Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстазымыз Сақыбек Алданазаров туралы естелік жазып беру жөнінде ұсыныс түскенде қатты ойланып қалдым. Ол кісінің дүниеден өткеніне де көп жылдар болды. Оның үстіне зейнетке шыққаннан кейін Сақыбек ағай Алматыға көшіп кеткен болатын. Көшерде жолығып қалып, жылы сөйлесіп, денсаулығын, отбасын, хал-жағдайын сұраған едім.
– Алматыға көшуге дайындалып жатырмыз, – деді.
Сол жерде мен:
– Көшпей-ақ қойсаңыз қайтеді?! Өзіңіздің бүкіл ұстаздық өміріңіз осы жерде өтті. Сізден сабақ алған қаншама шәкіртіңіз бар, туған-туыстарыңыз, құда-жекжаттарыңыз да осында. Алматыдағы балаларға қонақ болып барып қайтып жүрмейсіз бе? – деп шәкірті болсам да ақыл айтып жатырмын.
– Ықыласыңа рахмет! Бұл мәселе түбегейлі шешіліп қойды, тәуекел деп енді жол жүреміз. Кетерде қоштасып кетемін ғой, – деп жүре берді. Біраз қарап тұрып, неге екенін білмеймін, көңілімді бір қимастық сезім билеп, жүрегім қысылып кеткендей болды. Сөйтіп, Сақыбек ағай елмен қош айтысып, көшіп кетті. Алматыға барып, балаларымен бірге болып, үлкен қаланың өміріне бірталай араласып, қызығын көрді. Бірақ кейін ауырып, сол жақта өмірден өтіп, туған жері – Тереңөзекке әкеліп жерледі. Осы суық хабар жеткенде ағай көшіп кетерде мені билеген үрей бекер емесін, менің болмысым бір қауіпті сезген екен деп ойладым. Бәрі құдіреттің қолында. Бірақ маған ұстазымыз Тереңөзектен көшпегенде бұдан да ұзақ өмір сүрер еді деген ой келді.
Сақыбек ағайды мен бала кезімнен білемін. Ол кісі де менің әке-шешемді, бауырларымды жақсы біледі. С.Алданазаров Қызылорда пединститутының қазақ тілі және әдебиеті факультетін 1952 жылы бітірген соң Тереңөзек ауданының бірнеше мектептерінде ұстаздық етіп, оның ішінде «Ақиін» жетіжылдық мектебінің директорлығынан 1953 жылы біз тұратын Қараөзек ауылындағы №39 мектепке директор болып келді. Сол жылы осы №39 мектептің бірінші сыныбына қабылданған кезім. Сақыбек ағай менің үлкен апам Базаркүлге, кіші ағам Әбсадыққа сабақ берді. Үйге апа мен ағаның сыныптастары келіп, сабаққа дайындалады. Бала болсам да солардың Сақыбек ағай туралы айтып жатқан мақтау сөздерін еститінмін. Мектепте ағайды көргенде маған ол кісі бір қол жетпейтін биік тұлға болып көрінетін. Бұл кісіден тәлім-тәрбие алған менің Базаркүл апам әуелі Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесін, одан кейін пединституттың химия-биология факультетін бітіріп, 40 жылдан аса ағай секілді жақсы ұстаз болды. Әбсадық ағам орта мектепті үздік бітіріп, еңбеккеш, мейірімді азамат атанды. Сақыбек ағайдың осындай шәкірттері жүздеп-мыңдап кездеседі. Ағай өте білімді, мәдениетті, парасатты кісі еді. Оқушылар, мұғалімдер арасында қатты дауыс көтермей-ақ қас-қабағымен, өзінің адамгершілік үлгісімен айтқанын орындататын.
1955 жылы біз Қараөзектен Карл Маркс колхозына көштік те Сақыбек ағай 1964 жылға дейін №39 мектепте директор болып қызмет жасады. Осыдан кейін Сақыбек Алданазаров 1964-1967 жылдары Сырдария аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл қызметте Сақыбек ағай тек білім беру ісімен ғана айналысып қойған жоқ, ауданның бүкіл экономикалық-әлеуметтік, рухани өміріне белсенді араласты. Оқушылар мен мұғалімдердің ғана емес, бүкіл аудан халқының ұстазы мен тәрбиешісі болды десем артық айтқандық болмас. Бұрындары аудандық, облыстық білім беру бөлімдерін «халық ағарту органдары» деп атайтын. Бұл атау кездейсоқ берілген атау емес, білм беру мекемелері нағыз идеологиялық үгіт-насихат ошағы болатын. Ал мұғалімдер – шын мәніндегі халық ағарту қызметкерлері еді. Сол секілді біздің Сақыбек ағай жоғары дәрежедегі ағартушы саналды.
Сақыбек Молдабекұлы 1964 жылы Сырдария аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып келген жылы мен Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педучилищені бітіріп, осы ауданға жолдамамен келдім. Қолымда дипломым, жолдама қағазым бар, меңгерушінің кабинетіне имене кірдім. Бұрыннан таныс, Қараөзек ауылындағы №39 мектепте директор болған ұстазым жылы жүзбен қарсы алып, қолымдағы құжаттарды алып қарап шығып:
– Шағанда балабақша меңгерушісі қызметі босап тұр. Соған барасың ба? – деп сұрады. Мен сасып қалдым... Ешқандай тәжірибем жоқ. Жасым енді ғана 18-ге толды. Балабақша меңгерушісінің не істейтінінен мүлдем хабарсызбын.
– Сақыбек ағай, менің тәжірибем жоқ, әлі жаспын. Бұд жұмысты атқара алмай өзімді де, әсіресе Сізді ұятқа қалдырармын. Әзірге балабақшаның тәрбиешісі немесе бастауыш сыныптың мұғалімі болып бастайын, – деп жауап бердім.
– Тәуекелге бел байлап осы жұмысты істе, сенің мені ұятқа қалдырмайтыныңа сенімдімін. Өзім бақылап, үйретіп отырамын, – деп бұйрық шығарып, қолыма ұстатты. Осылай мен Сақыбек ағайдың алдына бала болып кіріп, басшы болып шықтым. Дәл бүгінгі күннің өзгерістерімен қарасам, қазір жұмысқа орналасу қиын, жоғарыдан ешкімнің тапсыруынсыз, ерекше бір жақсылық жасауды талап етпей-ақ оқуды жаңа бітірген жас маманды басшылық жұмысқа жіберу мүмкін емес. Осыдан-ақ Сақыбек ағайның адамгершілігін, жүрегінің кеңдігін білуге болады.
Менің 50 жылдық жұмыс өтілімнің барлығы дерлік үлкенді-кішілі басшылық жұмыспен өтті. Соның негізін қалаған Сақыбек ағайдың сенімі болды. Әрі қарай өмір жолында маған ылғи осы ұстазым сияқты адамдар кездесіп, ел, адам тағдырына байланысты жауапты жұмыстар тапсырып отырды. Ұзақ жылдар бойы қандай жауапты жұмыс атқарсам да Сақыбек ағайдың «сенің ұятқа қалдырмайтыныңа сенемін» деген сөзі жадымда жаңғырып тұрады да, ұстазымды ұятқа қалдырмауға тырысатынмын. Сақыбек ағайдың мен сияқты сенім білдірген, ықыласына бөлеген, өмірге жолдама берген шәкірттері жетерлік. Олардың бірталайын мен білемін, бәрі ел сыйлаған азаматтар болып қалыптасты.
Аудандық оқу бөлімінен кейін Сақыбек Молдабекұлы Тереңөзек ауданының орталығындағы білімнің қара шаңырағы №35 орта мектептің директоры болып қызмет атқарды. Ол кезде мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Басты жұмысымыз мектеппен байланысты болған соң Сақыбек ағаймен тығыз байланысты болды. Мектепте түрлі кештер, мамандық таңдау кездесулерін өткізетінбіз, ағай маған ықыласпен көмектесетін. Ауданда өтетін түрлі жиындарда кездесетінбіз, менің атқарған қызметіме, сөйлеген сөздеріме көңіл аударып, жақсы жақтарын да, кемшілігі болса да ашық айтатын.
1977-1985 жылдары С.Алданазаров осы аудандағы №10 орта кәсіптік-техникалық училищеде директор болып қызмет атқарды. Аудандағы кәсіби жұмысшы мамандарын дайындайтын жалғыз училищені басқару өте күрделі жұмыс. Оның материалдық-техникалық базасы, оқу-тәжірибе участогы, жатақханасы, асханасы, өндірістік практикасы бар. Училищені оқушылармен жасақтаудың өзі бір төбе, әр ауылдық елді мекендермен жеке-жеке жұмыс атқару керек. Сақыбек ағай осының бәрін жүйелі үйлестіріп, училищені абыройлы басқарды. Бұл кезде мен аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіндемін. Сақыбек ағаймен жұмысымыз тағы да бір арнада тоғысты. Училищеде өтетін барлық іс-шараларға қатысамыз. Идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыруда кәсіптік бағдар беру – басты бағытымыздың бірі. Бұл қызметте де өзінің көмегін беріп жүрді. Сақыбек ағай 1985-1991 жылдары зейнет демалысына шыққанша біржола оқытушылық қызметпен айналысты.
Ұлағатты ұстаздың білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, кезінде лайықты бағасын алды. Партия мүшесі ретінде аудандық партия комитетінің мүшесі, бірнеше рет аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Бірнеше медаль, «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Соның ішінде бөліп айтатынымыз «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ. Бұл ұстаз үшін ең жоғарғы марапат. Сонымен қатар «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты», «Қазақ ССР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озаты» атағына лайық болды.
Сақыбек ағай мен Гүлбарам апай (ол кісіде мұғалім) 8 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрін де білімді, тәрбиелі, өнегелі азаматтар қатарына қосты. Алматыға көшкеннен кейін бірнеше рет баласы Сәкенді кездестірдім. Сақыбек ағай сияқты кішіпейіл, қарапайым болып өскен екен деп ой түйдім.
Өзі туған, ұзақ жыл еңбек еткен елі, білім, тәрбие берген шәкірттері барда Сақыбек ағай ұмытылмайды. Оның есімі мәңгі сақталады.
Биыл Сақыбек Молдабекұлы Алданазаровтың туғанына 90 жыл, дүниеден өткеніне 20 жыл толды Осыған байланысты артында қалған ұрпақтары еске алу шараларын өткізбекші. Бұл әрине тәрбиелік мәні бар құптарлық іс. Бүкіл саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаздың туған ауданында есімін ұлықтап, мәңгіге қалдыру жөнінде мәселе шешілсе, мыңдаған шәкірттерге терең білім, сапалы тәрбие берген, бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының өсіп-өркендеуіне өз кезеңінде қомақты үлес қосқан ардақты ұстазға деген үлкен құрмет болар еді.

Алмагүл БОЖАНОВА,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
19 қазан 2019 ж. 551 0