап бой түзейтін нысанасы.
Ер бала әкеге жақын болып, сырын айтады. «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлша жұмса, он бес жастан жоғары өзіңмен тең тұт» деген тәмсіл бар. Жастайынан еңбекке баулу, бала бойында төзімділікті қалыптастырады. Бос селтеңбай жүрістен ада етеді. Еңбек болғанда үй шаруасына көмектесу ғой. Ауылдық жерде балаға да жұмыс көп. Осыдан бес-алты жыл бұрын жерлесіміз, қазіргі таңда ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов өзі оқыған №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде жоғарғы сынып оқушыларымен шеберлік сабағын өткізді. Сол кездегі ҚР Бас Прокурорының орынбасары жүргізген дәріс тәрбиелік маңызымен есте қалды.
–Сабақтан бос уақытында бала үй шаруасына көмектесу керек. Еңбек – жасөспірімді шыңдайды. Біз де оқушы кезімізде солай жасадық. Мен түйетауық өсірдім, сабақтан тыс кезде түрлі спорттық үйірмеге де уақыт табатынбыз. Бала болсақ та бос кезіміз болмайтын. Жасөспірім қоғамға, өзіне пайдалы іспен айналысу керек, – деген Жақып Қажыманұлы дәріс соңында оқушыларға менен де жоғары лауазымдық қызметке жетіңдер – деген игі тілегін білдірді. Қашанда қарапайымдылықты жанына жалау еткен жан биік қызметке еңбектің арқасында жеткенін, адам бойындағы талмай ізденістің ізгі мұратқа жетелейтінін оқушыларға ұғындырды.
Әке қаласа да, қаламаса да ұлы үшiн нағыз ер жiгiт өнегесiнiң үлгiсi болып табылады. Бұл әке өз баласына ең жақсы деген тәлiм-тәрбие берем десе өзiнiң зиянды дағдыларынан бас тартып, өз тәртiбiн мұқият қадағалайды деген сөз.
Өсiп келе жатқан жас ұрпақ бойында әкеге деген шексiз махаббат қана емес, құрмет, сыйластық болғаны өте маңызды. Қарапайым тілмен айтсақ, бала әкесiнiң орынды сөйлейтінін, жат әдеттер жасамайтынын, таза жүретінін, суда жүзе алатынын, отын жара бiлетінін, сабырлық сақтау қабiлетiн үлгі етуі керек. Сонымен қатар әкенің киiм киюi, түр-сипаты, жүрiс-тұрысы – балаға бағдаршам.
Әке – асқар тау. Ол қанша қатал, талапшыл болғанымен кейде балаға шексіз мейірімін төгуі де керек. Ұлы қандай жағдай болса да, әкесiнiң оны жақсы көретiнiн, қашанда түсiне алатынын сезінуі тиiс. Мынадай бiр тәжірибе өткiзiлген екен: ұлдардың үлкен бiр тобы психологтармен екi лагерге бөлiнген екен – бiреуiнде әкелерiмен әрқашан қиыншылықтары, табыстары туралы бөлiсетiндер жиналыпты, ал екiншiсiнде – бөлiскiсi келмейтiндер немесе бөлiсуге қорқатындар жиналыпты. Психологтар таң қалыпты — бiрiншi лагердегi балалар «еркек» типi бойынша, ал екiншi лагердегi балалар «әйелдер» типi бойынша дамып келе жатқан екен.
Ұрпақ тәрбиелеу мәселесi о заманда да билердiң көңiлiнен тыс қалып қоймаған. Бөлтiрiк шешеннiң:
«Алдындағы ағаның етегiн баспа, жолын қу,
Артыңдағы iнiңнiң бетiн қақпа, белiн бу» деген, ел iшiнде мақал болып кеткен тәмсілінің қаншалықты терең тәрбиелiк мәнi бар десеңізші?!
Біздің бүгінгі қозғап отырған тақырыбымызға қатысты халық ауыз әдебиетінің мәйегі – мақал-мәтел көп. «Жақсы бала сүйік, жаман бала күйік» дейді. Осы орайды мына бір ескіден жеткен есті мысалдың өмірде кездесетіні де белгілі.
Біреудің жалғыз ұлы болады. Әкесі баласын ешкімнен кем қылмай өсіріп, «адам бол» дегенді құлағына құюдан жалықпайды. Бірақ, баласының сондай сотқар, өтірікші, жалқау, ешнәрсенің қадірін білмейтін көрсоқыр, тасжүрек болып ержеткеніне қатты қынжылады.
Қанша ақыл айтса да, баласы тыңдамайды. Ақыры әкесі: «Әй, балам, сен адам болмайсың!» деп қолын бір-ақ сілтейді.
Қанша ақыл айтса да, баласы тыңдамайды. Ақыры әкесі: «Әй, балам, сен адам болмайсың!» деп қолын бір-ақ сілтейді.
Бір күні бала әкесіне: «Мен басқа жаққа «бақыт» іздеп кетіп барамын. Сол жақта жұмыс істеп, күнімді көремін» деп, жолға шығады. Бір шаһарға келіп, қызметке кіріп, жұмыс істей бастайды. Ақырында өзінің қулығы, айлакерлігі мен өтірігінің арқасында қала басшысының сеніміне кіріп, өзі де бір лауазымды орынға тағайындалып, «бастық» болып шыға келеді.
Сөйтіп жүріп ойына әкесі түседі де, шабармандарына: «Әкемді алып келіңдер!» деп бұйрық береді. Зәулім үйге кіріп келген қарияға жігіт: «Иә, әке, таныдың ба балаңды? Маған «адам болмайсың» деп ұрсушы едің. Көрдің бе, қандай адам болғанымды?» деп күледі. Сонда әкесі: «Иә, көрдім, балам. Мақсатыңа жетіпсің. Мен саған «бастық болмайсың» деген жоқпын, «адам болмайсың» дегенмін, қателеспеген екенмін» дейді де, бұрылып жүре береді. Қазір де өкінішке орай әкесін тыңдамайтын ұл, баласына қарамайтын әке де қоғамымызда сирек те болса кездеседі. Бұл кезінде дұрыс тәрбие берілмегеннің салдары.
«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызда аса көп жүк қалдырып кетеміз» деп өткен ғасырда Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан атамыздың айтқаны көрегенділіктің белгісі. Бұл қазақ халқының ұрпағы үшін өмір сүретінінің дәлелі.
«Әке – балаға сыншы» дегенде өз отбасым туралы айта кетсем артық болмас. Сүйікті жарым екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір қос перзентімнен үш-үштен немере сүйіп отырмын. Ұлымды жалғыз деп шектен тыс мәпелегенім жоқ. Оны жазғы демалыс кезінде Алматы қаласында тұратын, кәсіпкерлікпен айналысатын іні-қарындастарыма көмектесуге жіберетінмін. Ол жақтан балам өзінің киіміне, оқулығына қажетті ақша тауып келетін. Бұл жөнінен анасы екеуімізге салмақ салмайтын. Сабақтан тыс уақыттарда түрлі спорт үйірмелеріне қатысты. Мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнында оқыды. Диплом алғаннан соң еліміздің оңтүстік шекарасында азаматтық борышын өтеді. «Мені жұмысқа орналастыр» деп қолқа салған жоқ. Түйіндеме тастап, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Онан кейін №10 кәсіптік мектепте мамандығы бойынша жұмыс жасады. Қазір аудандағы белді бір мекемеде жетекші инженер. Екі немерем, бірі төртінші сыныпта оқиды, қазақша күрес секциясына қатысады. Екіншісі бірінші сыныпта оқиды. Таеквандодан облыс чемпионы. Бүгінде балаларым мен немерелеріме дұрыс тәрбие бергеніме қуаныштымын.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейді халық даналығы. Сондай-ақ, Ұлы Абай: «Естілердің сөзін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады» дейді. Баршамызға осындай есті ұрпақ тәрбиелеуді Алла нәсіп етсін.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ